Рубрика: Жаңалықтар

  • СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталды

    СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталды

    СҚО-да аудан әкімінің орынбасары пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Антикор.

    Антикордың хабарлауынша, 2024 жылдың 30 қазанында Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы және ЖШС директорына қатысты үкім шығарды.

    «Аудан әкімінің орынбасары және аудандық ТКШ бөлімінің басшысы аудандық маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін, ал ЖШС директоры пара бергені үшін кінәлі деп танылды», – делінген хабарламада.

    Сот үкімімен аудан әкімінің орынбасары 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы – 7 жылға, ЖШС директоры – 3 жыл 6 айға сотталды. Бұдан басқа, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • Қарағанды облысында жол апатынан 7 адам қаза болды

    Қарағанды облысында жол апатынан 7 адам қаза болды

    Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апатынан 7 адам оқиға орнында тіл тартпай кетті.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 қараша күні сағат 10.00 шамасында «Алматы-Екатеринбург» тас жолында Құрма ауылына 2 шақырым жетпей «Тойота Альфард» автокөлігінің жүргізушісі алдын ала болжам бойынша көліктің руліне ие бола алмай аударылып қалған.

    «Жол-көлік оқиғасының салдарынан жүргізуші және оның 6 жолаушысы оқиға орынында қайтыс болды. Сонымен қоса, 12 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Қарағанды облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жол жүру ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауды сұрайды», — делінген хабарламада.

  • Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен қуылды

    Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен қуылды

    Пара үстел теннисі федерациясы мекеменің президенті болған Перизат Қайратты қызметінен босатылғаны туралы мәлімдеме жасады.

    «Қазақстан Республикасының Пара үстел теннисі федерациясы Перизат Қайрат ұсталып, тергеу жүргізілуіне байланысты енді ұйымның президенті болып саналмайтынын хабарлады. Шешім 2024 жылдың 14 қарашасында федерацияның кезектен тыс отырысында қабылданды. Ол тағайындалғалы бері оның басшылығымен бірде-бір ресми кездесу немесе жұмыс туралы бұйрықтар өткізілмегенін атап өтеміз. Пара үстел теннисінің және спортшыларымыздың дамуына қолдау көрсете отырып, ашықтық пен заңдылық қағидаттарына сәйкес жұмысымызды жалғастырамыз», — делінген хабарламада.

    Айта кетейік, осыған дейін кәсіпкер, Instagram әлеуметтік желісінде 500 мыңнан астам оқырманы бар танымал блогер 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен Перизат Қайрат ұсталғаны хабарланған.

  • Ақтау мектебінде жылу батареясы жарылды

    Ақтау мектебінде жылу батареясы жарылды

    Бірінші ауысымдағы үзіліс кезінде бірнеше кабинетте жылыту батареялары жарылып кеткені белгілі болды. 

    Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде бірнеше кабинетте жарылған жылыту батареялары балаларға қауіп төндірді. Оқушылар оқиғаға байланысты үйлеріне жіберілді. Ешкім зардап шеккен жоқ, деп мәлімдеді білім басқармасы.

    «Балалар бірден үйлеріне жіберілді. Мектеп әкімшілігі жөндеу жұмыскерлерін шақырды, ақау жойылды. Оқушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», деп хабарлады білім басқармасы.

    Маңғыстау облысының білім басқармасы оқиғаның 14 қарашада Ақтау қаласының 8-шағын ауданындағы №8 мектепте болғанын хабарлады.

  • «Семей орманы» қызметкерлері жұмысқа жалған дипломмен орналасқан

    «Семей орманы» қызметкерлері жұмысқа жалған дипломмен орналасқан

    Абай облысында прокуратура жалған дипломмен жұмысқа орналасқан «Семей орманы» МОТР қызметкерлерін анықтады.

    Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы резерваттың жоғары оқу орындарын бітіргені туралы жалған дипломдармен жұмыс істеген 5 қызметкерлерін, оның ішінде бір филиал басшысын анықтады.

    Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің мәліметіне сәйкес аталған қызметкерлерге диплом берілмеген.

    Осы фактілер бойынша ҚК 385-бабының 3-бөлігі («Жалған құжаттарды жасау, дайындау немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияға жолданды.

  • 230 мың доллар жымқырған алматылық бухгалтер Грекиядан ұсталды

    230 мың доллар жымқырған алматылық бухгалтер Грекиядан ұсталды

    Греция аумағында орналасқан Хиос аралында Қазақстан ІІМ Интерполы шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде халықаралық іздеуге жарияланған алаяқты ұстады.

    Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы Алматыдағы ЖШС-ның бірінің есепшісі болып жұмыс істеген әйел өзінің жеке шотына 230 мың АҚШ доллары мөлшерінде қаражатты заңсыз аударған.

    Қазір күдіктіні Қазақстанға беру туралы мәселе шешіліп жатыр.

  • «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды

    «Алматы Арена» мен «Халық Арена» мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

    Оның айтуынша, еліміздің бес өңірінде спорт нысандарын тиімсіз басқарғандар анықталған. Олардың кейбіреулері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың арасында Алматыдағы «Алматы Арена» мен «Халық Арена» нысандары да бар.

    Бұған дейін бұл нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке ұйымның басқаруында тегін пайдалануға берілген еді.

  • Қазақстандықтар тегін скринингтің жаңа түрлерінен өтеді

    Қазақстандықтар тегін скринингтің жаңа түрлерінен өтеді

    Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарына өзгерістер, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу ережелері, көлемі мен кезеңділігін дайындады.

    Атап айтқанда, жаңа мақсатты топтар пайда болады:

    • Глаукомамен динамикалық байқауда тұрмаған 30, 32, 34, 36, 38, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер.
    • Ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға – цереброваскулярлық аурулар бойынша динамикалық байқауда тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер.

    Өткізу жиілігі-екі жылда бір рет.

    Құжат 27 қарашаға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.

    Қазіргі уақытта Қазақстанда мынадай тегін скринингтер жүргізілуде:

    • артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға;
    • қант диабетін ерте анықтауға;
    • сүт безі обырын ерте анықтауға;
    • жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін;
    • колоректальды қатерлі ісікті ерте анықтау үшін.
  • Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен Қазақстан Республикасының көп бөлігінде қар жауады. Еліміздің батысында, оңтүстік-батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Тек елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

    Синоптиктердің болжамынша, республика бойынша желдің күшеюі, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында бұрқасынмен, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында тұман, батысында, елдің солтүстік-батысында көктайғақ күтіледі.

  • Қонаевтағы кәріз-сорғы станцияларының құрылысы кешіктірілуде – фейк

    Қонаевтағы кәріз-сорғы станцияларының құрылысы кешіктірілуде – фейк

    Онда мердігер жұмысты мерзімінен кешіктіріп жатқаны, мердігерге 12 млрд теңгеден астам ақша төленіп қойғаны, сондай-ақ нысандар қолданысқа беруге дайын емес екені жазылған. Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

    ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың қазан айынан Қонаев қаласында 11 кәріз-сорғы станцияларын жаңарту жұмыстары басталды. Бұл жоба қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар Қонаевта ғимараттар мен тұрғын үй алаптарының көбеюіне байланысты тозығы жеткен сорғыларға артық жүктеме түсіп, апат болмауы үшін жасалған.

    Мердігер «TOLAGAI-2050» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Жұмыс кестесіне сәйкес, нысан 2025 жылдың наурызында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Құрылыс жұмыстарының уақытылы жүруі қала әкімі Асхат Бердіхановтың жеке бақылауында.

    Ұлттық қордан бөлінген 12 млрд 687 мың теңгенің 391 млн. теңгеден астамы әлі игерілмеген, мердігердің шотына жіберілмеген.

    Қазіргі таңда жалпы 22 дана сорғының жартысынан көбі орнатылған, электр желілері тартылған. 28 шақырымнан астам құбырдың 26,5 шақырымы жүргізілген. Сондай-ақ жер жұмыстары, қасбеттерді жөндеу жұмыстары жасалуда.

    Бөлінген қаржының сомасына қатысты айта кетсек, себебі – құрылыс материалдарының қымбат болуында. 1 кәріз сорғысының құны 50-60 млн теңгені құрайды. Ал 11 сорғы станциясына кем дегенде 2-3 данадан қою қажет. Бұдан бөлек, құбырларды тарту, жерді жару, мамандардың еңбекақысы, құрылыс материалдарын сатып алу деген сияқты жұмыстары тағы бар.

    Видеоның кадрында апатты жағдай көрсетілген. Бейнежазбада кейбір сорғы станциялары кәріз суларына толып кеткені көрсетілген. Бұл апаттар бірден жойылды. Қазір 11 сорғы станциясы қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Бүгінде басқа да ғимараттарды, тұрғын үйлерді кәріз суы алып кету қаупі жоқ.