Қарағанды облысында ғимарат қаптамасының құлауы салдарынан баланың жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sona.kz Qumash-қа сілтеме жасап.
Оқиға Ботақара кентінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті мәдениет үйінің шатырынан қаптама кірпіші құлап, үш жастағы балаға тиген.
Салдарынан бала дене жарақатын алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы — «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайын анықтау, сондай-ақ ғимараттың техникалық жағдайын бағалау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.
Полицияда тергеу нәтижесі бойынша жауапты тұлғалар анықталып, заңға сәйкес процессуалдық шешімдер қабылданатынын атап өтті.
Оқиғаның себептері мен баланың жағдайы бойынша қосымша ақпарат нақтылануда.









