Рубрика: Билік

  • Талғар ауданының прокуроры тағайындалды

    Талғар ауданының прокуроры тағайындалды

    Шерзаттың ісінен кейін Талғар ауданының кадр саясатында едәуір өзгеріс болды. Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары Дамир Қатаев Ерлан Тағаевты таныстырды. Ерлан Тағаев бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде прокурор болып қызмет атқарған.

    Тағаевтың мансабы Алматы облысында басталды. Сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы прокурорлық қызметтерді атқарды. Ол Курчатов, Күршім, Аягөз, Абай және Жаңасемей қалалары мен аудандарында прокурор болды.

    Еске сала кетейік, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов 18 қазанда  Бас прокурордың бұйрығымен атқаратын қызметтерінен босатылды.

  • Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне айтты. Кремль Путиннің Қазақстанға сапарын қараша айының соңына қарай жоспарлауы мүмкін.

    «Сапарға шынымен де дайындық қызу жүріп жатыр. Болатын күнді уақтылы хабарлаймыз», – деді Дмитрий Песков.

    Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен соңғы рет Қазанда өткен БРИКС саммитінде кездескен. Ол кездесуге Тоқаев құрышпен қапталған ресейлік Aurus Senat көлігін мініп барды.

  • Алматы облысы идеология жұмысына қаншалықты көңіл бөледі?

    Алматы облысы идеология жұмысына қаншалықты көңіл бөледі?

    Талғардағы оқиға бітеу жараның бетін ашқандай. Бұл жағдай тәрбиелік және идеологиялық жұмыстың ақсап, өз деңгейінде атқарылмай отырғанын айқын көрсетті. Әр өңірде жергілікті мәселелермен айналысуы тиіс мекемелер бар.

    Бірақ олар аудан-ауданды, ауыл-ауылды аралап, тұрғындар мен жастардың басын жиі қосып тұра ма? Әлде, есеп үшін жылына бір-екі жиын өткізіп, «бәрі керемет» деп мәлімдей ме? Шын мәнінде, тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, пікір алмасу арқылы жұртты мазалаған түйткілдер айқындалмай ма? Дегенмен, кейбір жауаптылардың тек шулы оқиға болғанда ғана қимылдайтыны әдетке айналған.

    Талғар оқиғасының мән-жайы

    Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты түрлі ақпараттар тарап, арнайы қылмыстық топтардың бар екендігі де айтылды. Бұл туралы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін білетіні сөз болды. Осыған байланысты Алматы облысы әкімдігі хабардар ма? Мұздай қаруланып жүрген жастардың әрекеті нені білдіреді? Иә, оқиға болғаннан кейін министр де, әкім де барды. Бірақ тікелей осы іске жауапты тиісті мекемелер соңғы рет қашан төбе көрсетті?

    Sona.kz тілшісі осы сұрақ бойынша Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов мырзаға хабарласқанымен, ол: «Қазір қолым тимейді. Бұл мәселе бойынша бөлім басшысы хабарласады» деп қысқа қайырды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Сағынай Мұсағитов болса, тек атқарған жұмыстарды баяндап берді.

    Ішкі саясат басқармасының мәлімдемесі

    «Оқиға болғаннан кейін демалыс күндері сол жерде болдық. Жыл соңына дейін Талғар ауданында түсіндіру жұмыстары бойынша төрт шара өткіземіз. Жыл сайын Ішкі саясат тарапынан жоспар бекітіледі. Онда бұқаралық ақпарат құралдармен жұмыс, этносаралық келісім, саяси тұрақтылық, мемлекеттік рәміздерді дәріптеу сияқты мәселелер қамтылады. Биылдан бастап Жастар басқармасы бөлек мекеме ретінде жұмыс істейді. Әр ауданның өз ерекшелігі бар. Талғар ауданында жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі бұл аудан Алматыға жақын орналасқан, жастар көп. Биылдыққа осындай қайғылы оқиға алғаш тіркелді, осыған байланысты біраз шенеунік қызметінен босатылды», – деді ол.

