Қарағанды облысының Абай қаласында пышақ жарақатын алған 28 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді. Оған шабуыл жасады деген күдікпен 34 жастағы күйеуі ұсталды, деп хабарлайды SONA.KZ облыстық полиция департаментінің мәліметін жариялаған NUR.KZ басылымына сілтеме жасап.
Полицияға оқиға туралы 6 қарашада жедел жәрдем диспетчері хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жанжал кезінде жұбайын пышақпен жаралаған.
Әлеуметтік желіде әйелге 26 жерден пышақ жарақаты салынғаны туралы ақпарат тарады. Қарағанды облысының полиция департаменті Halyqstan тілшісіне берген түсініктемесінде бұл мәліметті жоққа шығарды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.



