Қазақстанда МӘМС жоқ азаматтарға бірқатар медициналық тексеруден тегін өтуге рұқсат берілуі мүмкін
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтер тізімін кеңейту ұсынылды.
Sona.kz Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрлігі емханаға алғаш жүгінген кезде бірқатар тексеруден сақтандыру мәртебесіне қарамастан өтуге мүмкіндік беретін өзгерістер жобасын әзірледі.
Ұсынысқа сәйкес, МӘМС жоқ азаматтар жалпы қан және зәр талдауын тапсырып, қан қысымын өлшете алады. Сондай-ақ электрокардиографиядан (ЭКГ) және флюорографиядан өту қарастырылған.
Бұдан бөлек, қандағы оттегі деңгейін анықтау, құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректі ультрадыбыстық зерттеу және басқа да кейбір диагностикалық қызметтер ұсынылған тізімге енгізілген.
Бұл қызметтер азамат медициналық көмекке алғаш жүгінген кезде қолжетімді болуы мүмкін. Оларды көрсету тәртібі тиісті ережелер бекітілгеннен кейін нақтыланады.
Жаңа талаптарды 2027 жылғы қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Алайда әзірге бұл тек Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Құжат жобасы 23 қазанға дейін қоғамдық талқылауда болады.




