Қызылордада баласын арбаға салып келе жатқан әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні іздеу жалғасып жатыр. Жол апатынан бес айлық нәресте қаза тапты. Оның 26 жастағы анасы ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
Оқиға 13 қазанда сағат 17:10 шамасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі кішкентай баласымен жүрген әйелді қағып, тоқтамастан кетіп қалған.
Анасы мен баласы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қала алмады.
Әйел әлі есін жиған жоқ
Туыстарының айтуынша, 26 жастағы әйел әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр.
Оның бірнеше жері жарақаттанған. Атап айтқанда, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған.
Жақындарының мәліметінше, әйелге бірнеше операция жасау қажет.
Полиция күдіктіні іздеп жатыр
Қызылорда облысының Полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.
«Күдіктінің жеке басы анықталды. Оның жүрген жерін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қызылорда қаласынан шығатын жолдарда бақылау күшейтілді», — деп мәлімдеді полиция.
Соңғы жарияланған мәлімет бойынша, жүргізушіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаза тапқан баланың және зардап шеккен әйелдің туыстары күдікті Қазақстаннан шығып кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Материал жарияланған сәтте оның ұсталғаны туралы ресми ақпарат түскен жоқ.




