Рубрика: Билік

  • Кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда: Ақорда

    Кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда: Ақорда

    Ақордада бір күнде бірқатар жоғары лауазым иелеріне қатысты кадрлық шешімдер қабылданды. Өзгерістер президент әкімшілігі, сыртқы саясат және үкімет құрылымдарын қамтыды, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Негізгі өзгерістер мынадай:
    • Зүлфия Сүлейменова президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі – кеңесші қызметінен босатылды.
    • Ержан Қазыхан халықаралық мәселелер бойынша президенттің көмекшісі қызметінен кетті. Ол енді Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып тағайындалды.
    • Ерлан Әлімбаев Женевадағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарды. Бұған дейін СІМ вице-министрі және Үндістандағы елші болған.
    • Мұрат Нұртілеу халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Сыртқы істер министрін басқарған, одан бұрын Қауіпсіздік кеңесінде және Президент әкімшілігінде басшылық қызметтер атқарған.
    • Ермек Қошербаев Қазақстан Республикасының жаңа Сыртқы істер министрі болды. Бұған дейін ол вице-премьер қызметін атқарды, сондай-ақ ШҚО әкімі және Ресейдегі елші болған.
    • Ержан Ашыкбаев АҚШ-тағы Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Бұл қызметте ол 2021 жылдан бері істеген. Оған дейін ұзақ жылдар бойы СІМ вице-министрі қызметін атқарған.

    Осылайша, бір күннің ішінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық бағытты күшейтіп, Сыртқы істер министрлігін жаңартты.

  • Тоқаев Ақордада жаңа кадрлық тағайындаулар жасады: Сапиев пен Жамсатов қызметке келді

    Тоқаев Ақордада жаңа кадрлық тағайындаулар жасады: Сапиев пен Жамсатов қызметке келді

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы бірқатар кадрлық өзгерістерге қол қойды, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Сапиев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімін басқарған.

    Осы бөлімнің басшысы қызметіне Алихан Жамсатов келді. Ол енді Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімін басқарады.

    ? Президент Әкімшілігі — Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Әкімшіліктің басты миссиясы — Президенттің қызметін сапалы әрі дер кезінде ақпараттық-талдамалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету.

    Басқа кадрлық өзгерістер

    Бүгін Мемлекет басшысы Президенттің көмекшілері Тамара Дүйсенова мен Ернар Баспаевты қызметінен босатты. Сондай-ақ Қанат Шарлапаев өз лауазымынан алынды, ал Күнсұлу Закарья ғылым мен инновациялар мәселелері бойынша Президент кеңесшісі қызметінен ресми түрде босатылды.

    Осылайша, Ақордада жоғары басқару буынының кадрлық құрамы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

  • Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Әкім алдымен ауылдарда салынып жатқан тас жолдың сапасын тексерді. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, жақын арада барлық елдімекендердегі құрылыс жұмыстары аяқталады.

    Одан кейін шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесі жайында Кербұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол жақын арада Қонаев пен екі ортаға қатынайтын автобус бағыты ашылатынын атап өтті. Тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.

    Бұдан бөлек, Асхат Бердіханов Шеңгелдідегі мал сою алаңы мен өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Мал сою алаңы кейіннен ветеринарлық бөлімнің иелігінде болады. Ал депо тұрғызылған соң, Қонаевтың өрт сөндіру бөлімінен 1 техника бөлінеді. Бұл — төтеншеліктердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі.

    Шаһар басшысы жергілікті Мәдениет үйінің де жағдайымен танысты. Нысан 1987 жылы қолданысқа берілген, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 220 орындық Мәдениет үйінің кафельдері сынып, қабырғасы қақыраған, спорт зал жылу жүйесіне қосылмаған. Мұнда 100 орындық кіші зал да бар. Ғимаратты толықтай жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-іздестіру жұмыстары жүруде. Кейіннен жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Шаһар басшысы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

  • Ерболат Досаев Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды

    Ерболат Досаев Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Sona.kz Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.

    Ерболат Досаев әр жылдары министрлік пен ұлттық компанияларда басшылық қызметтер атқарған. Ол 2022 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі болды.

  • Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қонаев қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Асхат Бердіханов бұған дейін №6 жағажайда 5-6 жыл қызмет етіп келген 42 кәсіпкермен кездесті. Кездесуге ЖСДП-ның өкілдері де қатысты.

