Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматы метросын Алатау қаласына дейін ұзарту жоспарлануда

    Алматы метросын Алатау қаласына дейін ұзарту жоспарлануда

    Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңартылған Бас жоспарын талқылау барысында мегаполистегі метрополитенді дамытуға қатысты жаңа бастамалар жарияланды. «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуовтың айтуынша, қолданыстағы метро желісін кеңейту және оны қала маңындағы аумақтармен, соның ішінде Алатау қаласымен байланыстыру мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Жоспарға сәйкес, қазіргі «қызыл» желі «Барлық» станциясына дейін ұзартылып, одан әрі Алматы-1 теміржол вокзалымен біріктірілуі мүмкін. Бұл шешім ірі көлік тораптарын өзара байланыстыруға бағытталған классикалық тәсіл ретінде қарастырылады. Осылайша, метро желісі қала ішіндегі және қала маңындағы жолаушылар ағынын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

    Бұдан кейін аталған желіні солтүстік бағытта жалғастырып, болашақта жоспарланып отырған «жасыл» желімен интеграциялау көзделген. Бұл өзгерістер Алатау қаласынан Алматыға дейін жылдам әрі қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, метрополитеннің қала шегінен шығуы агломерациялық дамуға серпін береді.

    Сонымен қатар Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін дамыту да қатар қарастырылып отыр. Жобаға сәйкес, LRT желісі «Барлық» станциясынан басталып, Төле би көшесі арқылы өтіп, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 вокзалына, одан әрі Райымбек даңғылы мен жаңа Хмельницкий көшесі арқылы қаланың шығыс және оңтүстік бөліктерімен байланысады.

    Қазіргі уақытта LRT жобасының бірінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме аяқталу сатысында. Құжат бекітілгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты мерзімдері айқындалады. Жобаны іске асыру үшін EPC-келісімшарт форматы қарастырылып отыр, яғни мердігер жобалаудан бастап құрылысты толық өз мойнына алады.

    Қала билігі мұндай келісімшарттар бастапқыда қымбат болуы мүмкін екенін мойындайды, алайда қысқа мерзімде жүзеге асырылуы есебінен экономикалық тұрғыда тиімді болады деп есептейді. Әлемдік тәжірибеде, соның ішінде Қытай мен Ресейде, ірі көлік инфрақұрылымдары қысқа уақыт ішінде салынатыны мысалға келтірілді.

    Айта кетейік, Алматыда метро құрылысы да қарқынды жалғасуда. «Қалқаман» станциясындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, жаңартылған Бас жоспар қоғамдық көлікті басым бағыт ретінде дамытуға, метро желілерін кеңейтуге, LRT және BRT жүйелерін іске қосуға және автобус жолақтарын көбейтуге басымдық береді.

  • Қазақстанда 2025 жылы үш жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды

    Қазақстанда 2025 жылы үш жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды

    2025 жылы елімізде «Қорқыт Ата», «Ақтөбе» және «Атырау» атты үш жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар Қазақстанға инвестиция тартудың тиімді құралдарының бірі болып қала береді. Бұл аумақтардың тартымдылығы салықтық және кедендік жеңілдіктер, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды дамыту сияқты мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.

    2024 жылдан бастап елде «инвестиция көлемі артқан сайын — берілетін жеңілдіктер де көбейеді» қағидатына негізделген сараланған тәсіл енгізілді. Бұл жүйе сапалы әрі ұзақ мерзімді жобаларды тартуға бағытталған. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіп жобалары үшін арнайы экономикалық аймақ аумағындағы жер телімдерін пайдалануға берілгеннен кейін үш жылдан соң мерзімінен бұрын сатып алу тетігі енгізілді. Мамандардың бағалауынша, бұл шешім инвесторлардың қызығушылығын арттырды.

    Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған аймақтарды кеңейту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. 2025 жылы «Turan», «Ақтау теңіз порты», «Павлодар», «Қорғас – Шығыс қақпасы», «Сарыарқа», «Jibek Joly», «Qyzyljar», сондай-ақ Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі арнайы экономикалық аймақтарының аумақтары кеңейтілді.

    Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет «Ақтау теңіз порты», «Оңтүстік», «Астана-Технополис», «Сарыарқа» және «Alatau» арнайы экономикалық аймақтарының аумағын ұлғайту жөнінде қаулылар қабылдады. Бұл шешімдер әуежай инфрақұрылымын дамытуға және мультимодальды аэрохабтар қалыптастыруға бағытталған.

    Сонымен қатар «Ақтау теңіз порты», «Jibek Joly», «Alatau», «Қорғас – Шығыс қақпасы», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата», «Qyzyljar» және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтарында басым қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Жауапты органдардың мәліметінше, бұл шаралар өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ел экономикасының индустриялық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

  • Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену әрекеті әшкереленді

    Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді заңсыз иемдену әрекеті әшкереленді

    Қаржылық мониторинг агенттігі Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Sona.kz АФМ- ге сілтеме жасап

    Тергеу материалдарына сәйкес, 2014–2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған Байжуманов А. пайшылардың ақшасын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырған. Аталған қылмыстар үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

    Кейін Астана қаласы әкімдігінің есебінен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беруге арналған. Алайда түрмеден шыққан соң Байжуманов жаңа заңсыз әрекетке барған.

