Рубрика: Жаңалықтар

  • «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұловқа қатысты үкім шығарды. Мұны Антикор мәлімдеді.

    Ол футболшының еңбек шартына бонус беру сылтауымен 5,5 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

  • Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Ал, егін науқаны аяқталғанша 355 мың тонна жеткізіледі. Егер бұл отын көлемі де жетпесе қосымша тағы бөлінеді. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Үкіметте күзгі жиын-терін бойынша кеңес өтті. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау науқандарына рекордтық көрсеткіш көлемде қаражат бөлінді. 580 млрд теңге. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан шаруаларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Үкімет Басшысы жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құруды тапсырды. Енді вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығмен тиісті министрліктер, әкімдер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін штаб құралады.

    «Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

     

  • Маймыл шешегі дендеп тұр: Халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды

    Маймыл шешегі дендеп тұр: Халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды

    Маймыл шешегі дертінің мутацияға ұшыраған түрі белең алды. Індеттің тез таралуына байланысты Халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шешімді дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қабылдады.

    «Вирус Конгоның шығыс аймағында тез таралуда. Жанындағы көрші елдерден де анықталған. Бұл жағдай алаңдаушылық туғызды», — делінген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасында.

    Маймыл шешегі адамдарға жұғатын сирек кездесетін вирустық инфекция. Биылдың өзінде дертті 14 мыңнан астам адам жұқтырған. Оның 524-і көз жұмды. Мутацияға ұшыраған маймыл шешегінің бастапқы белгілерінде бас ауырады. Қызу көтеріліп, арқада ауырсыну пайда болады. Дене бөртеді.

  • Маңғыстауда 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстауда 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстау облысында 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген. Олар бір емес, бірнеше жылдар бойы оқушыларға сабақ беріп келген. Жалған құжат жасатып, айлық алған 60 мұғалімнің барлығы жұмыстан қуылды. Облыстың білім басқармасы жалған ұстаздарды жұмыстан қуып шектелмеді. Сотқа берді. Осылайша, айлыққа төленген қаражатты мемлекет бюджетіне қайтарып алмақ. Ал, Маңғыстау өңірінде 60 мұғалімнің жалған құжатпен жұмыс істеп жатқанын облыстың білім басқармасы тексеру кезінде анықтаған. Әрі білім ордасына хат жолдап, дипломдарды тексерген.

    «2023-2024 оқу жылдарында тексеру жүргізілді. Заңбұзушылықтың басым көпшілігі Мұнайлы ауданынан және Жаңаөзен қаласынан шықты. Мұнайлда 26, Жаңаөзенде 13 жағдайдан тіркелді», — Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Өмірбекова.

  • Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус анықталды

    Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус анықталды

    Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус инфекциясы табылды. Осы жағдайға байланысты 15 тамызға жоспарланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиада жеңімпаздарымен кездесуі кейінге шегерілді.

    «Коронавирус инфекциясы 3 спортшы мен 2 бапкерден анықталды. Үш спортшының үшеуі де Париж олимпиадасында жүлдеге қол жеткізген. Қазір олар оқшауланып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары жақсы. Вирус жеңіл формада өтуде. Құраманың қалған мүшелері дін аман», — деді ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

    Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан 8 медальмен 43-орынға тұрақтады.

    Жамбыл облысы: Елдос Сметов – алтын медаль; Алматы қаласы: Нариман Құрбанов – күміс медаль, Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, Ғұсман Қырғызбаев және Назым Қызайбай – қола медаль; Астана қаласы: Нұрбек Оралбай – күміс медаль;Алматы облысы: Демеу Жадыраев – күміс медаль.

  • «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»: Еркін Тәтішев Президентке үндеу жолдады

    «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»: Еркін Тәтішев Президентке үндеу жолдады

    Қазақстандық кәсіпкер Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде түрмеден босатылу мүмкіндігіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол бауыры Ержан Тәтішевті өлтіру үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекеті жайлы айтып, Мемлекет басшысына «Әділетті Қазақстанды» құру жолында көмектесуге дайын екенін жеткізді.

    «Қанды оқиға 2004 жылы желтоқсанда орын алды. Менің бауырым «Казкоммерцбанк», «Банк Тұран әлемнің»  негізін қалаушы, бизнестің түрлі салаларын дамытуға үлес қосқан кәсіпкер еді. Қылмыс Мұратхан Тоқмәдидің қолымен жасалса да, артында тұрғандар көп еді. Тапсырыс беруші – Мұхтар Әблязов, олардың құйтырқы әрекетін жасырушы – ҰҚК-нің сол кездегі басшысы генерал Дүтбаев. Олардың көздегені «Банк Тұран әлемге» иелік ету болатын. Мақсаттарына жетіп, банктің миллиард доллары қолды болды, қазақстандық банк жүйесі түбегейлі жойылды», — деді Еркін Тәтішев үндеуде.

    Кәсіпкер 14 жыл бойы әділеттілік үшін күрескендерін де алға тартты.

