Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия Республикасы арасында Еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinforn-ға сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, тауар номенклатурасының 90 пайыздан астамы бойынша бажсыз сауда режимі енгізіледі. Кейбір сезімтал тауарлар үшін импорттық кедендік баждарды кезең-кезеңімен төмендету қарастырылған, өтпелі кезең үш жылдан 15 жылға дейін созылады.
Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО елдерінің Индонезия нарығындағы орташа кедендік баж мөлшерлемесі 10,2 пайыздан 2 пайызға дейін төмендейді.
Министрліктің мәліметінше, бұл қадам қазақстандық ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің Индонезия нарығына шығуына қолайлы жағдай жасайды.
Келісімде сауда қорғаныс шаралары, тауарлардың шығу тегі, кедендік ынтымақтастық, техникалық және санитарлық талаптар, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ электронды сауда және экономикалық әріптестік мәселелері қамтылған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 300,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға жоғары. Қазақстаннан экспорт 26,8 пайызға өсіп, 120,8 млн долларды құраса, импорт көлемі 6 пайызға төмендеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдері арасындағы саудада әкімшілік кедергілерді толық жою қажеттігін атап өткен болатын.









