Автор: Дана Альсеитова

  • Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгер Наргиза Низамединова басты сәтті көзімен көргенін айтты. Оның сөзінше, сол түні балконнан қызыл кепка киген, арық жігіттің Шерзатқа бірнеше рет пышақпен соққы жасағанын көрген.

    «Анасының «балам!» деген жан дауысынан оянып, балконға шықтым. Шерзатқа қарай бірнеше жігіт жүгіріп барып жабылды. Сол сәтте пышақ ұрған адамды анық көрдім», — деді ол.

  • «Қару ұстадым, бірақ ешкімге қол көтермедім»: Азамат Тоқтаубаев сотта мәлімдеме жасады

    «Қару ұстадым, бірақ ешкімге қол көтермедім»: Азамат Тоқтаубаев сотта мәлімдеме жасады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта екінші айыпталушы Азамат Тоқтаубаев жауап берді. Ол төбелеске дайындалмағанын, ешкімді ұрмағанын және қаруды тек Нұрқияс Ілиясов берген соң алып кеткенін айтты.

    Айтуынша, оқиға күні түнде ағасы Нұрболдың жараланғаны туралы хабар алып, мән-жайды анықтамақ болған. Қарулы жанжалдың куәсі болғанын, мылтықпен алғаш рет Ғайыпбаев оқ атқанын айтты.

    «Мені де, ағамды да ешкім ұрмады. Қаруды тек жолай қолыма берді, ешкімге қарсы қолданған жоқпын. Қаруды көлікке салып, сол жерден кетіп қалдық», — деді ол.

    Сотта ол ешқандай пышақ ұстамағанын, дүкенге алғаш рет барғанын және жанжал кезінде бейтарап әрекет еткенін айтты.

  • Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотта жауап бере бастады. Ол бұрынғы түсініктемелерінен бас тартып, тергеушілер қысым көрсеткенін айтты. Алайда жауаптары сәйкессіз шықты.

    Судья оны Ғайыпбаевты ұрғаны үшін сұраққа тартқанда, Тоқтаубаев “дұрыс деп санаймын, ол бізге мылтық атты” деді. Судья:
    — Сонда полиция сізді ұрса — дұрыс емес, ал сіз біреуді тепсеңіз — дұрыс па?
    — Олар аяусыз ұрды, — деді ол.
    Судья:
    — Сонда сіз аяушылықпен тептіңіз бе?
    Тоқтаубаев жауап бере алмады.

    Бұған дейін ол «хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым» деген. Судьяның сұрақтары оның жауаптарындағы қарама-қайшылықты ашып берді.

  • «Тергеушілер ұрды»: Шерзат ісінде Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді

    «Тергеушілер ұрды»: Шерзат ісінде Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезіндегі жауабынан бас тартты. Ол өзіне және інісіне қысым көрсетіліп, тергеушілер ұрып-соққанын айтты.

    Оқиға кезінде досы Дархан Әскентай көмек сұрап шақырғанын, дүкенге барғанда сатушымен ақша үшін сөзге келгенін, кейін жанжал өршігенін жеткізді. Айтуынша, Қаржаубай Нұрымов екі рет пышақпен оқталған. Ал дүкенге қайта оралғанда, қарсы тарап шабуылдаған.

    Тоқтаубаев төбелеске қатысқанын, Ғайыпбаевты бір-екі рет тепкенін мойындады. Сондай-ақ, мылтықпен алғашқы болып Ғайыпбаев оқ атқанын айтты. Інісі Азаматты өзі шақырғанын растады.

    Сотта ол тергеу кезінде құқықтары түсіндірілмегенін, адвокатсыз жауап алғанын мәлімдеп, бұрынғы жауабынан толық бас тартты. Адвокаты азаптау туралы арызға жауап болмағанын айтса, прокурор келесі отырысқа дейін құжат ұсынуға уәде берді.

  • Шерзат Полат ісі: Сот блогерлер мен желідегілерге үндеу жасады

    Шерзат Полат ісі: Сот блогерлер мен желідегілерге үндеу жасады

    Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда. Судья Ержан Жанұзақов әлеуметтік желі қолданушылары мен блогерлерге ескерту жасады.

    Оның айтуынша, тергеу мен сот процесіне баға беру, жеке пікір тарату — сотқа қысым жасау деп бағалануы мүмкін.

    «Сот төрелігін тек сот жүзеге асырады. Соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және бұл заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады», — деді судья.

    Сот процесі толық аяқталып, үкім заңды күшіне енбейінше, қандай да бір құқықтық баға беру заңсыз екенін де еске салды. Қазір сот тергеуі жүріп жатыр, шешім әлі шыққан жоқ.

  • Шерзат соты: Айыпталушы Тоқтаубаев бұған дейін де сотталған

    Шерзат соты: Айыпталушы Тоқтаубаев бұған дейін де сотталған

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұрын адамға шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталған. Ол 2024 жылғы 17 қазанда ҚК 106-бабы 2-бөлігі 7-тармағы (бұзақылық ниетпен ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша кінәлі деп танылған.

