Рубрика: Жаңалықтар

  • 100 миллион теңге пара: Астана, Көкшетау және Екібастұз ХҚКО басшылары тергеліп жатыр

    100 миллион теңге пара: Астана, Көкшетау және Екібастұз ХҚКО басшылары тергеліп жатыр

    Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бірнеше ірі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады. Астана қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін жүргізу және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу кезіндегі заңсыз әрекеттердің беті ашылды, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҚМА-не сілтеме жасап.

    Атап айтқанда, Астанадағы Мамандандырылған ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алып, азаматтарға емтихан тапсыруға және куәлік алуға көмектескені үшін әшкереленді. Тергеу барысында жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам қылмыстық факті құжатталған.

    Мұндай заңсыз схемалар Көкшетау және Екібастұз қалаларындағы ХҚКО филиалдарында да жұмыс істеген. Ондағы басшылар жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырып, ол үшін ақшалай сыйақы алып отырған. Сонымен қатар ҰҚК Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлерін де құрықтады. Олар жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, заңсыз баюмен айналысқан.

    Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.

  • Қызылорда облысында жалған аурухана парағы үшін дәрігер мен СЭС қызметкері сотталды

    Қызылорда облысында жалған аурухана парағы үшін дәрігер мен СЭС қызметкері сотталды

    Сот дәрігерді құжатты қолдан жасағаны үшін, ал шенеунікті оны пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды.

    Қызылорда облысында жалған еңбекке жарамсыздық парағын қолдану дерегі бойынша сот үкімі шықты. Іс Сырдария ауданында қаралды.

    Сот мәліметінше, СЭС-тің аудандық бөлімінің басшысы әкімшілік құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке қамауға алынған. Осы кезеңде ол жұмысқа келмеуін заңдастыру мақсатында жалған аурухана парағын ұсынған.

    Аталған құжатты аудандық аурухананың дәрігері рәсімдегені анықталды. Ол еңбекке уақытша жарамсыздық парағын негізсіз беріп, құжатты қолдан жасаған.

    Сот дәрігерді ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

    Ал жалған құжатты пайдаланған бөлім басшысы ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

    Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

    Сот үкімі заңды күшіне енгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.

  • Екібастұз экономикасының әртараптануы: қала моноқала мәртебесінен шықты

    Екібастұз экономикасының әртараптануы: қала моноқала мәртебесінен шықты

    Қазақстанда Екібастұз қаласы ресми түрде моноқалатар тізімінен шығарылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

    Тиісті өзгерістер 2023 жылғы 21 қарашадағы №248 бұйрыққа енгізілген. 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрыққа сәйкес, Екібастұз аталған тізімнен алынды.

    Тізімді жаңарту Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылды. Онда Сарань қаласының экономикасын әртараптандыру тәжірибесін басқа моноқалаларға тарату міндеті қойылған.

    Министрлік мәліметінше, шешім қабылдау алдында моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді талдау жүргізілді. Бағалау 78 негізгі көрсеткіш бойынша, соның ішінде өнеркәсіп өндірісі, инвестиция, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту құрылымы бойынша жасалған.

    Талдау нәтижесінде Екібастұзда экономиканың әртараптануы байқалған. Қалада салалар арасындағы теңгерім жақсарып, өнеркәсіп өсімі мен инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде сақталған.

    2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 28,1%-ға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 429,8 млрд теңгеге жетіп, 1,2 есеге өскен.

    Сондай-ақ жұмыспен қамту бірнеше салаға бөлінгені атап өтілді. Бұл қала экономикасының бір ғана кәсіпорынға тәуелділігінің төмендегенін көрсетеді.

    Жаңартылған тізімде 19 моногород қалды: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтпаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау.

    Министрлік мәліметінше, тізімді жаңарту мемлекеттік қолдау шараларын нақты бағыттауға және экономикасы әлі де бір салаға тәуелді өңірлерге басымдық беруге мүмкіндік береді.

  • Жетісу облысында сұмдық жағдай: Қарт әке өз балаларынан көрген қорлығын айтып шағымданды

    Жетісу облысында сұмдық жағдай: Қарт әке өз балаларынан көрген қорлығын айтып шағымданды

    Жетісу облысының 62 жастағы тұрғыны өз балалары тарапынан көрсетілген тұрақты зорлық-зомбылық туралы мәлімдеді. 2013 жылы отбасымен бірге Қытай Халық Республикасынан тарихи отанына қоныс аударған қария ауылдағы кішігірім шеберханада етікші болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Sona.kz Taldyqorganec_kolesa-ның интаграм парақшасына сілтеме жасап..

