Қостанай облысында лицензиясыз жұмыс істеген сұлулық салоны сот шешімімен клиентке 1,2 миллион теңге қайтарып берді, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қостанай тұрғыны биыл жазда консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет алу үшін салонға 1 200 000 теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижеге қол жеткізбегендіктен, ол келісімді бұзып, ақшаны толық қайтаруды талап еткен. Салон оның талап-арызына жауап бермеген соң, азаматша Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне шағымданған.
Тексеру нәтижесінде департамент салонды әкімшілік жауапкершілікке тартып, келісімшарттан тұтынушылардың құқығын шектейтін талаптарды, оның ішінде қаражатты қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берген. Әйелге сотқа жүгіну ұсынылған.
Сот салонның медициналық қызметтер қатарына жататын дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгенін анықтады. Осыған байланысты сұлулық салоны тұтынушыға ақшасын толық қайтаруға міндеттелді.
Министрлікке биылдың басынан бері 1452 өтініш түскен. 360 азамат мамандардан жеке қабылдауда кеңес алған. Тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемі 62,7 млн теңгеден асты.
Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеріс жүргізіліп, жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту берілген, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынған.









