Қарағандыда адам өмірі араша түскен сәт тіркелді. 5 маусым күні Тәттімбет көшесіндегі көпқабатты үйдің 9-қабатында ер адам балконнан секіруге әрекеттенген. Арқанға ілініп тұрған азаматты көрген тұрғындар жедел түрде полиция мен құтқару қызметіне хабар берген.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мен құтқарушылар шұғыл шешім қабылдап, әр секундты тиімді пайдалануға тырысқан. Полиция капитаны Адлет Әмірбеков ер адаммен сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқан сәтте, құтқарушылар есікті ашып, ер адамды ішке тартып үлгерген.
Қазіргі таңда 39 жастағы азамат медициналық бақылауға алынды. Дәрігерлер мен психологтар оның бұл әрекетке не себепті барғанын анықтауда.
Полицейлердің жедел шешімі мен кәсібилігі адам өмірін аман сақтап қалды.