Абай облысының Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіру тоқтатылды. Тергеу дерегінше, бір топ адам Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде рұқсатсыз кен қазған, деп хабарлайды SONA.KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Кен қазылған жерден не табылды?
ҚМА қызметкерлері учаскені қарап, тереңдігі 15 метр болатын карьерді анықтады. Агенттік мәліметінше, құрамында алтын бар кенді ашық әдіспен қазып, арнайы жабдықпен шайған. Соның салдарынан 4 мың шаршы метрден астам аумақтың құнарлы топырақ қабаты бүлінген. 
Тергеу туралы не белгілі?
Оқиға орнынан кенді ұсатуға және шаюға арналған жабдық, құрамында алтын бар жеті қап материал, екі металл іздегіш, екі тиегіш және бір экскаватор алынды.
ҚМА іске қатысы бар тоғыз адамды анықтағанын хабарлады. Агенттік олардың ұсталған-ұсталмағанын және қанша алтын өндірілгенін нақтыламады. Тергеу жалғасып жатыр.




