Рубрика: Билік

  • Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Қонаев қаласында халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын бірегей нысан – кардиологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

    Нысан инвесткомпанияның қаржысына салынуда. Тартылатын инвестиция көлемі — 1,5 млрд.теңгеден астам. Орталықта үш ота залы, 21 диагностикалық және емдеу, 20 науқас кабинеті, 48 төсек-орындық стационар бөлімі болады. Медициналық мекемені заманауи аппараттармен жабдықтау көзделуде. Жылына орталықта 15000 адам ем қабылдайды, жаңадан 100 жұмыс орны құрылады.

    Қалада қолға алынған тағы бір ірі жоба – 4 немесе 5 жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысы. Шаһарда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Кешен Аладдин ойынханасының аумағында тұрғызылуда. Аумағы 3 гектарды құрайды. Мұнда тек қонақ үй емес, отбасылық демалыс аймағы тұрғызылады.

    Нысан құрылысына 50 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 500-ден астам. Қонақ үй кешені 2027 жылы ашылады деп жоспарлануда.

    «Қонаев қаласында жалпы сомасы 2,4 трлн.теңге болатын 39 инвестжоба жүзеге аспақ. 2025 жылдың басынан негізгі капиталға 58,0 млрд. теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда шетелдік компаниялармен жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі.

    Алдағы уақытта Қонаев қаласында түрлі серіктестіктермен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспарлануда. Бүгінде шаһар аумағында 12 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

  • ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    ҚР ІІМ: Елімізде электрсамокат қолдану заңмен реттелмек

    Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалануды заңнамалық деңгейде реттеу қажет. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада кемшіліктер бар, сондықтан полиция әрқашан тиісті шара қолдана алмайды.

    «Осы маусым аясында депутаттық түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулер заңнамадағы олқылықтарды жойып, жүргізушілерге де, полицейлерге де, басқа қатысушыларға да түсінікті ережелер қалыптастырады», — деді Лепеха.

    Сонымен қатар, электрсамокаттарға арнайы нөмір беру мәселесі қарастырылып жатыр.

    «Бұл мемлекеттік тіркеу емес, бірақ идентификациялау үшін белгі енгізу талқылануда. Бұған дейін каршеринг компаниялары саябақтар мен тротуарларда жылдамдықты өздері шектейміз деп уәде еткен еді. Өкінішке қарай, ол жүзеге аспады. Сондықтан, енді мұның бәрін заңнамалық деңгейде шектеуге тура келеді», — деп қосты вице-министр.

    Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында электрсамокаттардың қауіптілігіне арнайы тоқталған болатын.

  • «Қатаң шара қабылдансын»: Жақыпова аутизмі бар балаларға тіл тигізген блогер туралы

    «Қатаң шара қабылдансын»: Жақыпова аутизмі бар балаларға тіл тигізген блогер туралы

    Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік желіде аутизмі бар балаларға қатысты дөрекі пікір жазған Райхан Жұмамуратоваға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    «Мұндай сөздер — кемсітушілікке жол ашады. Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мемлекет тарапынан толық қолдауда: Білім, Еңбек және Денсаулық сақтау министрліктерінің ерекше бақылауында. Осы блогерге қатысты құқық қорғау органдары ең қатаң шешім қабылдайды деп сенемін», — деді министр.

    ? Не болды:
    23 тамызда Алматыда жасөспірім (мүмкін, даму ерекшелігі бар) екі жасар баланы жерге құлатып жіберген. Осы оқиғадан кейін Жұмамуратова балаларды «емдеу керек, емделмесе — өлтіру керек» деген мазмұндағы пікір қалдырған. Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызды.

    Ата-аналардың шағымынан кейін «Аутизм Қазақстан» қауымдастығы Бас прокуратура мен ІІМ-ге жүгінді. Қазір Алматы полициясы тексеріс жүргізуде.

    Блогердің аккаунты өшірілгенімен, оның жазғандары әлеуметтік желілерде тарап жатыр.

  • «Анашым, мен сені жақсы көремін»: Ардақ Назаров Мәжіліс отырысында анасын 70 жасымен құттықтады

    «Анашым, мен сені жақсы көремін»: Ардақ Назаров Мәжіліс отырысында анасын 70 жасымен құттықтады

    Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде күтпеген жерден сөз алып, анасын 70 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Sona.kz парламенттен тараған бейнежазбаға сілтеме жасап.

    «Анашым, мен сені жақсы көремін. Бүгін сіздің 70 жасыңыз. Өмір сыйлап, мені тәрбиелегеніңіз үшін рақмет», – деді Назаров мінберден.

    Әріптестері депутаттың сөзін қол шапалақтап қарсы алды. Әлеуметтік желілерде бейнеролик тез тарап, қолданушылар мұндай сәттердің парламент жұмысына адами жылылық беретінін атап өтуде.

    ? Ардақ Назаров – белгілі қоғам қайраткері, спортшы әрі саясаткер. 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланған.

  • Қонаевта 2,2 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды

    Қонаевта 2,2 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды

    Алматы облысы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова Қонаев қаласында орналасқан «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС нысандарына баспасөз турын өткізді. Іс-шараға журналистер, депутаттар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

    Компания директоры Батурин Абдримов жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндап, 2021–2025 жылдарға арналған жалпы сомасы 173,2 млн теңге инвестициялық бағдарлама бекітілгенін айтты. Оның ішінде 2024 жылға 39,4 млн теңге қарастырылған.

    Бағдарлама аясында Қонаев қаласының 1-шағынауданында ұзындығы 2,5 шақырым төмен қысымды газ тарату желісінің құрылысы толық аяқталды. Нысан пайдалануға беріліп, 2 271 тұтынушы газға қол жеткізді. Оның ішінде 1 680 абонент бүгінде қосылып үлгерді.