    Ардагерлер кеңесінің әрекеті 

    Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Сапарұлының айтуынша, оқиғадан кейін бірден жергілікті ардагерлерді жинап, кездесу ұйымдастырылды. «Ардагерлер төрағалары халыққа түсінік жұмысын жүргізе бастады. Талғардан бастап, Қарасай, Іле, тағы басқа аудандарды аралап, «Алатау жастары» бірлестігінің көшбасшыларымен кездесу өткізіп, заңға сүйеніп, құқық қорғау органдарының ресми ақпаратына жүгіну қажеттігін айттық», – деді ол.

    Кездесулердің жалғасы

    «Кездесулер тек қайғылы оқиға болғаннан кейін ғана өткізілді ме?» деген сұраққа Ерболат Сапарұлы: «Біз оқиғаның ертесі-ақ ауданға бардық. Былтыр Қарасай ауданында ардагерлер мен жастардың кездесуі болды. Сол жиында жастардың ұсынысымен «Алатау жастары» бірлестігі құрылды. Әр ауданнан 8 адам тәлімгер ретінде бекітілді. «Алатау ардагері» газетінде жастардың тәрбиесіне қатысты ақпараттар жарияланады», – деп жауап берді.

    Қаржыландыру мәселесі

    Ардагерлер кеңесіне мұндай шараларды өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбей ме деген сұраққа Ерболат Сапарұлы: «Бізге бюджет тарапынан ақша бөлінбейді. Әртүрлі байқауға қатысып, гранттар ұтып аламыз. Кейбір азаматтар қайырымдылық көмек көрсетеді», – деп мәлімдеді.

    Қорытынды

    Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы мен Ардагерлер кеңесі «Оқиға орнына бардық» дегенді бірнеше рет тілге тиек еткенмен, бұл іс-шараларды нақты дәлелдейтін мәлімет жетіспейді. Бұл – бір. Екіншіден, шын мәнінде Ардагерлер кеңесіне қаржы бөлінбей ме? Мемлекетті сатып алу порталында Ардагерлер кеңесі 2024 жыл бойы өткізетін шараларына, яғни «Іс-шараларға қатысуды қамтамасыз ету үшін қызметтері» лоты бойынша Ішкі саясат басқармасы арқылы 13 млн 500 мың теңге ұтып алған. Ал бізге «бюджеттен ақша бөлінбейді» деген ақсақал Ерболат Тұрымбетов неге өтірік айтты? Ол ол ма, Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов мырзаның «уақытым жоқ» деп жауапкершілікті бөлім басшысына сілтеуі бүкіл ел ішінде дүрбелең туғызған мәселеге бейжай қарағанын көрсетпей ме? Осының өзі Алматы облысында идеологиялық жұмыстың әу бастан дұрыс жүргізілмегенін айқындап тұрған жоқ па?

  • 42 жаңа су қоймасы салынады

    42 жаңа су қоймасы салынады

    Елімізде 42 жаңа су қоймасы салынады. Бұл алдағы төрт жылда яғни, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде жүзеге асады. Басты мақсат – су шаруашылығы саласын дамыту. Бірінші кезеңде яғни, 2025 жылдан бастап 11 жобаны салу және реконструкциялау жоспарланған. Одан бөлек, алты облыстағы үш жарым мыңға жуық шақырым ирригациялық арналарды жаңғырту көзделген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолданған шаруаларға берілетін субсидия көлемі де артты. 50ден 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл жөнінде Үкіметте өткен су кеңесінің отырысында мәлім болды.Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Премьер министр Олжас Бектенов Президенттің су шаруашылығын дамытуға, тозығы жеткен нысандарды жаңғырту жұмыстарының барлығы уақытында жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

  • Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің Жарлығына сәйкес азаматтарға берілген мемлекеттік наградаларды табыс етті.

    Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.

    II дәрежелі «Барыс» орденін Қазақстан Машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы М. Пішембаев, III дәрежелі «Барыс» орденіне – ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі Е. Аманшаев иеленді.

    «Парасат» ордені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Т. Оспанқұловқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы М. Теміржановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қ. Исқазиевке табысталды.

