Алматы облысының орталығында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде бірқатар шаралар қолға алынған. Соның бірі — қоқыс үйінділерін заңсыз жерге тастаған, абаттандыру ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту.
Қала аумағында, табиғат аясында тазалық сақтау қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүріп жатқанымен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті бұзатындардың саны азаймай тұр.
«Мәселен, 21-27 сәуір аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, 47 хаттама толтырылып, 1 млн 848 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сай, 111 хаттама толтырылды. Оның ішінде 20 хаттамамен 1 млн 730 мың теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұл сомасы 3 млн. 578 мың теңгені құрады», — деп жазды полиция басқармасы.
Қонаев қаласының әкімдігі мен полиция басқармасы тазалық ережелерін қатаң сақтауға шақырады.