Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қалалық жағажайларды аралап шықты. Барысында тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары күшейтілуі қажет екенін атап өтті.
«Қапшағай су қоймасына батып кетіп жатқандардың саны көбейді. Бұл – алаңдатарлық жайт. Сол себепті, сақтық шараларын күшейтуіміз қажет. Туристік нысандар мен қалалық жағажайлардағы жағдай үнемі бақылауда болуы тиіс. Күніне кезекшілікке шыққан ТЖБ-ның 100 маманы өз ісіне мұқиятпен, іждағаттылықпен қарауы керек», – деді Асхат Бердіханов.
Сондай-ақ ол барлық демалыс орындарында құтқарушылар қызмет етуі қажеттілігін айтты. Олай болмаған жағдайда кәсіпкер заң аясында жауапкершілікке тартылады.
«Демалушылар суда жүзу ережелерін сақтаса игі. Кейбірі мас күйінде, кейбірі жүзе алмаса да, тыйым салынған аймаққа қарай беттеп кетеді. Оларға көмектесу – міндетіміз. Су көліктерін пайдалануда да аса сақ болған жөн. Түсіндірме жұмыстарын да жиі жүргізу керек», – деді әкім.
Бұдан кейін ол күрделі жөндеуден өтіп жатқан №4 мектепке барды. Қазіргі таңда мердігер компанияның ісі сотта қаралуда.
Сонымен қатар шаһар басшысы «Барыс» ескерткіші орнатылған аумақты көріп қайтты. Шіліңгір шілдеде күнге күйген газонды қалпына келтіру туралы тапсырма берді.