    Жәбірленушінің айтуынша, оның екі ұлы ұзақ уақыт бойы өзін соққыға жығып, ақша бопсалап келген. Тіпті олар әкесінің нәпақа тауып отырған шеберханасын талқандап, құрал-саймандарын, құжаттары мен тапқан табысын тартып алып отырған. Қарияның басынан өткен бұл сұмдық оқиғалар ақпан айында балаларының оны тұншықтырып, аяусыз ұруымен жалғасқан, сол сәтте көршісі араша түспегенде жағдай бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.
    Осыған дейін болған жанжалдардың бірінде әкесін қорғамақ болған үшінші ұлы ағаларынан пышақ жарақатын алғандығы белгілі болды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары аталған факті бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Екі күдікті де қамауға алынды және сот шешімімен оларға үш ай бойы әкесіне жақындауға тыйым салынды. Бостандыққа шыққаннан кейін де олар полицияның жіті бақылауында болады. Бұл оқиға Түркістан облысындағы қарияның өз ұлының қолынан қаза тапқан қайғылы жағдайын еске түсіріп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

  • Мемлекет басшысының жаңа Жарлығы: Отбасы құндылықтары мен құқықтарын қорғау күшейтіледі

    Мемлекет басшысының жаңа Жарлығы: Отбасы құндылықтары мен құқықтарын қорғау күшейтіледі

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды. Жаңа құрылым Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында қызмет етеді. Сондай-ақ уәкіл аталған комиссия төрағасының орынбасары міндетін қоғамдық негізде атқаратыны белгіленді. Бұл қадам мемлекеттік деңгейде отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау тетіктерін үйлестіруді жаңа сатыға көтеруді көздейді.
    Жарлыққа сәйкес, жаңадан құрылған институттың алдына бірнеше стратегиялық мақсат қойылған. Уәкілдің негізгі қызметі отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік демографиялық саясатты іске асыруға бағытталады. Бұдан бөлек, құжатта отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу мәселелеріне басымдық берілген. Осылайша, жаңа институт отбасылық саясат саласындағы мемлекеттік бастамаларды іс жүзінде тиімді жүзеге асырудың маңызды құралына айналмақ.

  • Қазақстанда жастарды мемлекеттік қызметке мектептен бастап дайындайтын жүйе енгізіледі

    Қазақстанда жастарды мемлекеттік қызметке мектептен бастап дайындайтын жүйе енгізіледі

    Қазақстанда мемлекеттік қызметке кадрларды даярлау жүйесі жаңартылып, оны мектеп қабырғасынан бастау көзделуде. Бұл туралы Агенттік басшысы Дархан Жазыкбай мәлімдеді. Қазіргі таңда елдегі мемлекеттік қызметте 27 534 жас маман жұмыс істеп жатыр.

    – Сіз білесіздер, 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында жұмыстар жүргізді. Біздің жастар резервіміз бар. 2023 жылдан бастап GPI нәтижелері бойынша ауылдық аймақтарға жетекші қызметтерге жастарды іріктеу бағдарламасы жүргізіледі. Біз Сингапур үлгісін пайдаланып, 10–11 сынып оқушыларын, яғни болашақта мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетіндерді тартуды жоспарлап отырмыз. Оларды білім беру гранттары арқылы қабылдаймыз, — деді Дархан Жазыкбай.

    Іріктеу мемлекеттік қызметке қажетті мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Оқушылар ауылдық жерлерде 2–3 жыл жұмыс істеген соң, Академияда біліктілігін арттырып, аймақтық, қалалық деңгейде жұмыс істей алады, содан кейін жетекші қызметтерге тағайындалуы мүмкін.

    – Осылайша біз жастарды мемлекеттік қызметке тартуды қамтамасыз етеміз, — деп толықтырды АДГС басшысы.

  • Ақтөбеде әйнекті сындырып, қымбат смартфондарды ұрлаған ер адам ұсталды

    Ақтөбеде әйнекті сындырып, қымбат смартфондарды ұрлаған ер адам ұсталды

    Ақтөбе қаласында ұрлық дерегі бойынша күдікті ұсталды. Оқиға түнгі уақытта болған, деп хабарлайды Sona.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам дүкеннің кіреберіс есігінің әйнегін балғамен сындырып, ішке заңсыз кірген.

