Рубрика: Жаңалықтар

  • Шымкенттегі колонияда жасырын жиналыстар өткізген сотталушыға қосымша жаза тағайындалды

    Шымкенттегі колонияда жасырын жиналыстар өткізген сотталушыға қосымша жаза тағайындалды

    Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бес баланың әкесіне қатысты істі қарады. Ол жазасын өтеу кезінде жасырын жиналыстар өткізіп, экстремистік көзқарастарды насихаттаған, деп хабарлайды Sona.kz қала сотына сілтеме жасап.

    Сот дерегінше, 2025 жылдың сәуір–мамыр айларында сотталушы №54 мекемесінде өзге тұтқындарды жинап, экстремистік ұйымға тән радикалды көзқарастарды таратқан. Оның әрекеті ҚР ҚК 259-бабы 1-бөлігі бойынша (экстремистік әрекет ұйымдастыру мақсатында үгіттеу) сараланды.

    Айыпталушы кінәсін мойындап, қатаң жаза бермеуді сұраған. Сот оның бес кішкентай баласының барын – жеңілдететін, ал қылмысты қайталап жасағанын – ауырлататын жағдай ретінде қарады.

    Нәтижесінде сотталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Жазаларды біріктіру арқылы түпкілікті жаза – 8 жыл 6 ай болып белгіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

    Бұған дейін Ақтөбедегі колонияда сотталғандар бейнебақылау камераларын сындырып, қосымша жаза алған. Ал Абай облысында сегіз сотталушы өзге тұтқындардан ақша бопсалағаны үшін 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

  • «Пойыздағы төменгі орын дауы: жолаушылар бағаны қымбаттатуды ұсынды»

    «Пойыздағы төменгі орын дауы: жолаушылар бағаны қымбаттатуды ұсынды»

    Қазақстанда пойыздағы орын бөлу мәселесі тағы да талқыланып жатыр. Бұған бір жолаушының шағымы себеп болды: оның айтуынша, билет төменгі орынға сатып алынғанымен, жиі үлкен жастағы адамдарға беруге тура келеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады. Проводниктер әдетте араласпайды, ал үлкен жастағы жолаушылардың уәжі бір — «дәстүр бойынша жастар орын беруі тиіс». Осыған байланысты ол КТЖ-ға ұсыныс жасады: жасы үлкен адамдарға жоғарғы орын билеттерін сатпау.

    «Пассажир тасымалы» компаниясы мұндай шектеулер ережелерде қарастырылмағанын мәлімдеді.

    «Вагондағы барлық орын тең. Жолаушы өз таңдаған әрі ақысын төлеген орынды алуға құқылы», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

    Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірталас мәселенің өзектілігін көрсетті. Бірі жас шектеуін қолдаса, енді бірі орын беру — әркімнің жеке таңдауы екенін айтады. Ал тағы бір ұсыныс — төменгі орын бағасын қымбаттату.

    Компанияда тариф пен тасымал ережелерін Көлік министрлігі бекітетінін айтты. Перевозчик өздігінен баға немесе шарттарды өзгерте алмайды.

    Сондықтан әзірге жолаушыларға билет алдын ала сатып алып, өзіне ыңғайлы орынды таңдауға кеңес берілді.

  • «Қайраттың» тарихи жеңісі: Қазақстан клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты

    «Қайраттың» тарихи жеңісі: Қазақстан клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты

    Алматылық «Қайрат» Қазақстан футболының тарихына жаңа белес қосты. Команда тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл – ел футболындағы айтулы оқиға, себебі осы уақытқа дейін мұндай жетістікке тек 2015/16 жылғы маусымда «Астана» ғана қол жеткізген еді.

    Матч плей-офф кезеңінде Шотландияның атақты «Селтигіне» қарсы өтті. Қарсылас тәжірибесі мол, бірнеше рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған клуб болғанына қарамастан, «Қайрат» жанкүйерлерін тарихи нәтижемен қуантты. Негізгі және қосымша уақыт тең аяқталды, ал шешуші сәт бәрін пенальти сериясында айқындады.

