Республикалық референдумның алдын ала нәтижелері елдегі реформаларға деген халықтың зор сенімін көрсетті. Қоғамдық саясат институты жүргізген Exit-poll қорытындысы бойынша, дауыс берушілердің 88,6 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Жалпы келу көрсеткіші 72,1 пайызды құрады.
Осы тарихи сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа орталығына» барып, үгіт-насихат жұмыстарына белсене атсалысқан жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Президент бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынға ризашылығын білдірді.
Кездесуде «Жастар рухы» ұйымының төрайымы Ақерке Ескендірова, кәсіпкер Камиль Байрамов және басқа да белсенділер сөз сөйледі. Жастар бір айдың ішінде 1,5 миллионнан астам азаматты қамтыған 5 мыңға жуық іс-шара өткізгендерін жеткізді. Олар жаңа Конституцияның заң мен тәртіпті нығайтудағы рөлін жоғары бағалап, Президент бастамаларына толық қолдау білдіретіндерін растады.