    Басқосуда №6 жағажайды абаттандыру мәселесі тағы да қарастырылды. Нақтырақ айтқанда, биыл кәсіпкерлермен келісімшарт 15 қыркүйекке дейін жасалғанымен, кейбірі жағажайды босатпай отыр. Сондықтан сенімгерлік басқарудағы «Жасыл қала Қонаев» мекемесі кәсіпкерлердің үстінен арыз жазып, жергілікті сотқа жүгінген. Кәсіпкерлердің бұл іс-әрекеттері алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал абаттандыру жобасы дайын, жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтеді деп күтілуде. Жиында осы проблемалық сұрақ талқыға салынды.

    Бұдан бөлек, кәсіпкерлер келісімшартты ұзақ мерзімге созу түйткілі жайлы айтып өтті. Қала әкімі Асхат Бердіханов оларға барлық мән-жайды түсіндіріп, толыққанды жауап берді.

    «Сотқа арыз берілгені дұрыс. Өйткені, бұған дейін де жағажайды босату қажеттілігі жайында сіздерге айтылған. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Қонаев қаласына іссапармен келгенде, әсіресе, №6 жағажай бойынша кемшіліктер көп айтылды. Ең алдымен жағажай санитарлық талаптарға сәйкес келуі қажет. Талап сондай. Осы себептен жоба әзірленді. Құны – 1 млрд теңгеден астам. Қазан айында бюджет талқылауы болғанда жобаға қаражат бөлу мәселесі қарастырылады. Келесі шомылу маусымына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауымыз қажет», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол жобаны таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жағажайға инженерлік желілер тартылады, оның ішінде кәріз және су құбырлары, туристер мен демалушыларға ыңғайлы орындықтар, фудкорттар қойылады, сәйкесінше, бизнес орындары да болады. Қапшағай су қоймасының жазда тартылуы да есепке алынған.

    «Жоба жүзеге асып, қаланы, туристік саланы дамытамыз десек, ортақ мәмілеге келгеніміз жөн. Жағажайды босатыңыздар. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл аймақ сенімгерлік басқаруға әкімдікке қарасты мекемеге беріледі. Ол мекеме бұған дейін қызмет еткен кәсіпкерлермен ұзақ мерзімге келісімшартқа отырады. Онда да заң шеңберінде жұмыс жасайтынымызды ескертемін. Ал келісімшарт бойынша бизнес орынын алған кәсіпкер оны күтіп ұстауға жауап беретін болады. Бұрынғыдай жауапкершіліксіз қарауға, олқылықтарға орын жоқ. Келісімшарт құны биылғы жылғыға қарағанда өзгеруі бек мүмкін», — деді шаһар басшысы.

    Айта кетейік, Қонаев қаласында 6,1 шақырым жағажайды абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда оның 1 шақырымнан астамы ғана жаңартылған күйде.

  • Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Мерекелік бағдарлама алты күнге жалғасады. 22-27 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға қатысып, ерекше мерекелік атмосфераны сезінетін болады.

    27 қыркүйектегі бағдарлама сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады. Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалады. «Алма бәліші» фестиваліне түрлі ұлт өкілдері қатысады. Бұл шараның негізгі мақсаты – бір шаңырақ астында, бір дастарқан басында дәм бөлісіп отырған халықтың ынтымағын көрсету. Яғни, «бір нанды бөлісіп жеген» дәстүріміз бүгінгі күнде бейбіт өміріміздің, береке-бірлігіміздің айқын көрінісіне айналмақ.

    Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok алаңдары мен түрлі инсталляциялар орнатылады. Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндіріс әлеуетін көрсетеді.

    Сондай-ақ, мерекелік театрландырылған қойылымда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру ұйымдастырылады. Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы және «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

    Кештің басты сахнасына қазақстандық жұлдыз Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы шығып, мерекелік концертті отшашу түйіндейді.

