Рубрика: Жаңалықтар

  • Жамбыл облысында жолда қалған жолаушылар құтқарылды

    Жамбыл облысында жолда қалған жолаушылар құтқарылды

    Шу ауданында мамандар жолда қалған жолаушыларға көмектесті.

    ТЖМ мәліметінше, бүгін 112 пультіне Шу ауданы «Алматы-Ташкент» жолының 245-шақырымында жолаушылар автобусы аударылғаны туралы хабарлама түсті.

    Оқиға орнына ТЖМ Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шұғыл жетіп, 9 адамды жақын маңдағы дәмханаға эвакуациялады. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады.

  • АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді

    АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді

    Бұл туралы АҚШ-тың геологиялық қызметі мәлімдеді. Зілзала ошағы Атлант мұхитында Петролиа қаласынан батысқа қарай 63 шақырымда орналасқан. 7,3 балдық жер сілкінісі нәтижесінде Калифорнияның жағалау бөлігінде цунами болу қаупі жоғары.

    Геологиялық қызметтің мәліметінше, дүмпулер жергілікті уақытпен 10:44-те Орегон шекарасынан алыс емес жағалаудағы Гумбольдт деген шағын қалада тіркелді. Оны Сан-Францисконың тұрғындары да сезді. Кеше, 5 желтоқсан күні Өскеменде 4,2 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік.

  • Жетісу облысының әкімдігі Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

    Жетісу облысының әкімдігі Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

    Бүгін Талдықорған қаласында облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында облыс тұрғындарын диагностикалау, емдеу, оңалту бағытында, жаңа технологиялар мен озық емдеу әдістерін меңгеруде, инновациялық әдістемелерді дамытуда екі жақты білім мен тәжірибе алмасу жүргізіледі.

    Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой бастаған орталықтың білікті ұжымына өңірлермен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып, бастама жасағандары үшін шынайы ризашылығын білдірген Бейбіт Исабаев облыста денсаулық сақтау саласына жасалып отырған қолдау шаралары жайлы қысқаша айтып өтті.

    – Жетісу облысының денсаулық сақтау саласына тұрақты негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 59 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 33-і жыл соңына дейін іске қосылады.

    Жалпы облыста ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен соңғы 3 жылда 61 блоктық-модульдік медициналық нысан салынды, атап айтқанда 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 22, 2024 жылы 27 нысан тұрғызылды. Денсаулық сақтау саласы объектілерін соңғы жылдары 53% жаңарттық. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен Талдықорғанда заманауи онкологиялық орталық салынады. Өңірде қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде өткен 9 айда облысқа 152 медицина маманы келді. Екі жылда медицина мекемелеріне 63 жедел жәрдем машиналарын алып бердік.

    Біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау саласына жаңа нысандар салу, материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандарға қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз. Мемлекет басшысы айтқандай, халықтың денсаулығы – елдің ең басты байлығы. Сондықтан сіздер мен біздің мақсатымыз ортақ, – деген Б. Исабаев өзара ынтымақтастық орнатудың халықтың денсаулығын нығайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал ететін шара болатынына сенім білдірді.

    Өз кезегінде ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой Президенттің Іс Басқармасының Медициналық орталығы күндерін ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғысын жеткізді.

    – Мемлекет басшысы өңірлік денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Президенттің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері елдің барлық өңірлерінде өткізіледі. Тоқсан жылдан астам уақыт ішінде Президенттің Іс Басқармасының Медициналық орталығы денсаулық сақтау жүйесінде көшбасшы болып келеді. Соңғы 3 жылдың өзінде орталықтың медицина қызметкерлері 150-ден астам жаңа технологияны сынақтан өткізді. Өңірлердегі әріптестерімізге медициналық практикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұған бүгін қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум ықпал етіп отыр, бұл осындай акцияларды тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Негізгі мақсатымыз – аймақтарға жаңа технологияларды кеңінен енгізу. Мәселен, Жетісу өңірінің тұрғындары облыстан сыртқа шықпай-ақ, күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде де ала алады. Біздің бірлескен жұмысымыз медициналық қызметтердің сапасын кезең-кезеңімен жақсарта түсуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті А.Цой.

    Кездесу барысында Жетісу облысы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.

    Атап өтсек, ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық Орталығы күні аясында мамандар осы аптаның басынан Талдықорғанның бірқатар медициналық мекемелерінде пациенттерді қабылдады. Мамандар қатарында эндокринолог, травматолог, генетик дәрігер, аритмолог дәрігер, гастроэнтеролог, пульмонолог, ангиохирург, геронтолог, невропатолог, аллерголог, эпилептолог бар. Акцияның аясында 31 операция жүргізілді, оның 7-і бірегей операция. Жүкті әйелдерді, балалар мен қарттарды қоса алғанда, 207 пациентке консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілді. 193 маман қатысқан 11 дәріс пен презентация өткізілді.

    Жетісу облысы — «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» акциясы өтіп отырған 14-ші аймақ.  Акцияның негізгі мақсаты — ҚР ПІБ Медициналық орталығы жүйесінің озық тәжірибесін өңірлердің денсаулық сақтау саласына тарату, бұл өз кезегінде халық тұратын елді мекендерде жоғары технологиялық қызметтер мен емдеудің озық әдістерінің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

  • Алматыда пакеттен әйелдің мәйіті табылды

    Алматыда пакеттен әйелдің мәйіті табылды

    Алматыда шамамен 45-50 жас аралығындағы әйелдің мәйіті табылды.

