Ақтөбеде дүңгіршек пен шайхана өртенді: құтқарушылар үш баллонды алып шықты
Ақтөбеде аялдамаға жапсарлас салынған дүңгіршек пен шайханадан өрт шықты. Құтқарушылар қауіпті аймақтан үш баллонды алып шығып, ықтимал жарылыс қаупінің алдын алды.
Sona.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, оқиға Жүргенов көшесінде болған.
Өрт туралы хабарлама 112 қызметіне түскен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер аялдама павильонына жапсарлас орналасқан дүңгіршек пен шайхананың жанып жатқанын анықтады.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар қауіпті аймақтан көлемі 20 және 30 литр болатын екі тұрмыстық газ баллонын және бір оттегі баллонын алып шыққан.
Осылайша баллондардың жоғары температура әсерінен жарылу қаупі азайтылды.
Өрт толық сөндірілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себебі әзірге хабарланған жоқ.