    Биылғы жылы құны 38,1 млн теңгені құрайтын жұмыстар жалғасуда. Қазір №18 шағынауданда ұзындығы 2,2 шақырым болатын газ желілерінің құрылысы басталды. Жоба толық аяқталғаннан кейін тағы 2 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылады.

    Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

  • Мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы тағайындалды

    Мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы тағайындалды

    Қонаев қаласы әкімінің өкімімен Мутталгазы Парасат Нурланулы мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.

    Ол 1996 жылы Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары, 2020 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Еңбек жолын 2020-2021 жж. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ботаника және фотоинтродукция институты» ШЖҚ РММ кәсіпорнының директорының орынбасары лауазымын атқарды. 2021 жылдан Қапшағай қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы болған.
    ___

  • Қонаевта Қарлығаш шағынауданының жолы күрделі жөндеуден өтуде

    Қонаевта Қарлығаш шағынауданының жолы күрделі жөндеуден өтуде

    Қонаев қаласының Қарлығаш шағынауданында ауқымды жол жөндеу жұмыстары басталды. Жобаға сәйкес 7,4 шақырым автомобиль жолы толықтай жаңартылып, 8,5 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынады.

    Сонымен қатар тұрғындардың қолайлылығы үшін 9 жаңа аялдама орнатылады, 335 көше шамы қойылады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде шағынауданның барлық көшелері жол инфрақұрылымымен толық қамтылмақ.

    Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жылдың желтоқсан айы деп жоспарлануда.

    Аталған шаралар Қарлығаш шағынауданындағы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

  • Үкімет бюджет шығындарын қысқартады

    Үкімет бюджет шығындарын қысқартады

    Қазақстан үкіметі басым емес шығындарды азайтып, қаржыны маңызды бағыттарға жұмсамақ. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, 2025 жылғы бюджет жобасын қалыптастыру кезінде әкімшілерден 34 трлн теңгеге өтінім түскен. Алайда соның 25,7 трлн теңгесі ғана мақұлданып, 8 трлн теңгеден астамы бюджетке енбеген.

    «Экономикалық тиімділігі жоқ шығындарды қысқартып жатырмыз. Әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында тиімсіз шығындарды айтарлықтай азайттық», — деді премьер-министр.

    Сонымен қатар, Бектенов нақты мұқтаж азаматтарға көмектің қысқармайтынын атап өтті. Тәртіп орнату үшін Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Ол халықты алты санатқа бөлді. Соңғы, алтыншы санатқа тұрғын үйі, көлігі мен жұмысы бар, бірақ мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар кірген.

    Қазіргі уақытта скорингтік жүйе Қарағанды мен Шымкентте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Кейін бұл жоба барлық өңірлерге енгізілмек.

    Оңтайландыру нәтижесінде 2024–2025 жылдары шамамен 290 млрд теңге үнемделді. Ал 2026 жылы тағы кемінде 165 млрд теңге үнемдеу жоспарланған.

    «Бұрын кей өңірлерде бір баланың бір күнде 10 үйірмеге барғаны туралы есептер болған. Мұның бәрі жасанды көрсеткіштер. Қазір тәртіп орнатылғаннан кейін осындай үнем пайда болды», — деді Олжас Бектенов.

  • Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева айтты.

    «Әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету бойынша 1778 оқушы көмек алды. Оның ішінде жалпыға бірдей білім беру қорынан 60 096 400 теңге бөлінді. Бұл қаражат 1300 оқушының (әр балаға – 46 228 теңге) заңды өкілдерінің шотына аударылды», – деді бөлім басшысы.

    Ол «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 478 балаға көмек көрсетілгенін де атап өтті. Жалпы қаражат сомасы 6 млн 625 мың теңгені құрады.

    Сондай-ақ аталған акция шеңберінде мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті.

    Айта кетейік, 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштері бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Ол арқылы 70-тен астам ұсыным, өтініштер түскен. Қала мектептерінде 13000-нан астам оқушы білім алады.
    ___

  • Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаев қаласында Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ашылды.

    Алғашқы қоңырау салтанатында балалар 1-сыныпқа қабылданып, барлығы 1628 оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте бастады.

    Салтанатты шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жиналған жұртты айтулы күнмен құттықтады.

    «Бүгінгі күн – біздің еліміз үшін ғана емес, әрбір отбасы үшін ерекше әрі маңызды. Себебі, жаңа оқу жылының басталуы – жас ұрпақтың болашаққа қадам басар сәті. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, білім жолында барлық жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін!» – деді ол.

    Ал ата-аналардың тарапынан Юлия Трофимова сөз алып, балақайлардың зейіні ашылуына тілектестігін білдірді.

    Айта кетейік, А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеу жүргізуге жабылуына байланысты бастауыш сыныптың оқушылары Қ.Қайсенов атындағы орта мектепте, 5-11-сыныптағылар орта мектеп-гимназияда білім алатын болады.

    Бүгінде қала мектептерінде барлығы 13 377 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 631 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде:
    • «Алтын белгі» – 45 оқушы,
    • Үздік аттестат – 66 оқушы.

    Жалпы саны 465 түлек қазақстандық ЖОО-ларға түсті, оның ішінде 3 оқушы облыс әкімінің грантының иегері атанды. Сонымен бірге, 48 түлек Ресей жоғары оқу орындарына, 50 түлек алыс және жақын шетелдердегі университеттерге қабылданды. Барлығы 342 түлек грант иегері болды, бұл – 54,1%.

    Жыл қорытындысы бойынша қаладағы білім сапасы 68,3% құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артты.