Павлодар — Кенжекөл автожолында болған жаппай жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тауып, тағы жеті адам жарақат алды. Апатқа төрт автомобиль түскен.
Шақырту 17 қыркүйекте сағат 22:05-те түскен. Алты минуттан кейін оқиға орнына төрт жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жеткен.
Жол апатына УАЗ Патриот, Audi 100, BMW және Lada Priora көліктері қатысқан.
Дәрігерлер 1977 жылы туған ер адамның қайтыс болғанын анықтады. 2003, 2004 және 2006 жылдары туған тағы жеті адам түрлі жарақаттармен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілген.
Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, үш науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екі адам политравма және травматология бөлімдеріне жатқызылған. Бір зардап шегуші тексеруден кейін амбулаториялық емге жіберілді. Тағы бір адамның жағдайы туралы бөлек ақпарат берілген жоқ.
Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Павлодар облысының Полиция департаменті оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатынын хабарлады.