    «Біз отбасымызбен 14 жыл бойы әділет үшін күрестік. Бұл жолда бізге АҚШ-тың Луи Фри бастаған Федералды тергеу бюросы көмектесті. Олар қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі зерттеді, қазақстандық органдар да топтың іс-әрекетін тексеріп, бірқатар шешімдерге тоқталды. 2017 жылы ҰҚК мен басқа органдардың 10-нан астам маманы, генерал Дүтбаев сотталып, 3 жылдан соң ҰҚК-нің экс-басшысы мерзімінен бұрын босап шықты. Мұхтар Әблязовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бірақ, ол әлі қашып жүр. Оған АҚШ пен Еуропа соттары да үкім кескен», — деді кәсіпкер.

    Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдиге кесілген үкіммен келіспейтінін де атап өтті. Сөзінше, қылмыскерге 10,5 жыл беру тым аздық етеді.

    «Құрметті Президент мырза! Менің бауырымды өлтіріп кеткеннен кейін елде коррупция белең алды. Жұрт бәсекелестерінен оңай құтылудың жолын тапты, банк жүйесі құлдырады. Қазақстан экономикасы бұдан да жақсы болуы мүмкін болғанын сіз басқалардан гөрі жақсы білесіз. Сіз Конституция мен заңның кепілісіз. Сондықтан аталған істі өзіңіз зерттеп шығуыңызды, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Біз сізге «Әділетті Қазақстанды» құруға көмектесеміз. Себебі, өзіміз бірнеше жылдан бері сол жамандықтың құрбаны болып келеміз», — деп түйіндеді Еркін Тәтішев.

    Сондай-ақ ол қазақстандықтарды кез келген қылмысқа көз жұма қарамауға, күресуге шақырды.

    Естеріңізге сала кетейік, банкирді өлтірген Мұратхан Тоқмәди шартты түрде босауы мүмкін екені жайлы ақпарат 26 шілдеде тараған болатын. Бұл мәселе Ержан Тәтішевтің туысқандарының шағымынан соң кейінге қалдырылды. Іс Алматы облыстық сотының аппеляциялық алқасында қайта қаралуда.

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от Yerkin Tatishev (@yerkintatishev)

  • Бокстан бапкерлік құрам толығымен жұмыстан шеттетілді

    Бокстан бапкерлік құрам толығымен жұмыстан шеттетілді

    Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясы.

    Федерация мәліметінше, Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіліп, Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды.

    Қазақстан бокс федерациясының шешімі дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды.

    Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

  • ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    Министрлік БАҚ-та бостандығы шектелген Нұрасыл Болаттың Алматыда қыдырып жүрген видеосы тараған соң, пікір білдірді.

    «Сот шешімі Алматы қалалық ҚАЖД-ға 14 тамыз түскен. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу аудандық пробация қызметінің есебіне қойылып, ол сот белгілеген шектеулермен танысты», — деп хабарлады ведомстводан.

    Қазіргі уақытта болған оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.

    «Қызметтік тексеру басталды және оның нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі болашақта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бұл мәселені бақылауда ұстайды», — деп хабарлады ҚАЖК.

    Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 9 қазанында әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл салды. Кейіннен, 14 мамырында апелляциялық және жоғарғы соттар бұлтартпау шарасын 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге өзгертті.

    Бұған дейін Қазақстандық заңгер Анна Чернова әлеуметтік желілерде бостандығын шектеуге үкім шығарылған Нұрасыл Болаттың түнде Алматыдағы көшеде достарымен қыдырып жүргені туралы бейнеролик жариялаған болатын. Ол Instagram-дағы жазбасында «ҚАЖК қызметкерлеріне және Мәжіліс депутатының ұлына қатысты сотқа дейінгі тергеуді» бастауды талап етті.

  • Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласы іздеуде жүр

    Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласы іздеуде жүр

    ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов бес күннен бері іздеуде жүр. Ол жайлы ақпарат Бас прокуратураның құқықтық статистика порталында жарияланды.

    Іс Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Оны ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізіп жатыр. 

    Қылмыстық істің не үшін қозғалғаны әлі де белгісіз. Азамат Қапенов Мәсімовтың үлкен қызының күйеуі болған. Қаңтар оқиғасынан кейін олар активтерін жасырып қалу үшін құжат бойынша ғана ажырасқан.

    Сондай-ақ күйеу баланың Ресейде де іздестіріліп жатқаны мәлім болды.

  • Долан ауылы сусыз қалды: әкімдік жауабы қандай?

    Долан ауылы сусыз қалды: әкімдік жауабы қандай?

    13 тамыз күні Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының халқы «Дихан» дүкенінің жанына жиналып, ауыз судың жоқтығына наразылықтарын білдірді. Әкімдіктегілердің сөзінше, сорғы істен шығып, аумаққа су беру тоқтатылған. Мердігер компания жабдықты бірден жаңартқан.

    «Елге суды орташа қысымда беріп жатырмыз, желілер мен мұнаралар суға толтырылуда. Тұрғындардан әлеуметтік желіде тараған жел сөздерге емес, ресми мәліметке сенулерін сұраймыз. Жағдай жергілікті әкімдіктің бақылауына алынды», – деп жазды облыстық әкімдік.