Рубрика: Билік

  • Жезқазғанда 15 шенеунікке айыппұл салынды

    Жезқазғанда 15 шенеунікке айыппұл салынды

    Қала прокуратурасы мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнамаға қайшы әрекет ете отырып, әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін және қиындататын біліктілік талаптарын белгілеген.

    Жалпы құны 2,6 млрд теңгеден асатын 6 конкурстың күші жойылып, 15 лауазымды қызметкерге 904 мың 540 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Аталған заңбұзушылықтар бойынша енгізілген ұсынуды тиісінше қарастырмағаны үшін қала әкімінің орынбасары, ТҮКШ бөлімінің басшысы және басқа да лауазымды қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

  • Орталық сайлау комиссиясының тағы бір мүшесі қызметінен босатылды

    Орталық сайлау комиссиясының тағы бір мүшесі қызметінен босатылды

    Сенатор Нұрлан Бекназаров Анастасия Щегорцованы лауазымынан босатуды ұсынды.

    «Комитет өз отырысында Сенат тағайындаған Орталық сайлау комиссиясы мүшесін қызметінен босатуға ұсынылған кандидатураны алдын ала талқылап, қорытынды шығарды. Сенат регламентінің 81-4 тармағы негізінде Сенатқа Анастасия Щегорцованы Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметінен босатуды ұсынады», – деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы.

    Дауыс беру нәтижесінде депутаттар тиісті қаулыны қабылдады.

    Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Ләззат Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынды.

    «Ләззат Кеңесқызы еңбек жолын Ақпарат министрлігінің бас сарапшысы лауазымынан бастап, кейін ақпарат комитетінің төрағасы, «Хабар агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соңғы жылдары коммуникация саласында белсенді қызмет етті. Ләззат Кеңесқызының тәжірибесі мен біліктілігі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін», – деді төраға.

    Дауыс беру қорытындысы бойынша Ләззат Сүйіндік ОСК-ның жаңа мүшесі атанды.

    Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы жарлығымен Сәбила Мұстафина және Константин Петров Орталық сайлау комиссиясы мүшесі лауазымынан босатылды.

    Олардың орнына Азамат Айманакумов пен Михаил Бортник Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.

  • ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тізімі бар екенін растап, Хасан Қасымбаевқа қатысты пікір білдірді.

    Еске сала кетейік, күні кеше Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Осы орайда журналистер Игорь Лепёхадан қазақстандықтардың аузында жүрген «Хуторлықтар» тобы туралы сұрады. Бұған дейін ІІМ мұндай қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған еді.

    «Бір қылмыстық топ жойылса, жаңалары пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Бұл тұрақты жұмыс қой. Алайда, қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды», – деді Лепёха.

    Ол Хасан Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейіне әлі толық үңілмегенін, себебі бұл тергеу ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құзыретінде екенін айтты.

    «Барлық мәселелер қылмыстық іс аясында анықталады. Әзірге біздің қызметкерлердің қатысы бар деген күдік жоқ. Барлық әрекеттер прокуратураның бақылауында. Жаңадан ашылған мәліметтерге сәйкес ол жауапкершілікке тартылады», – деп қорытындылады Лепёха.
    Оның айтуынша, қызметкерлердің барлық іс жүргізу әрекеттері прокуратураның бақылауында және әр кезең қадағалауда.

  • Франция президенті әлеуметтік желіге қазақ тілінде пост жариялады

    Франция президенті әлеуметтік желіге қазақ тілінде пост жариялады

    Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет танытып, өзінің твиттердегі парақшасында қазақ тілінде пост жариялады,.

    «Қош келдіңіз құрметті серіктес, құрметті дос.

    Сіздің мемлекеттік сапарыңызбен біз Қазақстан мен Францияны, қазақстандықтар мен француздарды біріктіретін терең достықты атап өтудеміз», – делінген жазбада.

    Айта кетейік, екі мемлекет басшылары Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы келіссөздер өткізді.

