Хасан Қасымбаев пен осы іс бойынша сотталған өзге де тұлғалардың апелляциялық шағымдары Алматы облыстық сотына түсті. Бұл туралы Суд кабинеті порталында жарияланды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, іс материалдары 2026 жылғы 13 қаңтарда судьяның өндірісіне берілген. Осылайша, қорғау тарапы бірінші сатыдағы сот үкімін қайта қарауды көздеп отыр.
Бірінші сатыдағы сот үкімі
11 қарашада сот Хасан Қасымбаевты:
•адам ұрлау;
•қасақана ауыр дене жарақатын келтіру;
•бопсалау
баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Қылмыстар жиынтығы бойынша ол 12 жылға бас бостандығынан айырылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеуге үкім етілді.
Бұл іс бойынша тағы бес адам сотталған:
•Руслан Алиев — 8 жыл;
•Сайлау Актанов — 8,5 жыл;
•Мадияр Қалымжанов — 9,5 жыл;
•Данияр Аскаров — 8 жыл;
•Нұрмұхамет Сұлтанбеков — 22 жыл.
Соңғы сөзінде Хасан Қасымбаев өз кінәсін мойындамай, істің қолдан жасалғанын мәлімдеген. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тапты.
Айыптың мән-жайы
Айыптау тарапы Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021 жылдың жазында Талғар қаласында айыпталушылар аралас жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Алимовты соққыға жығып, Кендала ауылының сырт жағына алып кеткен.
Қақтығысқа Алимовтың «Қасымбаев маған бедел емес» деген сөзі себеп болғаны айтылды.
Сонымен қатар, іс материалдарында кәсіпкер Арипжан Тажиевтен ақша бопсалау дерегі бар. Айыпталушылар оның дәріханасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін 1 миллион теңге талап еткен.
Істің қайта қаралуы
2021 жылы бұл іс бойынша үш адам «Бұзақылық» бабы бойынша сотталған. Кейін тергеу қайта жанданып, айыпталушылар саны артты.
2024 жылы бес адамға үкім шығарылды. Ал сол жылдың қарашасында іс жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралып, алтыншы айыпталушы ретінде Хасан Қасымбаев іске тартылды.









