Рубрика: Жаңалықтар

  • Қостанайда үйі жоқтардың мекемесін басқарған басшының ісі сотқа жолданды

    Қостанайда үйі жоқтардың мекемесін басқарған басшының ісі сотқа жолданды

    Қостанай облысының прокуратурасы Бюджет қаражатын жымқыру туралы іс сотқа жолданды.

    «Ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Қостанай облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін жасады.
    Тергеу барысында 2017 жылдың қазан айынан 2024 жылдың тамыз айына дейінгі кезеңде «Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдарды әртүрлі лауазымдарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды», — делінген Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес,  жұмыспен қамтылғандар жұмыс орындарына іс жүзінде келмеген, функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен ақшалай қаражатты иемденген.

    Күдіктінің заңсыз әрекеті нәтижесінде мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

    Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақшасы бойынша сараланған (мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы).

    Жоғарыда көрсетілген баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Қылмыстық істі Қостанай қаласының № 2 соты қарайды.

  • Astana Media Week басталды

    Astana Media Week басталды

    Қазмедиаға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға жуық маман келеді деп күтілуде. Апталық биыл 8 жыл қатарынан ұйымдастырылды.

     

    Astana Media Week – отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту үшін жасалатын, Қазақстандағы мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа БАҚ-тың басын қосатын іс-шара.

    Еліміздегі басты коммуникация алаңында ведомство басшылары, халықаралық сарапшылар, инфлюенсерлер мен сала мамандары кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, идеяларын жариялайды. Байланыс орнатып, презентациялар жасап, алдағы жылға жоспарларын айтады.

  • Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

    •  ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

    Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.

    Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады, — делінген Үкіметтің мәліметінде.

    Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

    Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.

  • Президент Ұлттық ұлан сарбазына қатысты оқиғаны бақылауына алды

    Президент Ұлттық ұлан сарбазына қатысты оқиғаны бақылауына алды

    ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының әскердегі әлімжеттікке қатысты Ішкі істер министріне шұғыл тапсырма жүктегенін мәлімдеді.
    Ол: «Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шықты. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалады. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады», – деді әлеуметтік желідегі жазбасында.
    Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын.
  • «Қазгидромет»: Жаңбыр жауып, үсік жүреді

    «Қазгидромет»: Жаңбыр жауып, үсік жүреді

    Түнде және таңертең Ұлытау облысының солтүстігінде тұман түседі деп күтіледі. Облыстың шығысында, орталығында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі, облыстың шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Төтенше өрт қаупі сақталады.

    Түнде және таңертең Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында тұман түседі деп күтіледі. Облыстың оңтүстігінде солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың басым бөлігінде жоғары өрт қаупі, облыстың шығысында, батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағандыда түнде және таңертең тұман болады.

    Түнде Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде сынап бағаны 2 градус суықты көрсетеді, үсік жүреді деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі, облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Оралда түнде топырақ беті қатады, сынап бағаны 2 градус суықты көрсетеді, үсік жүреді деп күтіледі. Жоғары өрт қаупі сақталады.

    Түнде Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады деп күтіледі. Түнде облыстың батысында, солтүстік-шығысында, орталығында, күндіз облыстың солтүстік-шығысында найзағай ойна, күн райы бұзылады деп болжанады. Облыстың оңтүстігінде, солтүстік-шығысында, орталығында солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтауда түнде найзағай ойнайды деп күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.

    Ақтөбе облысында солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында соққан желдің екпіні 15-18 м/сқұрайды. Ақтөбе облысының басым бөлігінде жоғары, оңтүстігінде, батысында, орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде де жоғары өрт қаупі сақталады.

    Күндіз Қызылорда облысының батысында, орталығында найзағай ойнап. күн райы бұзылады деп күтіледі. Күндіз облыстың орталығында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі, облыстың солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылордада күндіз найзағай ойнайды деп күтіледі. Күндіз солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15 м/с құрайды. Төтенше өрт қаупі сақталады.

    Күндіз Жетісу облысының оңтүстігінде, орталығында, таулы аудандарында найзағай ойнап, күн райы бұзылады деп күтіледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз Алакөл ауданында соққан желдің екпіні — 15-20 м/с. Облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында төтенше өрт қаупі, областың шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Талдықорғанда күннің соңында найзағай ойнайды деп күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.

    Түнде және таңертең Қостанай облысының батысында, солтүстігінде тұман түседі деп күтіледі. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

    Түнде және таңертең Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түседі деп күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Көкшетауда түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі.

    Күндіз Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай ойнап, күн райы бұзылады деп күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың солтүстігінде, батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Алматыда 25 қыркүйекте күннің соңында найзағай ойнайды деп болжанады.  Батыстан соққан желдің найзағай кезіндегі екпіні — 15 м/с. Қонаевта күндіз найзағай ойнайды, батыстан соққан желдің найзағай кезіндегі екпіні 15-20 м/с құрайды.

