Рубрика: Жаңалықтар

  • «Семей орманы» филиалының директоры ұсталды

    «Семей орманы» филиалының директоры ұсталды

    «Семей орманы» филиалының директоры ұсталды. Сондай-ақ орманды заңсыз отады деген күдікпен полицияға 20-дан астам маман жеткізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

    Ведомство ақпаратына сүйенсек, тінту барысында оталған ағаш, ағаш өңдеу станоктары, ақша мен құжаттар тәркіленді.

    «Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды,Сонымен қатар күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

    Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 8 маусым күні «Семей орманы» табиғи қорығын алапат өрт жайлады. Өртті сөндіруге кеткен 15 адам қайтыс болды.

  • Шахтада кенші қаза тапты

    Шахтада кенші қаза тапты

    Оқиға Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің Соколов шахтасында болған. 280 метр тереңде жұмыс істеп жатқан шахтер қаза тапты.

    Ақпаратты комбинаттың баспасөз қызметі растады.

    «Өндірісте құрылыс жұмыстары жүргізілген. Содан кейін 280 метр тереңдікте тау-кен массасының бір бөлігі опырылып, жұмысшының үстіне құлап, басып қалған. Қызметкер ауыр жарақат алып, тіл тартпастан қаза тапты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген ресми хабарламада. 

    Кәсіпорын ұжымы көңіл айтып, сондай-ақ марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

  • Алматыда үндістандық 2 азаматтан есірткі тәркіленді

    Алматыда үндістандық 2 азаматтан есірткі тәркіленді

    Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 24 және 26 жастағы екі Үндістан азаматын ұстады. Олар Прокофьев көшесіндегі үйлердің ауласында есірткі бетбелгісін қойып жатқан.

    «Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктілерден тәркіленген түйіншектердің ішінде мефедрон есірткі заты болған. Олар қылмыстарын мойындады. Қазір Алматыға шөпті жеткізу арнасы және оны өндірудің ықтимал жолдары анықталуда. Ұсталғандар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу басталды», — деді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.

  • Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биылғы шомылу маусымы басталғалы балалардың суға кету фактісі жиілеген. Мұны ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтты. 

    Сөзінше, биыл жаз басталғалы 70 адам суға кеткен. Оның ішінде 30 бала бар. Өткен жылы 83 адам суға батып кеткен. Бала өлімі бойынша көрсеткіш былтырғыдан асып түсті.

    «Дегенмен жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 3 пайызға, 2022 жылы 42 пайызға, 2023 жылы 4 пайызға, биыл 15 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр (2 240 ересек, 701 бала)», — дейді ол.

  • Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Бұл туралы шешім облыстық мәслихаттың кезекті отырысында шығарылды.

    «Алматы облыстық мәслихаты шешімінің және Алматы облысының әкімдігі қаулысының қосымшасына сәйкес, Алатау қаласының шекарасына жалпы ауданы 88267,0086 гектар жер учаскелерін қоса отырып, белгіленсін», — делінген құжатта.

    Алдағы уақытта Алатау қаласының құрамына Қонаев қаласынан 10937,0052 гектар, Іле ауданынан 65213,0004 гектар және Талғар ауданынан 12117,003 гектар жер телімі өтеді. 

    Құжат қоғамдық талқы үшін «Ашық НҚА» сайтына 23 шілдеге дейін орналастырылды.

  • Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қазіргі таңда бюджет қаржысына 10-шағын ауданда 180 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерлік 9 көпқабатты үйдің сметалық құжаттары жасалып жатыр. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында белгілі болды.

    «Алдағы жылдары 31 көпқабатты үй тұрғызу жоспарланған. Жалпы 2050 жылға есептелген Бас жоспарға сәйкес, 2 538.2 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру көзделуде», – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиева.

    Тілшілер бүгінде жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатқан «Sun City» және «Аристократ» кешендеріне барды. «Sun City» кешені 12 қабаттан, 3 бөліктен тұрады. Жалпы ауданы – 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар.

    Ал «Аристократ» кешенінде 552 пәтер қамтылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 54,5 мың ш.м. Бес блокты 10,9 мың  ш.м. құрайтын бөлігін биыл пайдалануға беру жоспарланған.

    «Қаламызда 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 2 тұрғын үй кешені мен 5  көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Олардың жалпы ауданы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында  85 пәтер сатып алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Жақында табыс етіледі», – деді маман.

    Бұдан кейін журналистер бұқаралық спортты дамытуға арналған «Кроссфит» алаңына барды. Мұнда шағын футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орналасқан. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Нысанның жалпы аумағы – 1 гектардан астам. Алаңның әрін жасыл аймақ пен шағын сәулеттік нысандар келтіріп тұр.

    «Бұл жерде жұрт демалуға әрі денешынықтырумен айналысуға арналған спорттық шараларды ұйымдастырмақпыз. Қонаевта жылына 300-ден астам түрлі турнир, жарыстар, додалар өтеді. Спортсүйер қауымның да саны жыл санап артуда. Әсіресе, ашық алаңда ұйымдастырылатын шаралардың көрермені қалың», – деді мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенова.

    Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлері жаңадан ашылған №5 қалалық жағажайды аралап шықты. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды алып жатыр. Мұнда футбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес объектілері, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған.

    Жергілікті мамандардың сөзінше, қалада туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтырғы шомылу маусымында 1,2 млн халық келсе, биыл оның саны екі есе өсуі мүмкін деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.

    Жағажай жайлы жұртшылық та пікірін білдірді.

