9 қарашадан бастап Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ЖСН-ді QazETA қосымшасы арқылы ала алады. Ішкі істер министрлігі бұл қызметті пилоттық жоба аясында іске қосты. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Өтініш берілген күн бұл мерзімге кірмейді, деп хабарлайды SONA.KZ Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Өтініш қалай беріледі?
Алдымен QazETA қосымшасына тіркелу немесе бұрын ашылған аккаунтқа кіру керек. Содан кейін өтініш беруші дербес деректерін өңдеуге келісім беріп, жеке басын куәландыратын құжатты суретке түсіреді. Қосымша камера арқылы биометриялық тексеруден өтуді және тұрған жерін растауды сұрайды. Өтінішті жібермес бұрын жүйе автоматты түрде толтырған мәліметтерді тексеріп, қажет болса толықтыруға болады.
ЖСН берер алдында нені тексереді?
Алдымен «Бүркіт» жүйесі өтініш берушінің Қазақстанға кірген-кірмегенін тексереді. Елге кіргені расталса, ІІМ өтініштегі мәліметтерді құжатпен салыстырып, бұл адамға бұрын ЖСН берілген-берілмегенін анықтайды. Бұрын берілген ЖСН-ге қатысты деректерді түзетуге де қосымша арқылы өтініш беруге болады.
Нәтижені қайдан көруге болады?
Өтініштің мәртебесі QazETA қосымшасындағы MAQ көші-қон қызметтері платформасында көрсетіледі. ЖСН берілсе, нөмір сол жерде шығады. Тіркеу куәлігін де қосымшадан жүктеп алуға болады.




