Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ICAO кеңесінің төрағасы Сальваторе Шаккитаномен кездесуде мәлімдеді.

    Мемлекет басшысының айтуынша, қазір еліміз 30-дан астам мемлекетпен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур бағыттарында жаңа тікелей рейстерді іске қосу жоспары бар.

    «Өткен жылдан бастап Монреаль қаласында ICAO жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі жұмыс істеп тұр. Ал 2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есеге — жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды», — деді Президент.

    Сондай-ақ кездесуде азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат саладағы ұзақмерзімді стратегияның негізіне айналмақ.

    ICAO басшысы Қазақстанның авиация саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, тұрақтылықты, даму қарқынын және нақты институционалдық құрылымды ерекше атап өтті.

    Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары ондаған жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Дананг және Каир бар. Билік өкілдері мұндай бәсекенің өсуі билет бағасын төмендетіп, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынады деп сенеді.

  • Атбасарда сібір жарасы: 19 адам бақылауда, екі ауыл карантинге жабылды

    Атбасарда сібір жарасы: 19 адам бақылауда, екі ауыл карантинге жабылды

    Ақмола облысы Атбасар ауданында сібір жарасы жұқтырғандар саны артты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, індет жеті адамнан анық расталған, тағы 12 адам медициналық бақылауда. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі төрт жағдай туралы хабарлаған еді.

    Індеттің ошағы – Магдалиновка мен Новомариновка ауылдарынан жеті шақырым жерде орналасқан, бұған дейін сібір жарасынан өлген мал көмілген аумақ. Дәл осы маңда екпе салынбаған, тіркеуге алынбаған мал жайылған. Ауру жұқтырған 10 бас ірі қара өртеліп жойылды.

    «Мал заңсыз жайылған, қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Оқиға орнында залалсыздандыру жүргізіліп, шлагбаум орнатылды, екі ауыл карантинге жабылды. Ет өнімдері дер кезінде тәркіленді. Астана базарларындағы барлық ет өнімдерінен сынама алынды, нәтижелері теріс. Халыққа қауіп жоқ», – деді министр.

    Карантин 15 күнге созылады. Кейін қайта сынама алынып, карантинді ұзарту немесе тоқтату мәселесі шешіледі. Қазір ауданда республикалық эпизоотикалық отряд жұмыс істеп жатыр. Залалданған мал иесі жауапқа тартылады.

  • 22 млн теңге жымқырған интернет-алаяқтар Алматыда ұсталды

    22 млн теңге жымқырған интернет-алаяқтар Алматыда ұсталды

    Қарағандылық 77 жастағы зейнеткерді алдап, 22 миллион теңгесін иемденген күдіктілер қолға түсті.

    Қарағанды және Алматы қалаларының полицейлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, көрші елдің екі азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, қаражатын “қорғау” мақсатында барлық жинағын өз еркімен аудартуға көндірген.

    Зейнеткер бастапқыда алаяқтардың арбауына түскенін түсінбеген. Тек полициямен болған әңгімеден кейін ғана қылмыстың құрбаны екенін мойындаған. Тінту кезінде күдіктілерден толық көлемде – 22 миллион теңге тәркіленді.

    Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу басталды. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

  • Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жазғы шомылу маусымы басталғалы Қазақстанда 37 адамның суға кетуі тіркелді, оның ішінде 12-сі — кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Sona Media редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

    Қайғылы оқиғалардың көбі — рұқсат етілмеген орындарда болған

    Мәліметке сәйкес, суға кеткендердің алтауы ғана арнайы рұқсат берілген, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағажайларда шомылып жүріп қаза тапқан. Қалған 31 адам шомылуға арналмаған, бақылаусыз, жабдықталмаған су айдындарында суға кеткен.

    «Осындай қайғылы оқиғалар, әдетте, құтқару қызметі жоқ, бақылау жүргізілмейтін су жағасында болады. Сондықтан азаматтардан судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз», — делінген министрлік хабарламасында.

    Елімізде 722 жағажай ресми түрде рұқсат алған, ал 6 784 жерде шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған

    Қазіргі таңда республика көлемінде қауіпсіздік талаптарына сай келетін 722 ресми жағажай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 6 784 су айдынында «Шомылуға тыйым салынады» деген арнайы белгілер орнатылған. Рұқсат етілген және тыйым салынған орындардың толық картасын 2GIS платформасынан көруге болады.

