Рубрика: Жаңалықтар

  • Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөледі

    Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллар бөледі

    БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-конференциясы аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

    Президент «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты.

    Жобаны іске асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.

    Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына ұдайы қолдау көрсеткені  үшін Ислам даму банкінің басшылығына алғыс айтты.

    Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Келісім сомасы – 1,153 млрд доллар, сондай-ақ 3,5 млн доллар көлемінде грант беріледі. Бұл – банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.

    Маңызды құжаттың жай-жапсары туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады.

    Бүгін БҰҰ-ның климатты қорғау конференциясы аясында Қазақстан үкіметі мен Ислам даму банкі арасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстандағы су рестарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру шартына қол қойылды. Оған сәйкес Ислам даму банкі Қазақстанға 1 млрд 153 млн доллар көлемінде қаржы бөледі, — деді басшы.

    Оның айтуынша, жоба іске асырудың арқасында елімізде 8 жаңа су қоймасы салынады.

    Сонымен қатар 3,5 мың канал желісі қайтадан салынады. Нәтижесінде елімізде ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын суармалы жердің көлемін 330 мың гектарға көбейеді. Жобаның іске асырылуы еліміздің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді, — деді министр.

    Ислам банкінің талабы бойынша жобаны гидротехника саласында мол тәжірибесі бар үздік компаниялар іске асыруы керек.

  • Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

    Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

    Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады. Ведомство өкілдері қалың қардың түсуіне байланысты ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

    Жол бойында шанамен сырғанау сияқты қысқы ойындар қауіпті болуы мүмкін. Балалар көп жағдайда айналасындағы қатерді байқамайды және сырғанақтан тікелей жолға қарай шығып кетуі ықтимал. Бұл олардың жарақаттануына немесе жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

    Осыған байланысты балаларға негізгі қағидаларды түсіндіру қажет:

    • тек тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүру керек;
    • жолдың жанында ойнауға болмайды;
    • жолды кесіп өту кезінде екі жаққа да қарау керек.
    • қыста балаларға көлік жүргізушісі көретіндей ашық түсті, көзге көрінетін киім кигізу маңызды.

    Балаларымыздың қауіпсіздігін бірге қамтамасыз етейік! Сіздің жанашырлығыңыз бен қырағылығыңыз көптеген жазатайым оқиғалардың алдын алады! – деді Ақтоты Боранова.

  • Талғар ауданы әкімінің орынбасары ауруханаға түсіп қалды

    Талғар ауданы әкімінің орынбасары ауруханаға түсіп қалды

    Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ауруханаға түсіп қалғанын хабарлады.

    Айбек Бидаевтың ауруханада жатқанын әкімнің баспасөз қызметі растады. Алайда әкім орынбасарының ауруханаға түсуіне нендей жағдай әсер еткені туралы ақпарат жоғын жеткізді.

    Аудандық әкімдіктегі кадр бөлімінің басшысы Бидаев сырқатының себебі еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

    Айбек Бидаев Талғардағы қанды оқиғадан кейін аудан әкімі Танат Айдарбековпен бірге сеніп тапсырылған аумақта бақылауды әлсіреткені үшін “сөгіс” түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

    Ол әкімдіктік әлеуметтік қорғау, Талғар ауданының жұмыспен қамту орталығы, Жастар саясаты, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт салаларына жауапты болған.

  • Алматы облысында 100 гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында 100 гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында 99 га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ауданы 99 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

    Бұл шешім осы учаскенің мақсатты пайдаланылмауына байланысты болды. Тексеру барысында Іле ауданы аумағында пайдаланушының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін оның мақсатына сәйкес пайдаланбайтыны және оның орнына пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатыны анықталды, – деп қосты ведомство.

    Кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сотқа дейінгі реттеу процесінде ЖШС пайдаланылмаған жер учаскесін мемлекеттік жер қорына өз еркімен қайтару туралы шешім қабылдады.

  • Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы III тоқсандағы жалақыны атады.  Мәліметке сәйкес, Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы III тоқсанда 390 328 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 11,3%, нақты мәнде – 2,7%.

    Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы III тоқсанда бағалау бойынша 269 378 теңгені құрады.

    2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыста – 28,1%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 24,3%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 20,6% байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы – 9,9%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 8% өсті, – деп қосты ведомство.

    Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Шымкентте – 16,1%,  Алматы қаласында – 15,2%, Ақтөбе және Абай облыстарында – 14,2%-дан.

    Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы III тоқсанда 2,3 есені құрады.

  • ТЖМ 120 млн теңгеге дрон сатып алады

    ТЖМ 120 млн теңгеге дрон сатып алады

    Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ведомство 120 млн теңгеге арнайы дрон сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.

    Ведомство басшысы бұл жұмыс пилоттық жоба аясында іске асырылатынын атап өтті.

    Елімізде Қытай дрондарын құрастырамыз. Жұмысты қазақстандық фирма істейді. Бір дронның бағасы – 120 млн теңге шамасында. Дрон 150 метрге дейін көтеріліп, өртті сөндіре алады. Құралды кез келген өрт сөндіруші көлікке қоя аламыз, – деді Әрінов Үкіметтің баспасөз орталығында.

    Оның айтуынша, аталған дрондар Алматы және тағы басқа қалалардағы биік ғимаратта шыққан өртті сөндіруге қолданылады.

    «Біз тәжірибемізді тағы жетілдіреміз. Келісімшарт бойынша жоғарыда аталған фирма біздің қызметкерлерді (дронды басқаруға) үйретеді», – деді министр.

  • Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Әскерге шақыруға байланысты заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Заң жобасына сай, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру қарастырылмақшы. Бұл жоғары оқудың келесі деңгейіне өтпестен әскерге бармау үшін қайта-қайта оқуға түсетіндерге қатысты. Әскери комиссариат енді олардың оқып жатқаны туралы анықтамасына да қарамайды.

    Оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру бұрынғыдай қала береді. Бірақ 27 жасқа дейін келесі кезеңге өтпей бір жерде оқитындар оқуын тастап, әскерге баруға міндетті.

    Қолданыстағы заң бойынша азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулығы сыр берсе, тағы басқа да себептерге байланысты әскерге шақыруды кейінгі қалдыра алады.

  • Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты

    Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты

    Қызылордада сыныптастары жыныстық құлдықта ұстады деген оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты. 21 жастағы жігіттің үстінен «Қорқытып алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот оны 4,5 жылға бостандығынан айырды.

    Қызылорда қаласының №2 сотында процесс жабық өтті. Бұл жөнінде 11 қарашада облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Сотталушы Т. жәбірленушіні масқаралайтын мәліметтер жариялаймын деп, кәмелетке толмаған жәбірленушіден 700 мың теңге ақша тауып беруді талап еткен, сонымен бірге оның сөмкесінен 35 мың теңге ақшаны қорқытып алған, – деді соттың баспасөз қызметі.

    Соттың мәліметінше, айыпталушының кінәсін жәбірленушінің жауаптары, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттама, психология-психиатрия сараптама қорытындысы дәлелдеген.

    Сот жазаны жеңілдететін жайлар ретінде 21 жастағы жігіттің бұрын сотталмағанын және жас екенін ескерген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Швейцарияда да ниқабқа тыйым салынды

    Швейцарияда да ниқабқа тыйым салынды

    Шектеу ресми түрде келесі жылдан бастап күшіне енеді. Заң бұзғандар жарты миллион теңге айыппұл арқалайды.

    Енгізілген заң бойынша, аталған ереженің ұшақтар, дипломатиялық мекемелер, мешіт, шіркеу сияқты орындарға қатысы жоқ. Сондай-ақ діни емес, ойын-сауық және жарнама мақсатында бетті тұмшалауға болады. Жергілікті мұсылман қауымдастықтары бұл заңға өз наразылықтарын білдіріп жатыр.

    Олардың айтуынша, бұл мұсылман қыз-келіншектердің құқығын таптау деп санайды. Ал ережені жақтаушылар мұндай шаралар мигранттардың Швейцария қоғамына тез кірігуіне жол ашады дейді. Ниқабқа тыйым Тунис, Нидерланд және басқа елдерде бұрыннан бар.

  • Жедел жәрдем жүргізушісі бастығының үйін өртеп жіберген

    Жедел жәрдем жүргізушісі бастығының үйін өртеп жіберген

    Ақтөбе қаласының №2 сотында әріптесінің үйін өртеген жедел жәрдем жүргізушісіне үкім шықты.

    Сотталушы жұмыс барысында бастығының еңбек демалысын бермегеніне ашуланған. Кейін ол өзінде оның пәтерінің қосымша кілті бар екені есіне түсіп, сол үйге өрт қояды.

    Сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады.

    Сот үкімімен соттаушы Е. кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.