Bek Air ұшағы апаты: ұшқыштың қызы үкімге шағымданбақ

Bek Air ұшағының апатына қатысты сот шешімін марқұм ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасы аппеляцияға бермек. Ұшқыштың қызы Алина Молдақұлова сот барысында көптеген маңызды фактор ескерілмегенін айтты, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Еске салсақ, Алматыда өткен сот отырысында ұшқыштар Марат Мұратаев пен Миржан Молдақұлов апатқа кінәлі деп танылып, ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталған болатын.

«Біз үкімге шағымданамыз. Біздің тарапымыздан жеткілікті айғақ ұсынылды. Әкем мен оның әріптесі әуе кемесін қауіпсіз қондыру үшін бар күшін салды», — деді Алина.

Оның айтуынша, БАҚ-та тараған кейбір мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. «Қанаттар мұздануға қарсы сұйықтықпен өңделмеді деген — жалған. Әкем қанаттарды өз қолымен тексерген. Ал стабилизаторға қолданылған сұйықтыққа су қосылған, бұл әуежай қызметкерлерінің қателігі», — дейді ол.

Сондай-ақ Алина сол күні басқа ұшақтардың қанаттарын мүлде өңдеместен ұшып кеткенін де атап өтті. «Барлық жауапкершілікті ұшқыштардың мойнына артып қойды. Олар батырлар еді», — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, апат 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы–Астана бағыты бойынша орын алған. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Қайғылы оқиға салдарынан 13 адам қаза тапты, ондаған адам жараланды.