    Күдіктілер жалған құжаттарды артқа шегеріп рәсімдеу арқылы пәтерлерді заңсыз иемденгені анықталды. Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» жәбірленуші ретінде танылып, уәкілетті ұйым арқылы 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған.

    Тегін алынған пәтерлерді кейін үшінші тұлғаларға сату жоспарланған. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын тұрғын үйді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.

    Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.

  • Қазақстан спутниктік байланыс жүйесін жаңартады: KazSat-3 2029 жылы ауыстырылады

    Қазақстан спутниктік байланыс жүйесін жаңартады: KazSat-3 2029 жылы ауыстырылады

    Қазақстан ұлттық геостационарлық спутниктік байланыс жүйесі «Kazsat» аясында кезекті жаңғырту кезеңіне дайындалуда. 2029 жылы қолданыстағы «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигін жаңа аппаратпен жоспарлы түрде ауыстыру көзделіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, бұл туралы Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ведомствоның мәліметінше, аталған шара спутниктік инфрақұрылымды дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады. «KazSat-3» спутнигінің пайдалану мерзімі жобалық қызмет ету цикліне сай болғандықтан, оны ауыстыру жұмыстары алдын ала жоспарланған.

    Жаңа спутник Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде спутниктік байланыс, телехабар тарату және деректерді беру қызметтерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Министрлікте бұл жоба ғарыштық байланыс саласындағы технологиялық тәуелсіздікті сақтау мен телекоммуникациялық қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

    Жаңа спутниктің техникалық сипаттамалары заманауи талаптарға сай болады және ұлттық спутниктік топтаманың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады деп күтілуде. Аппараттың нақты параметрлері мен ұшырылу мерзімдері жобаны іске асыру барысында қосымша жарияланатын болады.

  • Ақтауда кәмелетке толмаған оқушыға қатысты зорлық фактісі тергеліп жатыр

    Ақтауда кәмелетке толмаған оқушыға қатысты зорлық фактісі тергеліп жатыр

    Ақтау қаласында кәмелетке толмаған мектеп оқушысына қатысты зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Sona.kz.

    Қоғамдық ұйым таратқан мәліметке сәйкес, жетінші сыныпта оқитын қыз бала өткен жылдың қыркүйек айында бірнеше рет зорлыққа ұшыраған. Ақпаратта зорлық әрекеттеріне жоғары сынып оқушылары қатысқаны, ал болған жағдайдың бейнетаспаға түсірілгені айтылған. Сонымен қатар, жәбірленушіге дене жарақаттары мен психологиялық қысым көрсетілгені хабарланды.

    Берілген деректерге сәйкес, қыз бала ұзақ уақыт бойы болған оқиғаны жасырып келген. Бұл оның психологиялық жағдайының нашарлауына алып келген. Қоғамдық ұйым өкілдерінің мәліметінше, ол бірнеше рет арнайы ем қабылдаған.

    Маңғыстау облысы полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі — «Кәмелетке толмағанды зорлау» бойынша тіркелген.

    «Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады полиция.

    Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

  • Түркістан облысында қарт әкені ұрып өлтіру ісі сотқа жолданды

    Түркістан облысында қарт әкені ұрып өлтіру ісі сотқа жолданды

    Өз әкесін аяусыз соққыға жықты деп айыпталған Түркістан облысының тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Sona.kz.

    Түркістан облысында қарт адамды соққыға жығып, өліміне әкеп соққан қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Айыпталушы ретінде марқұмның туған ұлы танылып отыр. .

    Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Қарт адамға жасалған қатыгездік көріністері көршісі тарапынан жасырын түрде түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Бейнежазба қоғамда үлкен наразылық туғызып, қылмыстық іс қозғауға негіз болды.

    Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адам өз әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткен. Видеода қарияның беті қанға боялғаны, өздігінен тұра алмағаны анық көрінеді. Бір сәтте айыпталушы жұбайын шақырып, екеуі қартты сүйреп әкеткен.

    Тергеу жұмыстары үш айдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде 22 желтоқсанда іс материалдары Түркістан облысындағы Жетісай аудандық сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.

    Соттың хабарлауынша, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабының 2-бөлігі «Дәрменсіз күйдегі адамды азаптау» және 107-бабының 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қаралады.

    Бұған дейін полиция тергеу барысында айыпталушының жұбайының әрекетіне де құқықтық баға берілгенін, оның зорлық-зомбылықты тоқтатуға әрекет жасамағанын мәлімдеген болатын.

  • Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесінде ауқымды бұзушылықтар анықталды

    Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесінде ауқымды бұзушылықтар анықталды

    Жоғары аудит палатасының төрағасы Әлихан Смайлов Мәжілісте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін тексеру нәтижелерін таныстырды. Аудит алты жылдық кезеңді қамтыған, сол уақытта мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 4,5 трлн теңге бағыттаған. деп хабарлайды Sona.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.

