Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    2024 жылғы 24 қазанда Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім өз күшіне енді, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

    Келісім қолданыстағы ұлттық паспорттары бар екі тараптың азаматтарына 14 (он төрт) күнтізбелік күн ішінде визасыз бір-бірінің аумағына кедергісіз кіруге, шығуға, транзитпен жүруге және болуға мүмкіндік береді. Алайда, визасыз режим еңбек қызметіне, оқуға және тұрақты тұруға қолданылмайтынын есте ұстаған жөн. Егер Макао аумағында 14 күннен артық болуды жоспарласаңыз, тиісті кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет, – деп қосты ведомство.

    Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.

  • LRT 2025 жылдың соңында іске қосылады

    LRT 2025 жылдың соңында іске қосылады

    Астанада LRT 2025 жылдың соңына таяу іске қосылады. Жеңіл рельсті көлік машиниссіз жүреді. Ал бұл жүйені сынақтан өткізуге кемі алты ай қажет. Бүгін премьер-министр ОлжаС Бектенов LRT-ның құрылыс барысын тексерді. Үкімет басшысы жоба эстакадасының арҚалықтарын төсеу кезеңі аяқталғанына көз жеткізді. Стансалардың негізгі темірбетон конструкцияларының құрылысы биыл жыл аяғына дейін бітуі тиіс. Келесі жылы рельстер төселіп, стансаларды Әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сонан соң жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысы жүзеге асады. Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлік абаттандыРылады.

  • 42 жаңа су қоймасы салынады

    42 жаңа су қоймасы салынады

    Елімізде 42 жаңа су қоймасы салынады. Бұл алдағы төрт жылда яғни, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде жүзеге асады. Басты мақсат – су шаруашылығы саласын дамыту. Бірінші кезеңде яғни, 2025 жылдан бастап 11 жобаны салу және реконструкциялау жоспарланған. Одан бөлек, алты облыстағы үш жарым мыңға жуық шақырым ирригациялық арналарды жаңғырту көзделген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолданған шаруаларға берілетін субсидия көлемі де артты. 50ден 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл жөнінде Үкіметте өткен су кеңесінің отырысында мәлім болды.Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Премьер министр Олжас Бектенов Президенттің су шаруашылығын дамытуға, тозығы жеткен нысандарды жаңғырту жұмыстарының барлығы уақытында жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

  • Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан прокурорлар марапатталды

    Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан прокурорлар марапатталды

    Қуандық Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылар – Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков  Республика күніне орай марапаттарға ие болды, — деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

    Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар прокурорлардың заңдылықты және құқық тәртібін нығайтудағы еңбегі мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Сондай-ақ, Бас Прокурордың бұйрығымен қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін прокуратураның ерекше көзге түскен қызметкерлері мен жұмыскерлері ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

    Қадағалау органы мәліметінше, бас прокурордың ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша, Аймағанова мен Нұрбеков «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

  • Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің Жарлығына сәйкес азаматтарға берілген мемлекеттік наградаларды табыс етті.

    Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.

    II дәрежелі «Барыс» орденін Қазақстан Машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы М. Пішембаев, III дәрежелі «Барыс» орденіне – ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі Е. Аманшаев иеленді.

    «Парасат» ордені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Т. Оспанқұловқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы М. Теміржановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қ. Исқазиевке табысталды.

    «Құрмет» орденімен Үкімет Аппараты басшысының орынбасары Э. Толғанбаев, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Н. Жумадильдаева, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Б. Бекнияз, энергетика вице-министрі Е. Ақкенженов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы К. Сейітова, «Бәйтерек»  ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары В. Сон, Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Т. Абдуллин, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Т. Турлов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р. Әбдіқалықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарушы директоры Ж. Өмірбеков, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары М. Ихсанов, Үкімет Аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары З. Хамитова, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары А. Құлтуманова, Үкімет Аппаратының өңірлік инспекторы Қ. Қалыбеков, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары И. Рожков, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ аппарат басшысы С. Кеулімжаев, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б. Әбішева, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ» Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жаңғазы Рақымов марапатталды.

    Премьер-министр баршаны ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Әділетті Қазақстан құруда мемлекеттік аппараттың одан әрі адал да әділ жұмысының маңыздылығын атап өтті.

  • Алматыда 16 Telegram-арна бұғатталды

    Алматыда 16 Telegram-арна бұғатталды

    Алматы қаласының прокуратурасы есірткі құралдары мен психотроптық заттар жарнамалап, таратылатын 16 телеграм-арнаны бұғаттады.

