Рубрика: Жаңалықтар

  • Астана тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды

    Астана тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды

    Telegram мессенджері арқылы терроризмді қолдауға бағытталған материалдар мен идеологияларды тарату үшін пайдаланған, сондай-ақ Сириядағы лаңкестік топқа қатысуға бағытталған әрекеттерді дайындаған елорда тұрғынына қатысты сот үкімі шықты.

    Астана қаласының прокуратурасы хабарлағандай, кінәлі адам полиция қызметкерлерімен Алматы әуежайының аумағында Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалу кезінде ұсталды.

    Басты сот талқылауында сотталушы Telegram топтық чатында діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды.

    Мемлекеттік айыптаушы сотқа бұлтартпас дәлелдемелерді ұсына отырып, кінәлінің телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, терроризімді насихаттау және террористтік топтың әрекетіне қатысуға дайындалу ниетін дәлелдеді.

    Сот үкімімен кінәлі адамға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

    Астана қаласының прокуратурасы террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, мүлкі тәркіленіп, 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын, терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын ескертеді.

  • Отандық авторлардың 100 таңдаулы кітабы анықталады

    Отандық авторлардың 100 таңдаулы кітабы анықталады

    23 сәуірде Астана қаласында «Ұлттық кітап күнін» мерекелеу аясында төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнаманың таныстырылымы ұйымдастырылып, игі іс-шара басталды.

    Сауалнама 3 айға созылып, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланатын болады.

    Сауалнаманың басты мақсаты – еліміздің әдеби мұрасын сақтау және дамыту, Қазақстан жазушыларының шығармаларын дәріптеу, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және баспа ісін дамыту.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады. Президент: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.

    Электронды үкіметтің ресми сайтында (eGov.kz) арнайы бөлім ашылып, онда әрбір ниет білдірген азамат Қазақстан жазушыларының өзі ұнататын шығармаларына дауыс бере алады.

    Еліміздің қалаларында дауыс беру парақшасына өтуге мүмкіндік беретін QR-код бейнеленген баннерлер орнатылады. Сауалнамаға қатысушылар проза мен поэзия, фантастика, публицистика, тарихи романдар және басқа да түрлі жанрлар бойынша 10 кітапқа дейін таңдау жасай алады.

    Жұртшылықтың қызығушылығын арттыру үшін жобаның серіктесі «Меломан-MARWIN» дүкендер желісі ынталандыру сыйлықтарын ұсынады.

    «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы кітап оқу мәдениетін нығайту жолындағы жаңа қадам болмақ. Сондай-ақ ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және қазақ әдебиетінің рөлін күшейтуге септігін тигізеді.

    Бұл жоба Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

    2025 жылғы 23 сәуірде таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл мереке білімге деген құштарлықты, білуге ​​құмарлықты және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті білдіреді.

  • Ыстамбұлда 6,2 магнитудалы жер сілкінісі болды

    Ыстамбұлда 6,2 магнитудалы жер сілкінісі болды

    Сәрсенбі күні Түркияның Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы (AFAD) Ыстамбұл қаласында магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады.

    Reuters агенттігінің жазуынша, бұл – 16 миллион тұрғыны бар мегаполисте соңғы жылдары болған ең күшті жер сілкіністерінің бірі.

    Қазіргі уақытта қирандылар туралы нақты ақпарат түскен жоқ. Дегенмен жер сілкінісі болған сәтте қала тұрғындары үйлерінен эвакуацияланған.

    AFAD мәліметінше, сілкініс жергілікті уақыт бойынша 12:49-да (Гринвич уақытымен 09:49) тіркелген. Эпицентрі Ыстамбұлдан шамамен 80 шақырым батыста, жердің 6,92 шақырым тереңдігінде орналасқан.

    Сілкіністен кейін бірнеше минут ішінде Мәрмәр теңізі жағалауында және Ыстамбұл маңында бірқатар жер асты дүмпулері тіркелді. AFAD тек өзі үш қосымша жер сілкінісін анықтағанын хабарлады.

  • Шымкент әкімдігі Берденовтің оқиғасы туралы мәлімдеме жасады

    Шымкент әкімдігі Берденовтің оқиғасы туралы мәлімдеме жасады

    Шымкент өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты пікір білдірді.

     Сәрсен Құранбектің айтуынша, оқиға кезінде қала әкімі мен орынбасарлары және аппарат басшысы жұмыста болған.

    «Дәл оқиға болған кезде бәріміз жұмыста болғанбыз. Абырой болғанда полиция да, жедел жәрдем де дер кезінде келді. Берденов ауруханаға жеткізіліп, ұзақ уақыт ота жасалды. Біз сол түні сағат 02:30-ға дейін ауруханада болдық», – деді С.Құранбек. 

    Сондай-ақ, қылмысты жасаған күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарап жатқанын жеткізді.

    «Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Прокуратура тарапынан бақылауда. Бұл адамның қылмысқа не себепті барғандығын айта алмаймыз. Айтуға құқығымызда, өкілеттілігімізде жоқ. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілуі үшін ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Қылмыскердің бұл қылмысқа не үшін барғаны жайында неше түрлі әңгіме айтылып жатыр. Біздің білуімізше оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Тергеу нақты мәліметті береді», – деді ол.

  • Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Жезқазған қаласында балабақша тәрбиешісі үш жасар баланы ұрып жіберген, деп хабарлайды Ұлытау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

    Педагогқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

    Сотта тәрбиеші жасалған құқық бұзушылық бойынша кінәсін мойындамады, бірақ оның кінәсі іс бойынша ұсынылған дәлелдемелермен, атап айтқанда балабақшадағы бейнебақылау камераларының бейнежазбасымен расталды.

    Тәрбиешіге 3 жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 80 сағатқақоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылды.

    Сот үкімі күшіне енді.

  • Петропавлда саяжай учаскелерін су басты

    Петропавлда саяжай учаскелерін су басты

    Әкімдік отырысында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқыны жағдайы хабарлады. Облыс әкімінің айтуынша, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалып отыр. Петропавлда тасқынның шарықтау шегі 28-30 сәуірде күтіледі.

    Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су жылдағыдай жайылма алқаптарға таралып жатыр. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелеріне жайылған. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, ТЖД мен полиция бекеттері қойылды.

    Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауда.

    «Су тасқыны толық аяқталғанға дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Басты басымдық – азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау. Барлық қызметтер жоғары дайындықта болып,  жедел әрекет ету керек», – деді өңір басшысы.

    Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке  үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй тұрғызылуда. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады.

  • 2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    2026 жылы Қазақстанның 11 ескерткішін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланып отыр

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тарихи-мәдени мұраларды сақтауға жергілікті билік құлық танытпай отырғанын сынға алды.

    – Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын, – деді Мәдениет министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

    Бұл жоспар жергілікті әрі халықаралық деңгейде әртүрлі жұмыстарды ұйымдастыруға негізделген. Ондағы бірінші бағыт – ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу. Бұл бағытта басым мәселелер қатарына ЮНЕСКО стандарттарын сақтау, қорғалатын және заманауи буферлік аймақтарды мониторингілеу технологияларын енгізу, Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 3 номинацияны (10 ескерткіш) басқарудың менеджмент-жоспарын әзірлеу бар.

    – Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында ЮНЕСКО қарауына екі номинациялық құжат жолданды. Олар – «Маңғыстау жерасты мешіттері» және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен бірлесіп дайындалған «Жібек жолы. Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясы. Халықаралық регламенттерді ескере отырып, 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүріп жатыр, – деді А. Балаева.

    Жақында ғана «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.

  • Депутат: “Берденовке жасалған шабуыл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс”

    Депутат: “Берденовке жасалған шабуыл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс”

    Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Айдарбек Ходжаназаров Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

    “Қазір бәрі жақсы деп айтуға келмейді. Оған үш рет оқ атылған. Мұндай шабуылдан аман қалу – үлкен күш. Емделу мен оңалу біраз уақытты алады”, – деді ол.

    Депутат бұл жағдайдың артында саяси астар жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, бұл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс. Қазіргі таңда Берденовтің өзі әлі түсініктеме бере алмайды.

  • 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

    23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

    Бұл мереке 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен белгіленген. Мақсат – оқуға қызығушылықты арттыру, авторлар еңбегін дәріптеу және кітаптың қоғамдағы маңызын насихаттау.

    Қазақстанда бұл күн кітапханаларда ашық есік күндері, әдеби кештер мен шығармашылық кездесулер арқылы атап өтілуде. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында оқуға деген қызығушылық артып келеді.

    Кітап – тек білім көзі емес, тұлғаны тәрбиелейтін құрал.

  • «Семей-Астана-Семей» бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

    «Семей-Астана-Семей» бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

    Биылғы 27 сәуірден «Семей-Астана-Семей» бағытында сыйымдылығы 48 орындық «Ан-24» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды. Рейсті «Южное небо» әуе компаниясы жүзеге асырады. Семейден Астанаға ұшу уақыты – кешкі сағат 18:15, Астанадан Семейге ұшу уақыты – кешкі сағат 21:15.

    Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі халықаралық әуежайдың жұмысымен танысу барысында айтты.

    – Жолаушылардың өтінішін ескере отырып Көлік министрлігі, әуе компаниясы және облыс әкімдігінің үш жақты келісімі нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткіздік. 10 мамырға дейін аптасына үш рейс орындалады. Ал мамырдың ортасынан бастап ұшу жиілігі аптасына 5 ретке дейін ұлғаяды. Әуе компаниясының құрылтайшылары болашақта жаз мезгілінде қатынайтын жаңа ұшақтарды желіге шығаратынын айтып отыр. Алдағы уақытта Қарағанды бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта Көлік министрлігімен келіссөз жүргізілуде, – деді аймақ басшысы. 

    Биылғы 1 мамырдан бастап «Алматы-Семей-Алматы» (аптасына үш рет), «Астана-Семей-Астана» (аптасына бір рет) бағыттарында қосымша рейс енгізіледі. Бұдан бөлек 1 маусымнан бастап «FlyArystan» әуе компаниясы «Шымкент – Семей – Шымкент» бағыты бойынша жаңа рейсті іске қоспақ.

    Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Сондай-ақ дүйсенбі мен бейсенбіде «Скат» әуе компаниясы «Алматы-Үржар-Алматы», «Астана-Үржар-Астана» рейстерін әрқайсысын аптасына 6 реттен орындай бастайды.

    Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана» және «Семей – Үржар» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді «FlyArystan» және «Южное небо» әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.