Жетісу облысында улы өрмекші — қарақұр шағу деректері көбейіп отыр. Биылғы маусым басталғалы бері 21 жағдай тіркелген. Бұл туралы өңірдің денсаулық сақтау басқармасы Sona.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде хабарлады.
Зардап шеккендердің ішінде 7 бала бар. Басқарманың мәліметінше, қарақұр шағу оқиғалары облыстың алты ауданында орын алған:
• Ақсу ауданы — 6 жағдай (оның ішінде 2 бала),
• Талдықорған қаласы — 4 жағдай (1 бала),
• Кербұлақ ауданы — 4 жағдай (1 бала),
• Көксу ауданы — 3 жағдай (1 бала),
• Қаратал ауданы — 2 жағдай (1 бала),
• Сарқан ауданы — 2 жағдай (1 бала).
Алдын алу және дайындық шаралары:
Басқарманың ақпаратына сәйкес, облыстағы медицина мекемелерінде қарақұр уына қарсы 40 ампула сарысу бар.
Алдын алу жұмыстары аясында:
• БАҚ, мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен жергілікті әкімдіктер арқылы ақпараттық түсіндіру науқаны жүргізілуде;
• сақтық шаралары мен алғашқы көмек бойынша нұсқаулықтар таратылып жатыр;
• мектептерде, балабақшаларда, емханалар мен ауылдық округтерде түсіндіру дәрістері өткізілуде.
Мамандар ескертеді:
Ауылдық жерде тұратын тұрғындарға терезе мен есікке маса торларын орнатуға, аула, шатыр, сарай мен жертөле секілді аумақтарды үнемі тазалап отыруға кеңес беріледі.
Дәрігерлер қарақұр шағуының алғашқы белгілері — күйіп ашу, ауырсыну, бас айналу, дене қызуының көтерілуі байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Кешігу денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.









