Таразда мектептегі төбелес кезінде басқа оқушының көзіне ауыр жарақат келтірген жасөспірім жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Sona.kz «Криминальный Казахстан» Telegram арнасы хабарлады.
Оқиға сәуір айында қаладағы гимназиялардың бірінде болған. Жанжал тоғызыншы және оныншы сынып оқушылары арасында туындап, киім ауыстыратын бөлмедегі төбелеске ұласқан.
Сот мәліметінше, жәбірленушінің сол жақ көзіне жұдырықпен соққы жасалған. Ауыр жарақат салдарынан ол сол көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан.
Жасөспірім осы уақытқа дейін жеті операциядан өткен. Анасының айтуынша, қазір екінші көзінің де көруі нашарлап барады. Ол оқиғаға бірнеше жасөспірім қатысқанын айтып, қалғандарын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Тергеу кезінде үйқамақта болған жасөспірім үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынған.
Жәбірленушінің анасы апелляциялық шағым беруге ниетті. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.




