Қазақстанда халықты ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткені мәлімделді. Бұл туралы сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша өткен кеңесте өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нагаспаев айтты, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық көлемде орындалған.
«Бүгінде еліміздегі 90 қала мен 6 087 ауылдық елді мекен, жалпы саны 7,5 миллион адам 100 пайыз ауызсумен қамтылды», — деді ол.
Өңірлерден түскен шағымдар
Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов ресми мәліметке қарамастан, тұрғындардан шағымдар әлі де көптеп түсіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, азаматтар:
•ауызсудың сапасына;
•судың жиі өшуіне;
•желілердің тозуына;
•жөндеу жұмыстарының кешігуіне шағымдануда.
Жуырда Орал мен Теміртау қалаларының тұрғындарынан су сапасына қатысты шағымдар тіркелгені де атап өтілді.
Үкімет дерегіне сәйкес, өткен жылы су мәселесіне байланысты мемлекеттік органдарға шамамен 70 мың өтініш түскен.
Акиматтар мен мердігерлерге талап күшейтіледі
Премьер-министр бұл жағдай өңірлердегі акиматтардың мердігер ұйымдармен жұмысын жеткілікті деңгейде ұйымдастырмай отырғанын көрсететінін айтты.
Оның пікірінше, жаңа су желілерін күтіп-ұстау, пайдалану және су сапасына қойылатын талаптар толық сақталмай отыр.
Олжас Бектенов акиматтарға:
•әрбір шағымды жеке қарауды;
•адал емес ұйымдарға қатаң шара қолдануды;
•су инфрақұрылымына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Су тапшылығы қаупі
Сонымен қатар Үкімет басшысы 2026 жылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы туындау қаупін атап өтті. Болжам бойынша, тапшылық көлемі 1 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін.
Осыған байланысты:
•су үнемдеу технологияларын жедел енгізу;
•ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану;
•су саласын цифрландыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Контекст
Бұған дейін Олжас Бектенов 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100 пайыз қамту мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі екенін мәлімдеген болатын.