    Кездесудің басты кейіпкері – Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков. Ол «Селтиктің» алғашқы екі пенальтисін сәтті қайтарып, командаға сенімділік сыйлады. Алматылықтардың жартылай қорғаушысы Валерий Громыко өз мүмкіндігін жіберіп алғанымен, одан кейін үш қорғаушы қатарынан дәл соққы жасады: беларусь Александр Мартынович, израильдік Офри Арад және ресейлік Егор Сорокин.

    Шешуші сәтте тағы да Анарбеков өз шеберлігін көрсетті – қарсыластың үшінші соққысын да қайтарып, «Қайратқа» тарихи жеңіс сыйлады. Нәтижесінде пенальти сериясы 3:2 есебімен аяқталды.

    Бұл жетістік – тек клуб үшін ғана емес, жалпы қазақстандық футбол үшін де маңызды қадам. «Қайрат» бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде бірнеше рет бақ сынағанымен, топтық кезеңге жете алмаған еді. Тек 2021/22 маусымында Конференциялар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, бірақ жеңіссіз аяқтаған.

    Енді алматылық клуб Еуропаның мықтыларымен бір топта сынға түседі. Бұл Қазақстан футболының деңгейін көрсетуге, сонымен қатар жаңа тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік.

  • Дәрігерлер Павлодардағы қайғылы оқиғаға қатысы бар әйелдің жағдайын айтты

    Дәрігерлер Павлодардағы қайғылы оқиғаға қатысы бар әйелдің жағдайын айтты

    Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де секірген әйел ауруханадан шығарылды. Бұл туралы қаладағы №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Дәрігерлердің айтуынша, науқасқа бірнеше ота жасалған: екі өкше сүйегіне, сол және оң иық сүйектеріне остеосинтез жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.

    Еске салайық, қайғылы оқиға 30 шілде күні сағат 13:00 шамасында болған. Әйел екі кішкентай баласын 5-қабаттағы пәтерінің терезесінен лақтырып, артынан өзі секірген. Сол күні кіші ұлына шұғыл ота жасалып, бір бүйрегі алынды. Операция кезінде оның жүрегі тоқтап қалған, алайда дәрігерлер баланы аман алып қалған еді. Алайда 1 тамыз күні кешке сәбидің жүрегі қайта тоқтап, қайтыс болды.

    Үлкен ұлы аман қалды. Екі аптадан соң дәрігерлер оны ауруханадан шығарды. Мамандардың айтуынша, оған кем дегенде бір жылдық оңалту қажет.

    Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

  • Нью-Йорк соты Храпуновты активтері туралы толық есеп беруге міндеттеді

    Нью-Йорк соты Храпуновты активтері туралы толық есеп беруге міндеттеді

    Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералдық соты Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпуновты сотты құрметтемеу бабы бойынша кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Sona.kz соттың ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.

    2025 жылдың 6 тамызында өткен отырыста Храпунов өз активтері мен сот шешімдерін орындау әрекеттері жөнінде тұрақты түрде есеп беру туралы талапты орындамағаны анықталды. Енді ол өзінің барлық мүлкі туралы толық ақпарат беруге және Алматы қаласы мен БТА Банкінің шығындарын өтеуге міндеттелді.

    Айта кетейік, 2022 жылы осы сот Храпуновқа айғақтарды жойып, жалған мәлімет бергені үшін 221 мың доллар айыппұл салған болатын. ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл – АҚШ соты Храпуновтың заң бұзушылықтарын тіркеген кемінде алтыншы жағдай.

    Храпуновтар отбасы мен олардың серіктесі Мұхтар Әблязов БТА Банктен миллиардтаған долларды заңсыз шығарып, Алматыға зиян келтіру фактілері бойынша бірнеше халықаралық сот процестерінде аталған. 2024 жылы Нью-Йорк сотының алқабилері Алматы қаласы мен БТА Банктің пайдасына 32 миллион доллардан астам қаржы өндіру туралы шешім шығарған болатын.