    30 мыңнан астам рейд пен 201 мобильді құтқару бекеті

    Жаз басталғалы ТЖМ және полиция қызметкерлері еліміздегі су қоймаларында 30 000-нан астам рейд пен патруль жүргізген. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 902 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

    Сондай-ақ, аса қауіпті аумақтарда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 201 мобильді құтқару бекеті орналастырылған.

    Суда қауіпсіздік сақтаудың негізгі ережелері:
    • Тек ресми рұқсат етілген жағажайларда шомылыңыз;
    • Мас күйде суға түспеңіз;
    • Балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
    • Буйлардан әрі жүзіп кетпеңіз, биік жартастардан секірмеңіз;
    • Катерлер мен өзге жүзу құралдарына тым жақындамаңыз.

    «Су жанындағы бір сәттік мұқиятсыздық адам өмірін қиюы мүмкін. Сондықтан демалыс сәті көңілді ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс», — деп ескертеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

  • Теміртаулық күдікті 12 жылдан кейін Дубайдан экстрадицияланды

    Теміртаулық күдікті 12 жылдан кейін Дубайдан экстрадицияланды

    2012 жылы Теміртауда себепсіз шабуыл жасап, адамның жақ сүйегін сындырған күдікті 12 жылдан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

    Қылмыс 25 наурызда болған. Тергеу дерегі бойынша, ер адам жәбірленушіге еш себепсіз тап беріп, ауыр дене жарақатын салған. Соққы салдарынан жәбірленушінің жақ сүйегі екі жерден сынған.

    Оқиғадан соң күдікті ізін суытып, 12 жыл бойы халықаралық іздеуде болды. Жақында ғана оның Дубайда жасырынып жүргені анықталып, экстрадиция рәсімі жүргізілді.

    Қазіргі таңда азамат Қазақстанға жеткізіліп, бұзақылық ниетпен орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

  • Қазақстан 11 миллион гектар жерді қайтарды

    Соңғы үш жылда мемлекет меншігіне 11 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.

    Жиында мал шаруашылығын дамыту, ветеринарлық бақылау мен саланы цифрландыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына 160 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау бөлінген.

    «2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару шараларының нәтижесінде 11 миллион гектар жер қайтарылды. Оның жартысынан көбі халыққа қайта үлестірілді», – деді Бектенов.

    Алайда, оның сөзінше, елдегі агроөнеркәсіп әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Қазіргі таңда өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі төмен. Осыған байланысты мал басын көбейту, заңсыз экспортқа жол бермеу және аналық малға субсидия беру жұмыстарын жалғастыру қажет.

    Сондай-ақ, Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ал 1 қарашаға дейін барлық ауыл шаруашылығы жануарларының деректер базасын нақтылау керек.

    «Барлық өңірлерде ветеринарлық препараттар жеткілікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Вакцина жеткізу кестесінің бұзылуына жол берілмейді», – деді Премьер.

    Бұдан бөлек, министрлікке племенной аналық мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несие бағыттарын қарастырып, оны іске асыру тетігін әзірлеу тапсырылды.

  • Қазығұртта жанармай бекетінде жарылыс болды

    Қазығұртта жанармай бекетінде жарылыс болды

    Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Турбат ауылында жанармай құю бекетінде жарылыс болып, өрт шығып кетті. Оқиға кезінде бензовоз жүргізушісі ауыр жарақат алды.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 шілде күні сағат 16:12-де бензовоздан жанармай құйылып жатқанда газ-ауа қоспасы тұтанып жарылған. От бірден жанындағы жеке тұрғын үйге, сауда орталығына, дәріхана мен дүкенге тараған.

    Өрттің жалпы аумағы 855 шаршы метрді құраған. 1996 жылы туған бензовоз жүргізушісі ауыр күйік алып, дереу ауруханаға жеткізілген. Өрт сағат 18:38-де толық сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД, полиция және әкімдік қызметкерлері – барлығы 50-ден астам адам және 14 техника жұмыс істеген.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жүргізушінің денесінің 85–90 пайызы күйіп қалған. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

  • АҚШ қазақстандық тауарларға 25% тариф енгізеді – Трамп хаты

    АҚШ қазақстандық тауарларға 25% тариф енгізеді – Трамп хаты

    АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми хат жолдап, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ-қа жеткізілетін барлық қазақстандық тауарларға 25 пайыздық тариф енгізілетінін хабарлады. Бұл туралы бірқатар америкалық БАҚ-та жарияланған хат көшірмесіне сілтеме жасай отырып белгілі болды.