    Түнде Атырау облысының батысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, күн райы бұзылады деп күтіледі. Түнде облыстың батысында, оңтүстігінде солтүстік-шығыстан, шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Атырауда түнде найғазай ойнайды деп болжанады. Төтенше өрт қаупі сақталады.

    Күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, күн райы бұзылады деп күтіледі. Күндіз облыстың батысында, таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі (5 класс) сақталады. Шымкентте төтенше өрт қаупі (5 класс) сақталады. Түркістанда да күндіз солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Төтенше өрт қаупі (5 класс) сақталады.

    Түнде Абай облысының солтүстігінде, орталығында тұман түседі деп күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстік-батысында, шығысында, орталығында солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с. Облыстың шығысында, орталығында жоғары өрт қаупі, облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

    Шығыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

    Солтүстік Қазақстан облысында батыстан, солтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында соққан жел екпіні 15-20 м/с, облыстың солтүстігінде, шығысында 23 м/с дейін жетеді. Күндіз Петропавлда батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады деп күтіледі.

    Түнде Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында тұман түседі деп күтіледі.

  • Батыс өңірде жер сілкінді

    Батыс өңірде жер сілкінді

    Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы мәліметінше, желі станциялары 24 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 14:20-да Атырау облысында жер сілкінісін тіркеген.

    Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы мәліметінше, жер асты дүмпулерінің эпицентрі Атыраудан оңтүстік-шығысқа қарай 134 шақырым жерде орналасқан.

    Ұлттық ядролық орталығы геофизикалық зерттеулер институты желісінің стансалары 2024 жылғы 24 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 14:20 шамасында (GMT 09:20) зілзаланы тіркеген.

    «Батыс Қазақстанда жер сілкінісі тіркелді. Эпицентр координаттары: солтүстік ендік – 46,07 градус, шығыс бойлық – 53,30 градус. Магнитудасы – 4,1. Энергетикалық класы – 9,2» делінген ақпаратта.

    Ал, volcanodiscovery.com мәліметіне сүйенсек, жер сілкінісі Атырау облысының аумағында тіркелген.

    Жер сілкінісінің сезілгені туралы мәлімет жоқ.

  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңында жаппай төбелес болды

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңында жаппай төбелес болды

    Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұзақылық жасағандардың барлығы қамауға алынған.

    «Бостандық аудандық полиция басқармасы 20 адамға қатысты қылмыстық іс қозғады. Қақтығысқа қатысушылардың барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.

  • Бишімбаевқа лайықты бос жұмыс орны жоқ па?

    Бишімбаевқа лайықты бос жұмыс орны жоқ па?

    Сотталған экс-шенеунік жұмысқа орналаспаған. Азаматтық жұбайын өлтіргені үшін сотталған Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияда жұмыс істемейді. Бұл туралы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.

    «Сотталған адам жазасын қауіпсіздік максималды мекемеде өтейді. Бос жұмыс орындарының болмауына байланысты ол жұмысқа орналаспады», – деді ҚАЖК.

    Ведомство Бишімбаевтың күн тәртібі осындай мекемелердің ішкі тәртіп ережелерінің талаптарына сәйкес сақталатынын атап өтті.

  • Кен орнындағы жұмысшының мәйіті неге кеш табылды?

    Кен орнындағы жұмысшының мәйіті неге кеш табылды?

    18 қыркүйекте Жамбыл облысындағы алтын өндіретін «Алтыналмас» компаниясының «Ақбақай» тау-кен байыту кешенінде тау жынысы опырылып, бір жұмысшы үйінді астында қалып қойғаны туралы хабарланған еді.

     Компания төтенше оқиға туралы 19 қыркүйекте хабарлады. Тау-кен байыту кешеніне құтқару тобы барып, үйінді астында қалған жұмысшыны іздеген. Компания тау жынысы жылжып кету қаупі бар және географиялық орны күрделі болғандықтан, опырылған жерді аршу қиынға соқты деген. 

    6 күн өткен соң компания жұмысшы «жазатайым оқиға салдарынан қаза болды» деп мәлімдеді.

    Слесарь Нұрдәулет Нұрмаханов 2012 жылдан бері осы компанияда жұмыс істеген. «Алтыналмас» марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

     

  • Демеу Жадыраев спорттық мансабын жалғастыра ма?

    Демеу Жадыраев спорттық мансабын жалғастыра ма?

    Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев спорттық мансабы туралы әлі нақты шешім қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Olympic.kz порталы.

    Балуан бар уақытын отбасына арнап жүргенін мәлімдеді.  «Қазіргі бар уақытым отбасыма арналуда. Жаттығу, жарыс деп, жанұямнан үнемі жырақта жүрдім. Үйге келіп, қайтадан жаттығуға жиналатынмын. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, жақындарыма уақыт арнаудамын. Келесі Олимпиада туралы әлі ойланғаным жоқ. Спорттық мансабыма қатысты шешім қабылдамадым», – деді Демеу Жадыраев.