Қазақстандық Алиджи Афаров Қырғызстанда карьер сатып алу кезінде 200 мың доллардан астам қаражатынан айырылғанын айтты. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ішкі істер министрлігіне оның арызын қабылдап, істің мән-жайын анықтауды және ақшасын қайтаруға көмектесуді тапсырды. Бұл туралы SONA.KZ Kaktus Media-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Афаров 7 қарашада Шу облысының тұрғындарымен кездесуде президентке жүгінген. Оның айтуынша, Қант қаласының маңынан сатып алған карьер кейін басқа адамдардың қолына өткен. Афаров олар карьерді алдау жолымен иемденген деп есептейді.
Афаров мәмілеге қатысқан адамдардың бірі өзін Қырғызстан президентінің жиені деп таныстырғанын айтты. Жапаров әлгі адамның шынымен туысы екенін сұрады. Қазақстандық кейін оның президентке туыстық қатысы жоқ екені анықталғанын жеткізді.
Жапаров министрлікке кездесуден кейін бірден арызды қабылдауды тапсырды. Афаров атаған адамдардың ұсталмағанын естіген соң, президент оларды ұстауды және қаражатты қайтаруды тапсырды.




