Ақтөбе облысындағы Дон тау-кен байыту комбинатының шахтасында тау жынысы опырылып, 2002 жылы туған кенші қаза тапты. Оқиға 20 қазанда болған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB NEWS-қа сілтеме жасап.
Компанияның хабарлауынша, жұмысшы шахтада қорғаныш бекітпесін орнатумен айналысқан. Жұмыс барысында тау жынысы опырылып, үңгілеуші оның астында қалған. Оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Кәсіпорын өкілдері болған жағдай туралы мемлекеттік органдарға хабарлаған. Қазір мамандар оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр. Опырылуға не түрткі болғаны туралы қорытынды әзірге жарияланған жоқ.
«Қазхром» басшылығы қаза тапқан қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қажетті көмек көрсететінін мәлімдеді.




