Атырауда 30 қазанда экстремистік қызметке, терроризмді насихаттауға және діни алауыздықты қоздыруға қатысы бар деген күдікпен он адам ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҰҚК- не сілтеме жасап.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, операцияны прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жүргізген.
Тергеу нұсқасы бойынша, топ мүшелері Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді жоспарлаған.
Хабарламада тінту кезінде атыс қаруы, есірткі, діни әдебиеттер және тергеу үшін маңызы бар өзге де заттар тәркіленгені айтылған.
Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығының қызметі тоқтатылғаны хабарланды. Ұсталғандардың кейбірі бұған дейін терроризмге байланысты және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған.