  • Шымкентте жолаушы сыра бөтелкесімен таксиді талқандап, кейін кешіріммен құтылды

    Шымкентте жолаушы сыра бөтелкесімен таксиді талқандап, кейін кешіріммен құтылды

    Шымкентте такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал көліктің бүлінуімен аяқталды. Оқиға бойынша қаралған қылмыстық іс қалалық ауданаралық сотта аяқталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап.

    Қақтығыс өткен жылдың жазында, таңғы сағат 05:30 шамасында болған. Әйел «Яндекс GO» қосымшасы арқылы такси шақырған. Дәл не үшін жанжал шыққаны сотта айтылмады. Алайда салдары ауыр болды.

    Сот деректеріне сәйкес, айыпталушы көліктің ішінде отырып, қолындағы шыны сыра бөтелкесімен алдымен алдыңғы панель мен мониторды сындырған. Бұған қанағаттанбаған ол сыртқа шығып, сол бөтелкемен бүйір терезесін қиратқан. Кейін жол жиегінен тас алып, көліктің алдыңғы және артқы әйнектерін, есік қаптамасын талқандаған.

    Тергеу материалдары әйелдің кінәсін толық дәлелдеген. Ол «Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша айыпталды.

    Алайда сот процесі күтпеген жерден татуласумен аяқталды. Әйел кінәсін мойындап, таксистке келген шығынды толығымен өтеп берді. Жүргізуші де кешірім жасап, соттан айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

    Сот тараптардың өтінішін қанағаттандырып, істі тоқтатты. Шешім заңды күшіне енді.

  • Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

    Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

    Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Бұған авиаотынның қымбаттығы себеп болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz.-ке сілтеме жасап.

    Ведомство жүргізген талдау халықаралық жолаушылар және жүк тасымалдаушы әуе компанияларына отынның негізсіз қымбат сатылғанын көрсетті.

    «Әуежайлар арқылы отын сату оның құнын 60 пайызға дейін арттырады. Соңғы бес жылда бұл жүк тасымалының 36 пайызға, халықаралық рейстердің 58 пайызға қысқаруына алып келді», – делінген агенттік мәлімдемесінде.

    Сонымен қатар тексерістер екінші деңгейлі көтерме нарықтағы авиаотын жеткізушілерін де қамтиды.

    Бұған дейін Өскемен әуежайында миллиондаған қаржыны жымқыру схемасы анықталғаны хабарланған болатын. Тергеу дерегінше, бес жыл бойы әуежайдың бұрынғы президенті мен лауазымды тұлғалары жалақыны негізсіз өсіріп, жалған сыйақылар тағайындап және жасанды келісімшарттар арқылы қаражатты иемденіп отырған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 157 миллион теңгені құрады.

  • Дәнекерлеушілер еңбегі – қала дамуының тірегі

    Дәнекерлеушілер еңбегі – қала дамуының тірегі

    2025 жылды ҚР Президентінің Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегіне жаңа серпін берді. Қала инфрақұрылымын жетілдіруде, жарық, су, газды үздіксіз жеткізуде дәнекерлеушілердің рөлі айрықша.

    Мамандардың айтуынша, дәнекерлеушілердің еңбегі – көзге көрінбегенімен, күнделікті тұрмыстың қалыпты жүруіне тікелей әсер етеді.

    35 жылдық тәжірибе

    Өмірзақ Үсенұлы электр энергиясын тасымалдау саласында 1988 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір ол «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ-ның Қонаевтағы қосынында беделді маман ретінде танылған.

    «Біз таңертеңгі сағат 8.00-де жұмысқа кірісеміз. Сол уақыттан бастап тұрғындардан түскен өтініштерді орындап, ақауларды қалпына келтіреміз. Көбіне қосалқы станцияларда жұмыс істейміз. Бір сәттік қателіктің өзі жарық жүйесінде апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің жауапкершілік өте үлкен», – дейді маман.