    Блогер Таир Жиғанбаев өзінің instagram парақшасында Алматы-1 вокзалы аумағында пакеттегі әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлады. Бейнероликте әйелдің жасы шамамен 45-50 жас деп айтылады.

    Оқиға орны жан-жақтан қоршалып, полицейлер жұмыс істеп жатыр.

  • Макрон 2027 жылға дейін президент қызметін атқара береді

    Макрон 2027 жылға дейін президент қызметін атқара береді

    Франция президенті ұлтқа жасаған үндеуінде, Мишель Барнье үкіметіне сенімсіздік білдірілгеніне қарамастан, өз қызметін мерзімінің соңына дейін жалғастыруға ниетті екенін айтты

    Макрон өз сөзінде «бес жылдық мандатқа ие екенін» атап өтіп, «соңына дейін толық орындап, мемлекеттің сабақтастығын, институттардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін» айтты. Сондай-ақ, Макрон оппозицияны сынға алып, олар «тек президенттік сайлаулар туралы ғана ойлап отыр» деп мәлімдеді.

  • Астанада өрт болды

    Астанада өрт болды

    ТЖМ хабарлауынша, түнде Сарыарқа ауданында Көктал көшесінде орналасқан автокөлік шиналарын жою цехында резеңке бұйымдар, жабдықтар және шатырдың ағаш құралымдарыны жанған.

    Жалынға оранған ғимараттан өрт сөндірушілер бірінен соң бірі 2 газ және 2 оттегі баллондарын шығарып жарылыстардың алдын алды.

    Өрт 500 шаршы метр аумаққа жайылғаны белгілі болды.

    Зардап шеккендер жоқ екені хабарланды.

  • Алматыда танымал әнші қамауға алынды

    Алматыда танымал әнші қамауға алынды

    Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 2 желтоқсан күні сағат 21:57-де Шаляпин көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері «Тойота» автокөлігін тоқтатқан.

    Медициналық сараптама нәтижесінде көлік жүргізушісі наша шегіп, масаң күйде болғаны анықталған.

    Тергеу барысында «Тойота» автокөлігінің иесі Арман Сейітжаппар өз көлігін есірткі шегіп, мас болған адамға тапсырғаны белгілі болған.

    «Сот шешімімен екі азамат та қамауға алынды. Сондай-ақ, жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

  • Алматы облысындағы тауларда көшкін жүруі мүмкін

    Алматы облысындағы тауларда көшкін жүруі мүмкін

    Алматы облысының тауларында 5-8 желтоқсан аралығында көшкін қаупі сақталады. ТЖД азаматтардан, туристерден және демалушылардан қар көшкіні болуы мүмкін қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ таулы жерлерде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұрайды, – делінген ТЖД хабарламасында.

    Ведомствоның мәліметінше, облыс бойынша көшкін қаупі бар 55 учаске бар. Олар Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында – Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде орналасқан.

    https://kaz.inform.kz/news/almati-oblisindagi-taularda-koshkn-zhuru-mumkn-dd1add/

  • Алматыға 145 млн еуроға сатып алынған әскери ұшақ қонды

    Алматыға 145 млн еуроға сатып алынған әскери ұшақ қонды

    Алматыға Қазақстанның қарулы күштері үшін 145 млн еуроға сатып алынған ұшақ қонды.

    Қорғаныс министрлігінің мәліметінше , Airbus A400M әскери-көліктік ұшағы 37 тоннаға жүкті тасымалдауға қабілетті. Максималды жылдамдығы сағатына 802 км. Ал ұшу биіктігі – 12200 м, практикалық қашықтығы – 7870 км.

    Ведомствосының басшысы іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.

    Заманауи, ұтқыр, жоғары технологиялық армия қашанда елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаныс қабілетін нығайтудың кепілі болып қала береді. Бүгін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында біз жеке құрамды, ауыр жүктерді, техниканы тасымалдауға, гуманитарлық операциялар шеңберіндегі тапсырмаларды орындауға арналған әскери-көліктік ұшақ алдық, –
    деді Руслан Жақсылықов.

    Сондай-ақ, 2021 жылы Airbus Defence and Space компаниясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, екінші ұқсас әуе кемесін жеткізу 2026 жылы күтілуде.

  • Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленген.

    Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, – деді Мәди Такиев.

    Министр 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылғанын, кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.

    Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, — деді министр.

    Мәди Такиев 2024 жылы жоспардағы 2 трлн теңге салық түспегенін жеткізді. Салық түсімдерінің төмендеуіне төмендегі факторлар әсер еткен.

    • «Теңіз Шевройл» бойынша Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты.
    • 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Былтырмен салыстырғанда, бюджеттен қосымша құн салығы 2,5 есе артық қайтарылды.
    • Республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті.
    • Негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы  республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металл бойынша сақталып отыр.
    • Геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табыстың төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді.

    Салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында  дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды, – деді министр.

    Биыл 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

    «Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығысты, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.