Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкен үшін төлем қабылдап, ақша аударған деген күдікке ілінген топтың әрекеті тоқтатылды. Аударымдардың жалпы сомасы 918 мың USDT-ден асқан, деп хабарлайды SONA.KZ ҚМА — не сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын ұйымдастырып, оның жұмысына тағы жеті адамды тартқан. Олар міндеттерді бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысымдарда төлемдерді тәулік бойы өңдеген.
Схема қалай жұмыс істеген?
Тергеу нұсқасы бойынша, интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды тапсырыстың ақысын төлеу үшін осы айырбастау тобына бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін клиенттерге есірткі жасырылған орындардың мекенжайы хабарланған.
Айырбастау тобы арқылы күніне 50-ден 70-ке дейін операция жүргізілген. ҚМА дерегінше, ақша қабылдау үшін үшінші тұлғалардың атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған.
Кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі бизнесінің кураторларына тиесілі деп болжанған әмияндарға аударылған. Агенттіктің бағалауынша, жалпы аударым сомасы 400 млн теңгеден асады.
Схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.