    6 күндік жоспар келесідей:

    Мәдени іс-шаралар
    22 қыркүйек сағат 18.00-де – «Қонаев әуендері» концерттік ансамблінің тұсаукесері (Мәдениет үйі)
    25-27 қыркүйек – тегін кино көрсетілімдер («Шағала» кинотеатры, Б.Соқпақбаев ат.орталық саябақ)
    27 қыркүйек сағат 11.00-21.00 – Қала күнінің қорытынды гала-концерті

    Спорттық іс-шаралар
    23 қыркүйек сағат 9.00 — «Qonaev 55» атты ересектер арасында шағын футболдан қала әкімінің кубогі
    25 қыркүйек сағат 9.00 – баскетболдан қала әкімінің кубогі (Кроссфит алаңы)

    Танымдық іс-шаралар
    22-27 қыркүйек – барлық білім ошақтарында «Менің қалам – жарқын болашақтың есігі» атты ашық сабақтар
    23 қыркүйек – Қапшағай ГЭС-те ашық есік күні
    24 қыркүйек – ҚР ҚК десанттық-шабуылдау бригадасы әскери бөлімінің ашық есік күні
    26 қыркүйек – «Kitap fest» фестивалі (қалалық кітапхана)

    Жаңа нысандардың ашылуы

    23 қыркүйек – қалалық кітапханада «Қонаев қаласының тарихы» бұрышы ашылады
    «Отбасы банк» АҚ-ның Алматы облысындағы қосыны өз жұмысын бастайды
    26 қыркүйек – «Selfie zone» сквері қолданысқа беріледі (Қойшыманов к.)

    Аталғандардан бөлек, 25 қыркүйекте «Таза қала – таза сана» тазалық акциясы өтеді. Қайырымдылық іс-шаралары да ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйек күні Қала күніне орай, қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

  • Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласында 16 қыркүйек күні кешкі сағат 20.56-да Графтио көшесі №2В мекенжайындағы тұрғын үй өртенді.

    Аталған тұрғын үй апатты деп танылып, «Реновация» бағдарламасына енгізілген. Бағдарлама бойынша үйдің басқа тұрғындары бұған дейін пәтерлерінен көшірілген. Пәтерлерді сатып алуға бюджеттен қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер ТҮКШ бөлімі арқылы жүргізілген.

    Қазіргі таңда мұндағы бір пәтерде зейнеткер қоныстанған. Абырой болғанда, өрт зейнеткердің пәтеріне жетпеген, зақым келтірмеген. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов оны қабылдап, әкімдіктің алдағы уақытта жасайтын іс-әрекеттері туралы айтып берді. Шаһар басшысының сөзінше, зейнеткердің пәтерінің орнына басқа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алынып, беріледі. Барлық шаралар заңды түрде «Реновация» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Зейнеткер бүгінде туыстарының үйінде орналасқан.

    Пәтер кілті табысталғанда қосымша хабарлайтын боламыз. Өрттің шығу себептері анықталуда.

  • Тоқаев: ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет

    Тоқаев: ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет

    Ақмола облысында өткен егін жинау науқанына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал шаруашылығының әлеуетін толық ашу қажеттігін айтып, ауыл шаруашылығын цифрландыруға ерекше назар аударды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    – Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз. Бұл туралы мен Жолдауымда да айттым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу қажет. Өсімдік пен мал шаруашылығындағы барлық үдерістерді қадағалау үшін цифрлық тәсілдерді қолдану керек. Осы жұмыста ІТ-бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнату маңызды, – деді Президент.

    Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отырғанын еске салып, әрбір жоба нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.

    – Мемлекет адал еңбек етіп жүрген шаруаларды әрқашан қолдайды. Мен ауыл шаруашылығына ерекше мән беремін және бұл сала әрдайым менің жіті бақылауымда болады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бірлесіп жұмыс істесек, бұл маңызды науқанды уақтылы әрі табысты аяқтаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Жиын барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері, ірі агроқұрылымдардың басшылары баяндама жасады.

  • Тоқаев: Егін жинау науқаны уақытында аяқталуы тиіс

    Тоқаев: Егін жинау науқаны уақытында аяқталуы тиіс

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Зеренді ауданында ауыл шаруашылығы өкілдерімен жиналыс өткізіп, егін жинау барысын талқылады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Видеоконференция арқылы Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері қатысты. Президент арнайы осы өңірге егін жинау науқанымен танысу үшін келгенін айтты.

    – Егінді уақытылы жинап алу қажет. Бұл – елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықтағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Егер науқан сәтті өтсе, экспорттық әлеует артып, шетелге жеткізілім көлемін көбейтуге мүмкіндік туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы аграрийлердің қажырлы еңбегіне алғыс айтып, олардың кәсібилігі мен табандылығының арқасында ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.

    Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылығын жеңілдетілген несиелеуге 1 трлн теңге бөлінді. Агротехнологияларды қолдану деңгейі өскен, өнімділік артқан. Президент ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырманың орындалып жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін қадап айтты.

  • Президент Жолдауы: Қонаевты дамытуда басымдықтар айқындалды

    Президент Жолдауы: Қонаевты дамытуда басымдықтар айқындалды

    Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ляйля Келдібекова бюджет түсімдері мен инвестиция саласына тоқталып өтті.

    «ҚР Президенті өзінің Жолдауында ел экономикасын ілгерілету, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жайлы айрықша айтты. Жалпы Қонаев қаласы облыс орталығы статусына ие болғалы негізгі капиталға 309 млрд. теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіпте 410 млрд теңгеге өнім өндірілді, ауыл шаруашылығында 132 млрд теңгеге өнім алынды. Мемлекет басшысы назарды өңдеу өнеркәсібіне бағыттауды міндеттеді. Қаламызда 217 кәсіпорын өнеркәсіп өндірісі саласында жұмыс жасаса, соның 50 пайызы өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар», — деді бөлім басшысы.

    Айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде негізгі жүйені құрушы 2 мекеме (КнауфГипс Қапшағай, Маревен Фуд Тяньшань), 3 ірі кәсіпорынның Алатау қаласына өтуіне байланысты өнім көлемінің үлесі 76%-дан 36%-ға төмендеді.

    «Өңдеу өнеркәсібінде бүгінгі күнге 19 млрд. теңгенің ғана өнімі өндірілуде. Алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жоспарлар құрып, жұмыстарды қолға алу қажет деп есептеймін», — деді Ляйля Келдібекова.

    Сонымен қатар ол Қонаевта құрылыс қарқын алуына байланысты инвестициялық портфельге өзгерістер енгізу керек екенін сөз етті. Оның ішінде, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар үлесін арттыру қажет. Бүгінгі күнге қалада 11 кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен айналысса, олардан 43,1 млрд. теңгеге өнім өндірілген.

    Басқосуда Кешенді даму жоспары жайлы да айтылды.

    «Инвестицияны тартудың бір тетігі – инфрақұрылымды жетілдіру. Осы бағытта шаһарымызда Кешенді даму жоспары бекітілді. Аталған жоспар шеңберінде 187 іс-шараны іске асыру көзделуде. Бүгінде бірқатар жобалардың мемлекеттік сараптамадан толық өту кезеңі аяқталуға жақын болса, кейбір жобаларға қаржыландыру басталды. Яғни, таяу жылдары қаламызда нағыз құрылыс қарқыны күтілуде», — деді бөлім басшысы.

    Ал аурухананың мамандары қолданыстағы заманауи қосымшалар жайында сөз қозғады. Қазіргі таңда Дамумед арқылы науқастарға көмек көрсетілуде. Барлық медициналық сараптамалардың қорытындысын смартфондағы қосымша арқылы көруге болады. Одан бөлек, заманауи жабдықтар мен аппараттар дәрігерлердің жұмысын жеңілдеткен. Мысалы, онлайн анкета өту, МӘМС жүйесін ЖИ арқылы реттеу, онлайн кеңес беру секілді озық технологиялар кеңінен қолданылуда. Алдағы уақытта Қонаевтағы көпбейінді ауруханаға телемедицина құралдары сатып алынбақ және ЖИ негізінде мұрағат жасау көзделуде.

    Ал «Алатау хаб» технопаркінің мамандары «Qonaev AI» жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл қосымша «ChatGPT» секілді қызмет ететін өңірдің маңызды құралына айналмақ. Сондай-ақ «Алатау хабта» ЖИ құралын тиімді пайдалану жолдары азаматтарға үйретіледі.

    Актив отырысында ЖИ-дің әлеуметтік салаға әкелетін өзгерістері де аталып өтті.

    «Жолдауда көрсетілген бағыттар алдағы жұмысымызда негізгі назарда болмақ. Ендігі міндет – актив жиынында айтылғандарды іс жүзінде жүзеге асырып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосу», — деді активке төрағалық еткен қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова.

    Жиын нәтижесінде хаттама әзірленіп, тиісті бөлімдерге орындауға жолданды.