    «Құрмет» орденімен Үкімет Аппараты басшысының орынбасары Э. Толғанбаев, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Н. Жумадильдаева, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Б. Бекнияз, энергетика вице-министрі Е. Ақкенженов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы К. Сейітова, «Бәйтерек»  ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары В. Сон, Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Т. Абдуллин, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Т. Турлов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р. Әбдіқалықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарушы директоры Ж. Өмірбеков, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары М. Ихсанов, Үкімет Аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары З. Хамитова, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары А. Құлтуманова, Үкімет Аппаратының өңірлік инспекторы Қ. Қалыбеков, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары И. Рожков, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ аппарат басшысы С. Кеулімжаев, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б. Әбішева, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ» Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жаңғазы Рақымов марапатталды.

    Премьер-министр баршаны ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Әділетті Қазақстан құруда мемлекеттік аппараттың одан әрі адал да әділ жұмысының маңыздылығын атап өтті.

  • Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

    Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

     Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

  • Тергеу изоляторынан қашқан күдікті: Өз ісіне салғырт қарағаны үшін кім жазаланады?

    Тергеу изоляторынан қашқан күдікті: Өз ісіне салғырт қарағаны үшін кім жазаланады?

    Бұл мәселеге қатысты журналистердің сұрағына Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха пікірін білдірді.

    Айта кету керек, Талғарда уақытша ұстау изоляторынан зорлау қылмысы бойынша күдіктінің қашып кеткеніне қатысты өз ісіне салғырт қараған қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

    Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха қазірдің өзінде кінәлілерге қатысты қызметтік тергеу басталғанын айтты.

    «Біз бұл бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Күдіктіні іздеуді жалғастырамыз. Барлық шара қолданылады. Барлығы жазаланады, өз ісіне жауапкершілікпен қарамағандар үстінен іс қозғалды, біз кінәлілерді жауапқа тартамыз», – деді Игорь Лепеха.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)

  • Заңсыз қарумен қоқан-лоққы жасаған депутат ұсталды

    Заңсыз қарумен қоқан-лоққы жасаған депутат ұсталды

    Қарағанды облысының маслихат депутаты Серік Бекмағамбетов ауыл тұрғынына қауіп төндіргені және заңсыз қару ұстағаны үшін ұсталды деп хабарлайды ҚазТАГ.

    Оқиға 21 қазанда Нұра ауданындағы Ахметауыл ауылында болды. 38 жастағы депутат, масаң күйде 60 жастағы жергілікті тұрғынды автоматпен қорқытып, шабуыл жасапты.

    Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарасақ, Бекмағамбетов жолда Нұра – Ахметауыл трассасында өзінен озып кеткен ауыл тұрғынына қауіп төндірген. Депутаттың іс-әрекеті «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша бағаланып, ол 15 күнге қамауға алынды. Сонымен қатар «қауіп төндіру» және «заңсыз қару ұстау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

  • Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

    Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

    Отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ вице-президенті Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлына тапсырылды;

    Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Алматы қаласы, «№4 арнайы мектеп-интернат» КММ мұғалімі Нұрпейісова Гүлжанар Молдакерімқызына және Орал қаласы, «Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия» КММ мұғалімі Траисова Эльмара Асқарқызына тапсырылды;

    Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз Қарағанды облысы, «Шахтерское» ЖШС директоры Прокоп Георгий Георгиевичке тапсырылды.

    Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

    «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

    «Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.

    І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

    Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды:

    Олардың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.

    Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы А.Алиев, «Мицва» қауымдастығының төрағасы А.Барон және «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.

    Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы «Балдәурен» балаларды оңалту орталығы» КМК директоры Ш.Абесов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

    Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

    Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды.

    «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

    Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды:

    «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

    Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек, «Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.

    Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

    Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.

  • Қайтарылған активтер есебінен екі облыста әлеуметтік нысандар салынады

    Қайтарылған активтер есебінен екі облыста әлеуметтік нысандар салынады

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 млн теңгеге музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

    Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

    Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауылында ауданы 6 мың шаршы метрден асатын, бір ауысымда 80 адамды қабылдайтын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан белсенді тұрғындарға бос уақытытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді – ауданда 14,5 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Жобаға сәйкес, орталықта күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысу үшін жабдықталады, 2 жаттығу залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Сондай-ақ кешенде спортшыларды жаттықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сапалы әрі тиімді іске асыру үшін қажетті құрал-жабдық және басқа да қосалқы үй-жайлар қарастырылған.

    Түркістан облысының Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алу үшін жағдай жасайдыі. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.

    Бүгінде арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және тағы басқа салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.