    Ол жерден жалпы саны 18 ұялы телефонды алып кеткен. Дүкен иесінің бағалауынша, келтірілген шығын шамамен 15 миллион теңгені құраған.

    фото: Policia.kz

    Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басын анықтаған. Көп ұзамай ол қала көшелерінің бірінде ұсталған.

    Ұсталған кезде ер адам ұрланған телефондарды сатуға әрекеттеніп жатқан. Барлық гаджеттер тәркіленіп, иесіне қайтарылған.

    Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

    Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • Қазақстанда 1 шілдеден бастап электросамокаттарға нөмір беріледі

    Қазақстанда 1 шілдеден бастап электросамокаттарға нөмір беріледі

    Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жалға берілетін электросамокаттарды тіркеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Тиісті талаптарды Ішкі істер министрлігі бекітті.

    Жаңа нормаларға сәйкес, әрбір электросамокатқа жеке нөмір беріледі. Бұл нөмірді самокаттарды жалға беру қызметін ұсынатын операторлар өздері тағайындайды.

    Тіркеу нөмірі бір латын әрпінен және бес цифрдан тұрады. Әріп белгілі бір компанияға бекітіледі, ал цифрлар нақты самокатты айқындайды.

    Ережеге сәйкес, операторлар өздерінің барлық самокаттарының есебін жүргізуге міндетті. Бұл тізімге модель, сериялық нөмір, техникалық қызмет көрсету және жөндеу туралы мәліметтер енгізіледі.

    Сондай-ақ әрбір компания өзіне бірегей латын әрпін бекітуі тиіс. Бұл туралы басқа операторларды хабардар ету қажет.

    Егер бес жұмыс күні ішінде басқа компаниялар тарапынан қарсылық болмаса, таңдалған әріп ресми түрде бекітіледі.

    Нөмірлік белгілер самокаттың артқы бөлігінде, дөңгелек үстінде және руль тірегінің екі жағында орналастырылады.

    Ережеге сәйкес, тіркеу нөмірін басқа самокатқа беруге болмайды. Құрылғы істен шыққан жағдайда ол ауыстырылғанымен, нөмір комбинациясы өзгеріссіз қалады.

  • Астана мен Алатауға жеке конституциялық заңдар әзірленеді

    Астана мен Алатауға жеке конституциялық заңдар әзірленеді

    Қазақстанда Астана және Алатау қалалары үшін жеке конституциялық заңдар әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.

    Оның айтуынша, жаңа заңдар аталған қалалардың ерекше мәртебесін айқындап, олардың дамуына қосымша құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

    Алатау қаласы үшін «жедел даму қаласы» режимін енгізу ұсынылуда. Бұл режим аясында арнайы салық шарттары қарастырылып, инвестицияларды қорғау тетіктері күшейтіледі.

    Сондай-ақ Алатауда жаңа технологияларды енгізу көзделген. Атап айтқанда, пилотсыз көлік жүйелері мен цифрлық активтерді дамыту жоспарланып отыр.

    Ал Астана қаласы үшін басқарудың жеке тетіктері әзірленбек. Олар қала құрылысы, көші-қон және көлік салаларын қамтиды.

    Үкімет өкілдерінің пікірінше, қабылданатын заңдар инвестиция тартуға және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Серік Жұманғариннің мәліметінше, Алатау қаласына қатысты заң жобасы 27 наурызда екінші оқылымда қаралады. Ал Астана мәртебесіне қатысты құжат сәуір айының соңына дейін Мәжіліске енгізіледі.

  • Достық Плаза маңындағы төбелес: Асет Матаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Достық Плаза маңындағы төбелес: Асет Матаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Алматы қаласында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің иесі Асет Матаев ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол 17 наурыз күні кешке «Достық Плаза» сауда-ойын-сауық орталығы маңында болған төбелеске қатысушылардың арасында болған, деп хабарлайды Sona.kz Kozachkov offside телеграм каналына сілтеме жасап.

    Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу хулигандық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.

    Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.

    Оқиғаға нақты қанша адамның қатысқаны және жанжалдың неден туындағаны әзірге нақтыланбады. Ресми органдар қосымша ақпарат жариялаған жоқ.

    «ҚазТАГ» редакциясы бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

    Редакцияның мәлімдеуінше, оқиғаға қатысты толық ақпарат кейінірек ұсынылады. Қазіргі уақытта тараптардан ресми түсініктемелер күтілуде.

    Тергеу барысы бақылауда, іс бойынша қосымша мәліметтер жарияланған жағдайда хабарланатыны белгілі болды.