Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Бельгия королі Филипп және патшайым Матильдамен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл бельгиялық монархтардың Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарды қарсы алып, олардың сапарын екі ел арасындағы қарым-қатынастар үшін тарихи оқиға деп бағалады.
Тоқаев Бельгия королі Филипптің елдің дамуына, қоғам бірлігін нығайтуға, кәсіпкерлік пен инновацияларды қолдауға қосқан үлесін атап өтті.
Сондай-ақ патшайым Матильданың балаларды қорғау, білім беру және адам қадір-қасиетін сақтау бағытындағы қызметіне жоғары баға берді.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Президент екі елдің бірлесіп жұмыс істеуіне әлеуеті жоғары бірнеше саланы атады.
Олардың қатарында көлік және логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект бар.
Мемлекет басшысы қоғамдағы өзара түсіністік пен бірліктің маңызына да тоқталды.
Ол Қазақстанның да әртүрлілік жағдайында қоғамдық келісімді сақтауға ерекше мән беретінін атап өтті.
Бельгия королі мен патшайымының сапары Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азия өңіріне жасалған алғашқы мемлекеттік сапар ретінде атап өтілді.




