Рубрика: Мәдениет

  • Алматыда Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауапқа тартылды

    Алматыда Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауапқа тартылды

    Алматы қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауаптылыққа тартылды.

    Прокуратура 2019-2023 жылдарға ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатын игеру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне тексеру жүргізді.

    Ақпаратқа сәйкес, ұлттық фильмдердi тиімсіз қаржыландырудың фактiлерi анықталды. Мысалы, 2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» кинофильмі 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Алайда мемлекет толықтай қолдағанына қарамастан, аталған фильм прокатқа сол күйі шықпаған.

    Ал «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қаржылық қолдау, ұлттық фильмдерді және соған байланысты іс-шараларды шығаруды, прокаттауды және көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде көрсету үшін ұсынылады. Оның үстіне, аталған фильмге прокаттан өткізу куәлігі алынбаған, бұл Заңның 14-бабы 1-тармағына қайшы келеді (ұлттық деп танылған фильмге ұлттық фильмнің куәлігі беріледі).

    Осылайша мемлекет заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20 %-ын алу мүмкіндігінен айырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Сонымен бірге 421 млн теңгеге қаржыландырылған «Тырналар» фильмі де прокатқа шықпаған.

    Прокуратура 2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмегендігін атап өтті. Жүйе елдің барлық кинотеатрларында көрсетілімдер мен сатылған билеттер бойынша, сондай-ақ фильмнің бюджеті бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік берер еді.

    Бұған қоса сараптамалық кеңестің жұмысы наразылық тудырып отыр. Кинокомпаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері мен құрылтайшылары сараптамалық кеңестің құрамына кіргендіктен, киножобаларға объективті іріктеу жүргізілмеген. Жобаларды осылайша қаржыландыру ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №113 Қаулысына қайшы келеді, – делінген хабарламада.

    Көрсетілетін орасан зор мемлекеттік қаржылық қолдауға қарамастан, күтілетін мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілмеген.

    Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

  • «Ел өркендеуі керек»: Асанәлі Әшімов референдумда дауыс берді

    «Ел өркендеуі керек»: Асанәлі Әшімов референдумда дауыс берді

    Қазақстанның Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, театр әрі кино актері және режиссері Асанәлі Әшімов Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді.

    Артист бұл оқиғаның еліміз үшін маңыздылығын атап өтті. «Бұл – біздің азаматтық борышымыз, оны елеусіз қалдыруға болмайды. Мемлекет халықтың шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Сондықтан референдумда дауыс беру маңызды. Ел өркендеуі керек, бұл біздің қолымызда!», – деді Асанәлі Әшімов.

  • Роза Рымбаева: «Бүгін барлық қазақстандықтар үшін тарихи күн»

    Роза Рымбаева: «Бүгін барлық қазақстандықтар үшін тарихи күн»

    Әнші №17 мектеп-интернатта орналасқан №387 сайлау учаскесіне барды. Роза Рымбаева іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, бүгін ел және әрбір қазақстандық үшін тарихи күн екенін атап өтті.

    «Азаматтарымыздың референдумға қатысуы-Қазақстанның болашағын түсінудегі маңызды қадам. Бүгінде әрқайсымыздың өз ұстанымымызды білдіруге мүмкіндігіміз бар. Қарқынды өзгерістер жағдайында референдум қорытындысы бізге еліміздің қозғалысын дамыту векторын көрсетеді», – деді ол.

  • Тәуекел Мүсілім қуанышты жаңалығын бөлісті

    Тәуекел Мүсілім қуанышты жаңалығын бөлісті

    Динара Сәтжанның «Late night show» жобасында белгілі актер Тәуекел Мүсілім мен оның жары Махаббат Мүсілім қонақ болды.

    Бағдарлама барысында Тәуекел Мүсілім қуанышты жаңалығын бөлісіп, үшінші сәбилерін күтіп жүргендерін мәлім етті.

  • Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    •  ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

    Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.

    Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады, — делінген Үкіметтің мәліметінде.

    Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

    Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.

  • Ғали Ормановтың еш жерде кездеспеген кітабы табылды

    Ғали Ормановтың еш жерде кездеспеген кітабы табылды

    Керекуден Ғали Орманұлының «Өмір дастаны» кітабы табылды. Ол Ахмет Байтұрсынұлының қарпінде жазылған.

    Кітапты Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне қаламгердің жиені Айдар Қырықбайұлы тарту етті.

    Жәдігердің ерекшелігі – кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған.

    Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны – Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы»,«Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.

    «Ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне аударған. Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп жазған күнделігі бізге осы кітаппен бірге келді. Күнделіктерді оқып зерттеп жатырмыз. Ол латын әрпімен жазылған, оны Жамбыл атамыздың мерейтойына шығарамыз деп отырмыз», – деді музей басшысы Ербол Қайыров.

    Анықтама үшін:

    Ғали Орманов (1907-1978 жж.) – бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына арнаған азамат. Оның қаламынан руханиятқа нәр беретін өлең жинақтары, поэмалар, жыр кітаптары, прозалық жинақтар жарық көрген.