    «Ұнады. Бұл нысан басқалармен салыстырғанда әдемі етіп жасалған екен. Балаларымыз хауызға шомылып, әткеншек теуіп, риза болып жүр. Қонаев өркендеп, дами берсін», – деді алматылық тұрғын Айгерім.

    Сонымен қатар мамандар Қонаевта №6 және №7 жағажайларды абаттандыру көзделіп отырғанын айтты. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.

  • Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Түркия, Америка, Египет: әкімдер қайда демалады?

    Жалпақ жұрт еңбек демалысына жапа-тармағай шығып жатыр. Оның бірі –дәрігер, бірі – кәсіпкер, мемқызметкер, тағысын тағы. Тақырыптан алшақтамай, Sona.kz ұжымы әкімдер жаздың аптап ыстығында демалысын қалай өткізетіні жайында зерттеу жүргізді.

    Бізді таңқалдырғаны Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының берген жауабы болды. Сөзінше, 3 жылдан бері еңбек демалысына шықпаған, теңізде шомылып, күнге күймеген.

     

    «Жалпы әкім тарихи орындарда уақыт өткізгенді жақсы көреді. Сондай-ақ ол ішкі туризмді дамытуға кеңес береді», – делінген жауапта.

    Өңір басшысы мүмкіндік болса, Түркия, Египет, Грузия сынды елдерге барып қайтуды да жөн санайды. Мұнда тек демалып қоймай, тарихпен танысуға мүмкіндік бар – дейді әкім.

    Ұлытаумен қатар құрылған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Берік Әбдіғалиұлына қарағанда екі рет қысқа мерзімді еңбек демалысына барған. Ал халыққа Алакөл мен Шошқалы көлдерінің табиғатында уақыт өткізуді ұсынады.

    Курорт пен санаторийсіз қызмет еткендердің қатарынан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да табылды. Ол екі жыл бойы ақ тер, қара терге түсіп, жұмыс жасап жүр. Қолы қалт еткенде ақ жаулықты анасына барады. Елдің түкпіріндегі басқа жерлерден гөрі, бұқараны Түркістанға келіп, зиярат етіп, «Керуен сарайды» көруге шақырады.

    Келесі әкім – жиында қарамағындағы мемқызметкерді Антикор алып кеткен Ғабит Сыздықбеков. Елді елең еткізген басшы былтыр тағайындалғаннан Шымкенттен аттап баспаған, жанына жай іздемеген. Техас лақап атымен танымал Шым шаһарға келуге кеңес береді.

     

    «Біздің қаладан экскурсияны да, тарихи-мәдени орындарды да, емдік аймақтарды да, бизнес туризмін де табуға әбден болады. Шымкент – арзан қалалардың бірі, сондықтан халыққа қолжетімді», – деп жазды әкімдік.

    Басына күн туған батыстық әкім Нариман Төреғалиев болса, биыл еңбек демалысына шығуды жоспарламаған. БҚО-ның мамандары су тасқыны салдарын жоюмен айналысуда. Негізі бір бүйірі санаторийге барып, ем алуға бұрып тұрады.

    Нариман Төреғалиұлы секілді биылдыққа жоспары жоқтың санатында Ақтөбе мен Ақмола облысының әкімдері де бар. Олар үшін көктемгі күйзеліс күз соңы мен қыс басына дейін жалғасатыны – анық. Ақтөбелік әкім өз өңірін мақтап, өзгеден ерек көреді. Табиғаты тұмса, көңілден шығатын аймақтардың бірқатарын тізіп жазыпты: Қарғалы су қоймасы, сарқырамалар, «Аққұм», «Ақтолағай» борлы тауы, «Барқын», «Аққайың» орманы, «Қобыланды батыр» мемориалды кешені және т.б. Ал ақмолалықтар жай ғана: «Бізге келіңдер, көріңдер» — деп, сұраққа сараң жауап қатты.

    Атыраулық шенеунік жоспарымен бөлісуден бас тартты, бірақ, отбасымен демалғанды ұнататынын жазды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Тұздыкөл, Ақкерегешін, Нарын, Ақмешіт, Сарайшық секілді тарихи әрі әсем жерді көруге шақырады.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр демалысқа шыққанын білеміз. Ал биыл не көздеп отырғанын ашып жазбады. Ол «Көлсай көлдері», «Іле Алатауы», «Шарын шатқалы» ұлттық парктері туралы жүз естігенше, бір көруді ұсынды.

    Маңғыстаулық, астаналық шенділердің түртіп өткені мүлде қанағаттандырмады.

     

    «Әр маман қайда демалам десе де, өзі біледі», — деп астаналықтар қысқа қайырды.

    Бас қаланың әкімі Жеңіс Қасымбек былтырлары халық сынына ұшырағаны есімізде. Әлі де кері байланыс орнатып, қарым-қатынас құруды үйренбеген секілді.

    Маңғаз маңғыстаулықтар шын мәнінде маңғаз екендерін дәлелдеп, шенді-шекпенділер турасындағы заңды алға тартты. Нұрдәулет Қилыбай демалысын қалай өткізетіні жайлы сөз етпеді. Есесіне, өңірде 17 туроператордың қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

    Жалпы біз сұраған облыс және қала әкімдерінің барлығы дерлік жақындарымен уақыт өткізгенді абзал санайтындарын атап өтті. Расымен солай ма?! Ақиқатын халық іштей сезеді, түйсінеді. Біздікі – ресми хатты әлеуметке жеткізу ғана.