  • ІІМ-де жаңа департамент құрылды

    ІІМ-де жаңа департамент құрылды

    Киберқылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында ішкі істер министрлігінде жаңа департамент құрылды. Бұл бастама азаматтардың мүдделерін киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы артқан қауіп-қатерден қорғауға бағытталған.

    «Технологиялардың қарқынды дамуы және интернет-қатерлер санының артуы жағдайында арнайы бөлімше құру қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне неғұрлым тиімді жауап беруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

    Жаңа департаменттің басшысы болып полиция полковнигі Жандос Сүйінбай тағайындалды.

  • Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, – делінген СІМ таратқан ақпаратта.

    Аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді.

    Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.

  • Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    Президент жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді, — делінген ақпаратта.

    Бұған дейін Қарағанды облысы әкімі өкімімен Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімі орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

    Оның алдында Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды

    Айта кетейік, 2024 жылдың қазанында Қарағанды облысы Саран қаласында тұрғындар жылусыз қалды. Содан кейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Үкімет басшысының алдында есеп берді.

    Саранда 4 жаңа қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық ақауға байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақау шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі, — деді облыс әкімі.

  • LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлерді елге қайтару процесі туралы айтты. Оның ішінде LRT құрылысына жауапты Талғат Арданға да тоқталды.

    «Іздеуде жүрген 3,5 мың адам бар, оның ішінде 1,5 мыңы – халықаралық іздеуде. Олардың аты-жөні мен барлық ақпарат қолда бар. Интерполмен жұмыс жүріп жатыр. Біз олардың жүрген жерін анықтап жатырмыз. Тиісінше, оларды экстрадициялау жұмысы жүргізіледі», – деді Қойгелдиев.
    Сонымен қатар, аты шуға айналған Астана LRT құрылысына жауапты болып, 2023 жылы сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырылған және шетелде қашып жүрген Талғат Арданға қатысты халықаралық іздестіру жұмыстарының қандай деңгейде екенін айтты.

    «LRT құрылысына жауапты болған Талғат Ардан қазір іздеуде. Оның жүрген жерін анықтаған бойда Интерпол арқылы жұмыс жүргізіледі», – деп қысқа қайырды прокуратура өкілі.
    Сондай-ақ, Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлер ерте ме, кеш пе Қазақстанға келіп, өз жазаларын өтейді деп түйіндеді.

  • Бас прокуратура Қытайдағы Ақжарқынды қайтара ала ма?

    Бас прокуратура Қытайдағы Ақжарқынды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен журналистер Сенат кулуарында Қытайда сотталып, түрмеде отырған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі не болып жатқанын сұрады.

    – Бұл жұмыс тоқтаған жоқ. Белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жақында бұл жағдай бойынша оң шешім болып қалады деп сенем. Бұл бағытта жұмыстар оңай емес», – дейді ол.

    Оның сөзінше, Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерін салып жатыр.

    Қытай соты 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында Малайзияға ұшқалы тұрған жерінде есірткіге қатысты тұтқындалған Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен. 2016 жылы Гуандунь қаласындағы апелляциялық сот оның өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы шешім шығарған.

  • Енді шенеуніктер бюджетте артылған қаржыны өздеріне сыйақы ретінде аудара алмайды

    Енді шенеуніктер бюджетте артылған қаржыны өздеріне сыйақы ретінде аудара алмайды

    Министрдің айтуынша, үнемделген қаржы енді бюджетке қайтарылады.

    «Осы сәтті пайдалана отырып мына нәрсені айтқым келеді. Қаржы министрлігі есепшот арасында сыйақы ретінде қаржы аударуға тыйым салды. Сәйкесінше, шенеуніктер үнемделген қаржыны сыйақы ретінде ала алмайды. Қаражат бюджетке қайтарылады», – деді ол.

    Журналистер Мади Такиевтен шенеуніктердің сыйақы мөлшері туралы да сұраған. Алайда министр бұл сауалға жауап бермеді.