    Аудит нәтижесі бойынша Ұлттық экономика министрлігінің ресми деректері кем дегенде екі есе төмен көрсетілген. Тексеру барысында бюджет қаражатының 133 млрд теңгесі тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған, 132 млрд теңгесі қаржылық есептіліктің бұрмалануы, ал 13 млрд теңгесі тікелей қаржылық бұзушылықтар ретінде анықталған.

    Смайлов атап өткендей, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жүйесі фрагменттелген және айқын емес күйде қалып отыр. Елде көптеген құралдар, операторлар мен бағдарламалар бар, оларда кәсіпкерлерге бағдарлану қиын. Қолдаудың барлық кезеңін — өтініш беруінен бастап экономикалық тиімділігін бағалауға дейін қамтитын бірыңғай цифрлық платформаның болмауы жағдайды күрделендіреді.

    Жоғары аудит палатасының бағалауы бойынша, барлық мемлекеттік қолдаудың шамамен 90%-ы бес құралға тиесілі: несиелер бойынша пайыздық ставкаларды және шығыстарды субсидиялау, кепілдендірілген сатып алулар, несие беру және лизинг. Аудит барысында кейбір жобаларға қаржыландырудың шамадан тыс көбейтілуі анықталды: шығыстар жеңілдетілген несие сомаларына сәйкестендірілген. Құжаттар ресми түрде дұрыс рәсімделген, несиелер қызмет көрсетілген, бірақ қаражаттың бір бөлігі пайдаланылмаған.

    Аудиторлар ерекше назарды мемлекеттік қолдау алған кезеңде бизнес иелеріне дивиденд төлеуге аударды. Тікелей тыйым жоқ болса да, төленген дивидендтердің көлемі мемлекеттік көмектен асып кеткен жағдайлар алаңдатады.

    Аудит нәтижесі бойынша 14 материал құқық қорғау органдарына жолданады, 105 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберіледі.

  • Биыл Қонаев спортшылары түрлі жарыстардан 111 алтын иеленді

    Биыл Қонаев спортшылары түрлі жарыстардан 111 алтын иеленді

    Түрлі белестерді бағындырып, тұғырдан көрінген спортшыларды Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.

    «Қаламызда спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасалып, заманауи алаңдар салынуда. Жыл басынан бері қала спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда 417 медаль, оның 111-і алтын, 113-і күміс және 193-і қола жеңіп алды. Бұл жетістіктер – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі ғана емес, жаттықтырушылар мен отбасы мүшелері қолдауының нәтижесі», – деді шаһар басшысы.

    Бұл күні әкімнің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық 80-нен астам спортшыға табысталды. Оның ішінде панкратионшылар, шахматшылар, күресшілер, пара қол күресінен жеңімпаздар, боксшылар, футболшылар, желкенді қайықпен айналысатындар бар.

    Айта кетейік, биыл 15 аумақта күнделікті денешынықтыруға арналған воркаут алаңдары салынды. Одан бөлек, былтыр «Кроссфит» алаңы қолданысқа берілді. Сондай-ақ биыл жағажай спортына арналған алаң жөндеуден өтіп, жаңа келбетке енді. Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді. Түрлі ақылы үйірмелерге де қатысуға мүмкіндіктер ашылған.

  • Алматы-Бішкек трассасында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді

    Алматы-Бішкек трассасында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді

    Алматы облысы полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды Алматы-Бішкек трассасында орташа жылдамдықты автоматты бақылау жүйесінің енгізілгені туралы хабарлайды. Видеокамералар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеп, жылдамдықты тек камера орнатылған жерлерде емес, ұзын жол учаскелерінде де анықтай алады, деп хабарлайды Sona.kz облыстық ПД сілтеме жасап.

    Жүйе бақылау пункттері арасындағы уақытты салыстыру принципі бойынша жұмыс істейді. Егер көлік белгіленген уақыттан жылдамырақ жүрсе, жылдамдық режимін бұзу фактісі тіркеледі.

    Полиция мәліметі бойынша, жүйені енгізу жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу, жолдағы жарақаттар мен өлім-жітімдерді азайту мақсатында жүргізілуде.

    Жақын арада осындай бақылау жүйелері елдің басқа трассаларында кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

    Құқық қорғау органдары жүргізушілерді абай болуға, жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, бұл жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

  • Павлодар облысында вейптер мен темекі өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан топ анықталды

    Павлодар облысында вейптер мен темекі өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан топ анықталды

    Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейп), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарын заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Өнімдер Telegram мессенджеріндегі үш онлайн-дүкен арқылы және курьерлік жеткізіліммен сатылған. Негізгі тұтынушылар – мектеп оқушылары мен студенттер болған.

    Тергеу барысында заңсыз айналымнан 53 мыңнан астам өнім алынып, жалпы құны 400 миллион теңгеден асты. Қылмыстық табысты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін күдіктілер «дропперлерді» пайдаланып, банктік карталарды олардың атына рәсімдеген.

    Сот санкциясымен қылмыстық табысқа сатып алынған үш көлікке тәркі салынды («Toyota Land Cruiser», «Toyota Highlander», «Chevrolet Camaro»). Төрт күдікті қамауға алынды.

    ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты қосымша ақпарат жарияланбайды.