Республикалық референдум барысында еліміздің өңірлерінде ерекше оқиғалар тіркеліп жатыр. Ақмола облысында екі азамат сайлау учаскесіне ұлттық мақтаныштарымыз — бүркіт пен тазыны ертіп келді. Дауыс берушілердің бірі қолына қыран құсын қондырып келсе, екіншісі қазақтың қасиетті жеті қазынасының бірі тазы итімен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Бұл көрініс қатысушылардың рухын көтеріп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне Қыдыр ата бейнесіндегі ақсақал келді. Ол дауыс беруге жиналған жұртшылыққа ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі. Бата беріп болған соң, Қыдыр ата өз бюллетенін сайлау жәшігіне салып, азаматтық борышын өтеді. Мұндай ерекше сәттер биылғы референдумның халықтық сипатын және дәстүрге деген құрметті айқындай түсті.