    Газ жүйесінің сенімділігі үшін

    Ерлан Мыңжасаров «Қапшағай аймағы газ жүйелері» ЖШС-де дәнекерлеуші болып қызмет атқарады. Оның айтуынша, бұл мамандықтағы бедел еңбек өтілі мен тәжірибе арқылы ғана қалыптасады.

    «Біздің қызметте лауазым разрядтармен өлшенеді. Оған жету үшін бірнеше жылдық тәжірибе қажет. Сондықтан бұл салада шыдамдылық пен жауапкершілік керек. Газ құбырлары дәнекерленгеннен кейін міндетті түрде 2-3 рет тексерістен өтеді. Біздің мақсатымыз – көгілдір отынды халыққа үздіксіз жеткізу», – дейді ол.

    Энергетика мен газ жүйесіндегі дәнекерлеушілердің еңбегі – қаланың тұрақты дамуының кепілі. Инфрақұрылымның мүлтіксіз жұмыс істеуі олардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.

  • Қазақстандықтардың банк шоттарын салық органдары тексере алады

    Қазақстандықтардың банк шоттарын салық органдары тексере алады

    Қазақстанда мемлекеттік кірістер органдарына азаматтардың банк шоттары туралы деректерге қол жеткізу құқығын беру ұсынылды. Тиісті бұйрық жобасын Қаржы министрлігі әзірледі, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Жобаға сәйкес, банктер салық органдарына мынадай ақпарат беруге міндеттелмек:
    • шоттардың болуы және олардың нөмірлері;
    • ақшаның қалдығы мен қозғалысы;
    • несиелер туралы мәлімет;
    • құны 20 000 АЕК-тен (2025 жылы – 78,64 млн теңге) асатын мүлік алған азаматтардың қаражат қозғалысы.

    Бұл өзгерістер активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 нысан) және кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысан) тапсыруға міндетті азаматтарға қатысты болмақ.

    Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жаңа ереже кірістер мен мүлікті тексеруді жеңілдетіп, әділ салық салуға, бюджет түсімдерін арттыруға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға мүмкіндік береді.

    Құжат 2025 жылғы 9 қыркүйекке дейін жария талқылауда болады.

    Бұған дейін шетелдік шоттарын жария етпеген кейбір азаматтарға ескертусіз айыппұл салынатыны хабарланған.

  • Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізіледі: қант пен тұз көлемі бірнеше есе азаяды

    Қазақстан мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізіледі: қант пен тұз көлемі бірнеше есе азаяды

    2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың тамақтануына қатысты жаңа ережелер күшіне енеді, деп хабарлайды Sona.kz ҚР Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Министрдің 2025 жылғы 4 наурыздағы бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарында жаңартылған Тамақтану стандарты енгізіледі. Құжат халықаралық талаптарға сәйкес әзірленіп, Қазақстанның Тамақтану академиясы мен ЮНИСЕФ мамандарының қатысуымен дайындалған.

    Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, негізгі мақсат — қант пен тұздың шамадан тыс тұтынылуын азайту. Бұл өнімдер диабет, жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады.

    Жаңа стандарт бойынша оқушыларға берілетін қант мөлшері 3,6 есеге қысқарады. 6–18 жас аралығындағы балаларға тәуліктік норма 15-тен 21 грамға дейін белгіленді. Бұрын бұл көрсеткіш тәулігіне 70 граммды құрайтын.

    Тұзды тұтыну нормасы да өзгерді: енді ол 8 граммнан 3 граммға дейін төмендетілді. Бұл — бұрынғы көрсеткіштен шамамен 2,7 есе аз.

    Сонымен қатар мектеп асханаларында көкөністер, жеміс-жидектер мен сүт өнімдерінің үлесі артады. Министрлік өкілдері теңгерімді тамақтанудың балалардың денсаулығы мен қалыпты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

    Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейі халықаралық ұсыныстан әлдеқайда жоғары болғаны анықталған.