    Құжатта АҚШ «Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыратыны» айтылғанымен, сауда теңгерімсіздігі мәселесі сақталып отырғаны атап өтілген. Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін «неғұрлым әділетті және теңгерімді сауда» қажет.

    «Біз Қазақстандағы тарифтер, тарифтік емес шаралар және сауда кедергілерінен туындаған тұрақты әрі ұзақмерзімді сауда тапшылығынан арылуға тиіспіз деген қорытындыға келдік. Өкінішке қарай, біздің қарым-қатынасымыз өзара тең деңгейде болған жоқ», – делінген хатта.

    Хатта көрсетілгендей, жаңа тарифтер Қазақстаннан келетін барлық тауарларға, соның ішінде үшінші елдер арқылы жеткізілетін өнімдерге де қолданылмақ. Дегенмен, Трамп Қазақстан бұл шарадан құтыла алатынын атап өтті — ол үшін қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында өндіріс ашуы керек. Бұл жағдайда Ақ үй «жедел әрі формалды мақұлдау» беруге дайын екенін жеткізді.

    «Егер сіздер өз тарифтеріңізді көтеретін болсаңыздар, сол көрсеткіш біз енгізетін 25 пайыздық тарифке үстеме ретінде қосылады», – деп ескертті АҚШ президенті.

    Хатта АҚШ Қазақстанмен сауда тапшылығын ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп ретінде қабылдайтыны және екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына қарай сауда саясатын қайта қарайтыны айтылған.

    Ресми Астананың бұл мәселеге қатысты жауабы әзірге жарияланған жоқ. Қолда бар ашық ақпараттарда жаңа тарифтер қандай тауар түрлеріне қолданылатыны нақты көрсетілмеген.

  • Қонаев қаласында үйі өртенген тұрғындар жатақханаға көшірілді

    Қонаев қаласында үйі өртенген тұрғындар жатақханаға көшірілді

    Осыдан 7 күн бұрын Соболев көшесі 14-үйде өрт шығып, 50 адам бір түнде баспанасынан айырылды.

    Оқиға орнына бірден қала әкімі Асхат Бердіханов барып, отбасылардың жағдайымен танысты.

    Алғашында 2 адам «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, 22 адам (оның ішінде 18 бала) – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығына уақытша орналастырылды. Қалған тұрғындар туыстары мен жақындарының үйлерінде тұрып жатты.

    Кейіннен шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, РЭЧ мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, «Ивушка» шағынауданындағы 4Б үй мекенжайындағы жатақханадан 13 бөлме уақытша тұру үшін алынды. Бөлмелерге ағымдағы жөндеу жасалып, бүгін 8 отбасы жатақханаларға көшірілді.

    Қиын өмірлік жағдайға түскен отбасылардың алдағы өмірі де қала әкімдігініғ бақылауында болады.

    Айта кетейік, өрт салдарын зерделеу, шығын көлемін анықтау және қалпына келтіру шараларын жоспарлау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

  • Qurt лақап атымен танымал рэпер отбасылық жанжал ортасында қалды

    Qurt лақап атымен танымал рэпер отбасылық жанжал ортасында қалды

    Қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаев (Qurt) отбасындағы жанжалмен ел назарын аударды. Оның әйелі Аружан Қойшыбаева әлеуметтік желіде көгерген денесінің суреттерін жариялап, күйеуінің белбеумен сабағанын жазды.

    Аружанның айтуынша, оқиға 27 маусым күні болған. Таңғы сағат 10 шамасында Дамир оны бір сағат бойы белбеумен ұрып-соққан. Белбеу үзіліп қалған соң, басқа белбеумен соққыны жалғастырған.

    «Пәтерден шыға алмай, “көмектесіңдер, өлтіріп жатыр” деп айқайлай бастадым. Көршілер құтқарып қалды. Жарақаттарым тіркелді, енді арыз жазамын. Бірақ ол достарымен келіп, мені видеоға түсіріп, “ешқандай шағымым жоқ” деп айтуға мәжбүрледі. Қазір достары тарапынан қысым жасалып жатыр», — дейді Аружан.

    Жәбірленуші қазір адвокаттардан көмек сұрап отыр. Ол күйеуінің елден қашып кетуінен қауіптенеді.

    Іске қатысты ресми органдар әлі пікір білдірген жоқ.