    Қайғылы оқиға кезінде Тоқтаубаев үй қамақта болған. Алғашында екі айға қамауға алынғанымен, кейін 2024 жылғы 6 ақпанда үй қамаққа ауыстырылған. Қазір ол Шерзат ісі бойынша сотталушылардың бірі.

  • Шерзат ісі: Полицей заң бұзды, сотта дау туды

    Шерзат ісі: Полицей заң бұзды, сотта дау туды

    Біріншісі – полицей Медет Әділжановтың заңсыз әрекеті. Ол ауруханада жатқан Нұрғанатты бейнежазбаға тергеу қаулысынсыз, рұқсатсыз және жеке iPhone-ымен түсірген. Медбикенің айтқанына сүйеніп палатаға кірген, дәрігерден науқастың жағдайын да сұрамаған. Жазба істі тіркеуге 11 күннен кейін енгізілген.

    Екіншісі – айыпталушы Дархан Әскентайдың бүгінгі жауабы бұрынғы нұсқамен сәйкес келмеді. Бұған дейін «Шерзат бір рет ұрды» десе, енді «кастетпен ұрып, көз сүйегімді сындырды» деді. Тергеу кезінде қысым болғанын алға тартты. Сондай-ақ, Қаржаубай екі рет пышақпен шыққанын, Нұрғанат мылтықпен оқ атқанын айтты.

    Айыптаушы прокурор мен қорғаушылар арасында дау туындады. Прокурордың эмоциялық сөзіне байланысты оны соттан шеттету туралы өтініш берілді. Судья бұл талапты қанағаттандырмады.

  • Айыпталушы Дархан Әскентай Шерзаттың кастетпен соққы жасағанын айтты

    Айыпталушы Дархан Әскентай Шерзаттың кастетпен соққы жасағанын айтты

    Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сотта айыпталушы Дархан Әскентай жауап берді. Ол Шерзаттың қолында кастет болғанын, сол арқылы ауыр соққы алғанын мәлімдеді. Бұған дейін бұл жайлы айтпаған.

    Әскентай бастапқы жауаптарына толық келіспейтінін айтып, тергеу кезінде қысым болғанын жеткізді. Оның айтуынша, оқиға болған түні дүкен алдында отырған кезде Шерзат келіп, “әкеме бірдеңе айттың ба?” деп көзінен кастетпен ұрған. Қаржаубай көзін салқын сумен жуып берген. Кейін Қаржаубай екі рет пышақпен шыққанын, ал Шерзаттың достары келген соң төбелес басталғанын айтты.

    Әскентай Нұрғанаттың қолында мылтық болғанын, ататынын айтып қорқытқанын да жеткізді. Жарақат алғанына қарамастан, жедел жәрдем шақырылмағанын, ақша толық төленбеді деп жала жабылғанын айтты.

    Сотта прокурор мен қорғаушы арасында дау туындады. Прокурор кастет туралы ақпарат тергеуде мүлде айтылмағанын алға тартса, қорғаушы тергеуде қысым болғанын айтты. Судья екеуіне де соңғы ескерту жасады.

  • Шерзат ісі: Куәгерлер қансырап жатқан жәбірленушіні көргенін айтты

    Шерзат ісі: Куәгерлер қансырап жатқан жәбірленушіні көргенін айтты

    Куәлік бергендердің қатарында Арлан Құсайынов, Данияр және Дарын Жанболатұлы, Сәкен Әкежанов, Дәулет Мұхамедұлы мен Әділхан Рузиев бар.

    Сәкен Әкежанов терезеден жерде жатқан баланы бірнеше жігіттің тепкілеп жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған. Ал Данияр Жанболатұлы оқиға орнында бір жігіттің басынан қан ағып тұрғанын айтса, Арлан Құсайынов атыс туралы анасы ескерткен соң барғанын жеткізді. Екеуі де алғашқыда болған жағдайды түсінбеген, тек төбелес шығар деп ойлаған.

    Куәгерлердің сөзінше, олар қарудың оғын, қан іздерін, жарақат алғандарды көрген. Бірақ күдіктілер мен жәбірленушілерді танымайтындарын айтты. Судья бейнежазбаның авторын анықтау бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Іс бойынша негізгі айғақтар — 3 пышақ пен 1 мылтық.

  • Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте қаржы мониторингі агенттігі прокуратурамен бірлесіп, жүргізуші куәлігін пара арқылы заңсыз берген қылмыстық топтың жолын кесті. Тергеу мәліметінше, 2023–2024 жылдары Халыққа қызмет көрсету орталығының №2 бөлімінің басшысы Ж.Р. Мурашимовтың басшылығымен емтихан тапсырмай-ақ куәлік беру схемасы құрылған. «Қызметтің» бағасы 150–400 мың теңге болған.

    Кемінде 500 адам заңсыз жүргізуші куәлігін алған. Тергеу аясында 200 млн теңгеден асатын мүлікке (2 үй, 2 пәтер, 2 жер учаскесі, 10 көлік) бұғат қойылды. Сот санкциясымен 12 күдікті қамауға алынды. Іс бойынша тергеу жалғасуда.

    Мамандардың айтуынша, мұндай құжат беру жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Соңғы екі жылда Шымкентте жол апаты екі есеге артқан — 2022 жылы 398 оқиға болса, 2024 жылы 878-ге жетті.