Оқиға 22 қараша күні кешке Ақкөл ауылында болды. Зардап шеккен ер адам Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылды.
Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Ақкөл ауылында ата-анасына қонаққа келген ер адамға қасқыр шабуылдады. Зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды SONA.KZ HALYQSTAN басылымының мәліметіне сүйеніп.
Оқиға қалай болды?
HALYQSTAN мәліметінше, ер адам кешкісін ата-анасының үйінен шығып, таныстарына бара жатқан. Жарық түспейтін жол бөлігінде қасқыр тап беріп, оның қолынан қапқан. Ер адам жарық жанып тұрған үйлерге қарай жүгіргенде де қасқыр қолын жібермеген. Айқайды естіген көршілер сыртқа шыққан. Ауыл тұрғындарының бірі қасқырды атып өлтірген.
Зардап шеккен адамның жағдайы қандай?
Жедел жәрдем бригадасы жарақат алған ер адамды алдымен аудандық ауруханаға жеткізді. Кейін 1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылды. Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы «Наша Газета» басылымына оның жағдайы орташа ауыр екенін хабарлады. Науқас дәрігерлердің бақылауында, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақкөл тұрғындары HALYQSTAN арнасына жабайы аңдардың, әсіресе қыста, қорек іздеп ауылға кіретінін айтқан. Ауыл тұрғындары осы оқиғадан кейін қауіпсіздігіне алаңдап отыр.




