Қазақстанда 30 қыркүйектен бастап онлайн берілетін кепілсіз тұтынушылық несиелер үшін «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа талап азаматтарға несие алу туралы шешімді қайта ойлануға уақыт беріп, алаяқтық схемаларға тартылу қаупін азайтуға арналған.
Егер банктік онлайн несие сомасы 589 800 теңгеден 1 002 660 теңгеге дейін болса, ақша кемінде 8 сағаттан кейін ғана беріледі.
Ал 1 002 660 теңгеден жоғары банктік несие және 294 900 теңгеден жоғары микрокредит бойынша күту мерзімі кемінде 24 сағат болады.
Осы уақыт өткеннен кейін банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының несиені алуға келісімін қайта алуы тиіс. Тек содан кейін ғана ақша аударылады.
Егер азамат осы аралықта шешімін өзгертсе, несие шарты жойылып, қаражат берілмейді.
Жаңа талап бір күн ішінде бірнеше несие рәсімделіп, олардың жалпы сомасы белгіленген шектен асқан жағдайда да қолданылады.
«Шешім қабылдау кезеңі» тауарлық кредиттерге, ішкі қайта қаржыландыруға және төлем картасы бойынша 150 АЕК-ке дейінгі лимит шеңберіндегі қарыздарға қолданылмайды.
Егер азаматқа ақша шұғыл қажет болса, ол банк немесе микроқаржы ұйымының бөлімшесіне жеке барып, бұл күту кезеңінсіз несие рәсімдей алады.




