Көксу аудандық орталық ауруханасының медбикесі Баян Садықова Жұмақанқызы науқастардың атына несие рәсімдеген. Алайда, бұл әрекет әшкере болған соң, медбикені бірден жұмыстан шығарып жіберген. Бір айта кетерлігі, ол бұған дейін де дәл осындай әрекеті үшін істі болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.
Ең қызығы, медбике Баян Садықова зейнет жасындағы қарттарды тақырға отырғызып кеткен. Зардап шегушінің бірі: «Өзім ауырып, химия алып жүргем. Ауруханада бізге қараған медбикеге сеніп, алданып қалдық. Home bank-тен атымыздан несие алып, тығырыққа тіреп кетті. Біздің ЖСН нөмір, аты-жөніміз туралы толық мәлімет қолында болған соң, осылай істеп отыр. Бізге екі айдан кейін төлем туралы түбіртек келіп тұр. Алатын зейнетақым – 40 мың теңге. Оның көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Банктен қайта-қайта хабарласып, маза бермейді. Ол аздай, картаны бұғаттап тастады. Зейнетақы алмағанымызға үш ай болды. Бұл хабарды естіп, аурумызға ауру жамап алдық», – дейді.
Ал тағы бір алданған кісі: «Балпық би ауылындағы зейнеткерлер мен балаларға осы медбикені бөліп қойған. Алданған, опық жеген адамның бәрі – қарт мүгедектер. Мен де. Әрқайсымыздың үйімізге келіп, дәрігер тіркелмегендерді тексеруге жіберді.
Сондықтан тегін дәрі алу үшін сізді суретке түсіріп, құжаттарыңызды алуым керек. Ауырып қалған жағдайда сіздерге өзім қараймын деп, аты-жөнін айтты. 2023 жылы екі рет, 2024 жылы тағы келді. Біз оның бұл әрекетін екі айдан кейін ғана біліп отырмыз. Менің атымнан 500 мың теңге несие рәсімдеген. Үстіне қосылғанымен 678 мың қайтаруым керек екен.
Ол бұрын екі рет сотталған екен, осымен үшінші рет қылмыстық іске тартылды. Алданған бәрімізден жауап алынды. 6 қазақ күні сот шешімі шықты. Оны үйқамақта ғана болуын талап етті. Ол неге бостандықта жүруі керек? Неге қамауға алынбайды? Бізге осы сұрақ маңызды», – дейді зейнеткер.
«Менің атымнан несиені 16 сәуірде алыпты. Тамыз айында құқық қорғау мекемесінен өкіл келіп, «Несие алдыңыз ба?» деп сұрады. «Онда сіздің және жұбайыңыздың атынан Баян Садықова 1 млн теңге несие рәсімдеген» деп тұр. Дереу бірге еріп, Home bank-ке баруымызды сұрады» десе, тағы бір қарт: «Атымнан 1 млн теңге рәсімдепті. 70-ке келгенше несие дегенге жолаған жоқпын. Ешбір құжатқа қол қойған жоқпыз. Бірақ суретке түсіріп алатын», – дейді келесі бір алданған қария.
Қысқасы, алданып, несие қарызына батқан он шақты зейнеткер сот үкімімен де, Home bank шешімімен де келіспейді. Себебі, банк: «Біздің қызметкерлер жауапкершілік алмайды. Өз еріктеріңізбен суретке түсіп, құжат беріп, қол қойғансыздар» деген уәжді алға тартқан. Ол ол ма, сот Баян Садықованы үйқамаққа жіберіп және несие берешегін зейнеткерлердің өздері төлейтін болған.
Сот шешімінде: «Жәбірленушілер Б.К.Терликбаеваның, Ғ.Жолаушыбайдың, Т.Раушанның, К.Жұмажанның, К.Кыдырбекованың, М.Қаташтың, М.Конкышевтің. К.Бахияның азаматтық талаптары қанағаттандырылсын. Сотталған Баян Садықова жәбірленушілер пайдасына келтірілген материалдық шығын өндірілсін. Садықоваға азаматтық талап қою бойынша ерікті түрде орындау мерзімі үкім заңды күшіне енген соң бір ай деп белгіленсін. Үкімде көрсетілген мерзім өткен соң сот актісі азаматтық талабы бөлігінде мәжбүрлі түрде орындалсын. Жәбірленушілерге өтемақы қорына, бірінші үкім бойынша өндірілген төлем есепке алына отырып, 10 АЕК мөлшерінде, яғни 36 920 теңге мәжбүрлі төлем өндірілсін» делінген.
Алайда, Баян Садықоваға қатысты «ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық қолхаты» түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заң күшіне енген кезінен жойылатыны айтылған. Демек, бұған дейін екі мәрте сотталып, бостандықта тайраңдап жүрген медбике үшінші рет те оңай құтылатын сияқты. Ал зейнетақысы дәрі-дәрмегінен аспайтын мүгедек қарттардың ендігі жағдайы не болмақ? Енді олар облыстық сотқа шағымдануға дайын.