    Тексеру барысында қатысушыларға тыйым салынған заттарды сатып алу мүмкіндігімен қатар «закладчик» жұмысы ұсынылғаны анықталды. Нәтижесінде, сот Медеу ауданы прокурорының тыйым салынған ресурстарды бұғаттау туралы талабын қанағаттандырды, олардың қызметі тоқтатылды.

    Кінәлі тұлғаларды белгіленген жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау органы Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы 1-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, одан әрі тергеу үшін полицияға жолдады.

    Алматы қаласының прокуратурасы жедел бұғаттау үшін азаматтарды ұқсас интернет-ресурстар анықталған жағдайлар туралы хабарлауға шақырады.

  • Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Түркия Ішкі істер министрлігінің басшысы Али Ерликая TRT Haber телеарнасының эфирінде Анкарадағы лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін, тағы 22 адам жарақат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

    «Терактіде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті, зардап шеккендердің жалпы саны 22 адам, оның үшеуі ауруханадан шығарылды. Біздің бағалауымызша, шабуыл Күрдістан жұмысшы партиясының әрекетімен байланысты болуы мүмкін. Шабуылдаушыларды анықтағаннан кейін біз ақпарат және басқа да дәлелдермен бөлісеміз», — деді министр.

    Ол сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шабуыл туралы ақпарат түскен сәттен бастап қауіп жойылғанға дейін ақпарат алып отырғанын айтты.

  • Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Беларусь Республикасында президенттік сайлау 2025 жылдың 26 қаңтарына белгіленді. Бұл шешімді сәрсенбі күні Беларусь Парламентінің Өкілдер палатасы қабылдады.

    Еліне 30 жылдан астам уақыт басшылық жасап келе жатқан Александр Лукашенко өзінің кандидатурасын ұсынатынын хабарлады. Бұл туралы ол Ресейдің «Россия-1» мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында айтты.

    Беларусь конституциясы оған қайтадан сайлауға қатысуға мүмкіндік береді, ал көптеген сарапшылар оның биліктен бас тартпайтынын алға тартады. Лукашенконың билігі кезінде, әсіресе 2020 жылғы тамыз айындағы сайлауынан кейін, елде үлкен наразылықтар болды. Қарсылық акцияларының қатысушылары мен оппозиция өкілдері қудаланып, олардың бір бөлігі шетелге қашуға мәжбүр болса, басқалары қамауға алынды.

    2020 жылғы сайлауда ресми мәлімет бойынша Лукашенко 80% дауыс жинаған. Алайда, Еуропалық Одақ, АҚШ және басқа да бірнеше елдер бұл нәтижені мойындаған жоқ. Сол сайлауға сондай-ақ Светлана Тихановская да қатысып, оппозиция оның көпшілік дауысты алғанын алға тартты. Тихановскаяның күйеуі, блогер және саясаткер Сергей Тихановский, Орталық сайлау комиссиясы тіркемеген соң, ол президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға мәжбүр болған еді.

  • Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

    Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

     Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

  • Анкарада теракт болды

    Анкарада теракт болды

     Түркияның Анкара қаласында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының маңында теракт болды. Бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген екі күдікті мерт болды, тағы бір адам бостандықта жүргені айтылады. Бұл туралы Түркияның Sabah агенттігі хабарлады.

    Басылымның хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 15:20 шамасында Анкараның Кахраманказан ауданындағы «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының жанында бомба жарылды. Жарылыстар мен оқ даусын естіген қауіпсіздік күштері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына дереу жеткен.

    Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликая екі лаңкестің (әйел адам және ер адам) көзі жойылғанын растап, олардың аты-жөні анықталып жатқанын хабарлады. Ол сондай-ақ, соңғы лаңкес жойылғанға дейін күрестің жалғасатынын айтып, ресми ақпарат көздерінің мәлімдемелеріне құлақ түруді сұрады.

    Біз лаңкестерді анықтауды жалғастырудамыз, олардың кім екенін анықтағаннан кейін олардың қай лаңкестік ұйымға жататынын хабарлаймыз, – деді министр.

    Ел президенті Режеп Тайып Ердоған БРИКС саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде 4 адамның қаза тауып, 14 адамның жараланғанын хабарлады.

    – Осы жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын, шейіттерімізге Алладан рақым тілеймін, – деді.

    Елдің Әділет министрі Йылмаз Тунчтың айтуынша, Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеуді бастап, оқиғаны тергеуге бас прокурордың 1 орынбасары мен 8 прокурор тағайындалған.