Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Талғар ауданының прокуроры тағайындалды

    Талғар ауданының прокуроры тағайындалды

    Шерзаттың ісінен кейін Талғар ауданының кадр саясатында едәуір өзгеріс болды. Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары Дамир Қатаев Ерлан Тағаевты таныстырды. Ерлан Тағаев бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде прокурор болып қызмет атқарған.

    Тағаевтың мансабы Алматы облысында басталды. Сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы прокурорлық қызметтерді атқарды. Ол Курчатов, Күршім, Аягөз, Абай және Жаңасемей қалалары мен аудандарында прокурор болды.

    Еске сала кетейік, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов 18 қазанда  Бас прокурордың бұйрығымен атқаратын қызметтерінен босатылды.

  • Қазақша мультфильмдерге 350 млн теңге бөлінеді

    Қазақша мультфильмдерге 350 млн теңге бөлінеді

    Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақ тілінде мультфильмдер жасау үшін 350 миллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Қазақша сөйлейтін балаларға арналған контент тапшылығын ескерген депутат, мультфильмдерді тек теледидардан ғана емес, сонымен қатар YouTube сияқты танымал интернет платформаларында да қолжетімді ету қажеттігін атап өтті.

    Депутат өзінің телеграм-арнасында бұл шешім балаларға арналған контенттің кеңеюіне маңызды қадам болатынын айтты.

    «Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдерді жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-ке жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік», – деді Аймағамбетов.

    Ол қазақ тілінде сапалы контент жасау қиыншылықтарына және «Балапан» телеарнасы қаржыландырудың аздығына тоқталып, мультфильм жасаушылардың жұмысы көбінесе волонтерлік жұмысқа ұқсас екенін айтты.

    «Қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, «Балапан» телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контент сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Аймағамбетов.

  • Түркістан облысында 200 млн теңге субсидияны жымқырған

    Түркістан облысында 200 млн теңге субсидияны жымқырған

    Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға субсидия ретінде бөлінген 200 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған.

    Сауран ауданының тұрғыны 20 тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып жалған мәліметтерді көрсетіп, жоқ ірі қара малдарға мемлекеттен субсидия алған.

    «Облыс прокуратурасы қаражатты жымқыру фактісі бойынша құжаттарды СДТБТ-не тіркеп (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4–тармағы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру арнайы прокурорларға (облыс прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасы) жүктелген»,- делінген хабарламада.

    Күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды.

  • Әйелін ұрып-соққан Қазақстан елшісі соттала ма?

    Әйелін ұрып-соққан Қазақстан елшісі соттала ма?

    Қазақстан дипломаты Сәкен Мамаштың жұбайы Карина Мамаш әлеуметтік желіде отбасылық зорлық-зомбылық туралы мәлімдемесінен кейін ажырастығын ресми түрде растады.

    Ол Instagram парақшасында оқырманының сұрағына жауап беріп: «Иә, мен ресми түрде ажырастым», – деп жазды. Карина Мамаштың айтуынша, 5 мамырда оның күйеуі Сәкен Мамаш оны және қонаққа келген сіңлісін аяусыз соққыға жыққан. Оқиғадан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Мамашты Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға қайтарып алды. Карина Астанаға оралып, балаларымен дағдарыс орталығына орналасты.

    Сәкен Мамашқа 110-бап бойынша, яғни «Зорлық-зомбылық көрсету» айыбы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 28 маусымда сот сіңлісіне шабуыл жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алу шешімін шығарды.

  • Ұлттық банк: Биыл тоғыз айда жалпы ішкі өнім 4 пайызға артты

    Ұлттық банк: Биыл тоғыз айда жалпы ішкі өнім 4 пайызға артты

    Инфляция біртіндеп төмендеп келеді, ал елімізге келсек, қазір экономикалық жағдай – тұрақты, динамика – оң. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

    «Биыл жаһандық экономиканың дамуына геосаяси тұрақсыздық ықпал етіп жатыр. Бұл бірқатар әскери қақтығыстарға, әлемдегі сауда-саттық пен инвестициялардың төмендеуіне байланысты. Халықаралық валюта қорының жаңартылған болжамы бойынша, әлемдік экономиканың өсуі 2024 және 2025 жылдары 3,2% болады. Орталық банктер өзінің қатаң монетарлық саясатын сақтағандықтан, жаһандық инфляциялық процестер баяу қалыптасып отыр. Дегенмен, қазір дамыған елдерде инфляция орталық банктердің нысаналы көрсеткішіне жақын. Бұл жетекші елдердегі орталық банктердің ақша-кредит саясатын біртіндеп жеңілдетуге жағдай жасайды», — деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында.

    Ұлттық банк төрағасының айтуынша, инфляция біртіндеп төмендеп келеді.

    «Қазақстанды алсақ, қазіргі экономикалық жағдай – тұрақты, динамика – оң. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4,0%-ке артты. Экономиканың барлық секторында өнім шығаруда өсім бар. Ең жоғары өсім ауыл шаруашылығында, құрылыс пен көлік саласында байқалып отыр. Инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,3% болды. Бұл 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе төмен. Алайда, бұл көрсеткіш Ұлттық Банктің 5%-тік таргетінен әлі де алыс», — дейді ол.

  • «Медеуде» сырғанау маусымы ашылады

    «Медеуде» сырғанау маусымы ашылады

    Алматыда 2 қарашада «Медеу» биік таулы мұз айдынында жаппай сырғанау маусымы ашылады. Салтанатты ашылу бағдарламасы сағат 12:00-ден 15:30-ға дейін өтеді.

    Қонақтар қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысқан концертті көреді. Ал 17:00-ден 20:00-ге дейін диджейдің музыкалық сүйемелдеуімен байқаулар мен жүлделер ойнатылатын кешкі сеанс өтеді. 1 қарашада мұз айдыны техникалық режимде ашық болады.

    Жаңа маусымда мерекелік іс-шаралар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін конькиді жалға беру мен жылдам тамақтану орындары ұйымдастырылады.

    Спорттық нысандар дирекциясы кезектің алдын алу үшін билеттерді алдын ала www.medeu.kz ресми сайты арқылы сатып алуға кеңес береді.

    Ашылу күні №12 автобус бағыты күшейтілген режимде жұмыс істейді. Автобус кестесі: жұмыс күндері – сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін, демалыс күндері – сағат 8:00-ден 01:00-ге дейін.

  • Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

    Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

    «Қыз зорлады» деп айыпталған боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Әуезов аудандық полиция басқармасы боксшыға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық істі тергеді.

    «Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізіліп, қорытындысы бойынша зорлау дерегі расталмады. 2024 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келісті», – деп хабарлады ведомстводан.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің басқа деректері жария етуге жатпайды.

    Еске салайық, осы жылдың тамызында қазақстандық боксшыға қыз зорлады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған болатын.

     33 жастағы Жаңқош Тұраров – кәсіби боксшы. 2023 жылдың 21 наурызынан бастап жартылай орта салмақтағы IBO бокстан әлем чемпионы.

  • Алматы облысында көлік ағашқа соғылып, бір адам мерт болды

    Алматы облысында көлік ағашқа соғылып, бір адам мерт болды

    Алматы облыстық Полиция департаментінің дерегінше, жол апаты 28 қазан күні Еңбекшіқазақ ауданы Ақтоғай ауылының маңындағы Алматы – Көкпек – Көктал автожолының 51-ші шақырымында болған.

    «Lada Largus» жүргізушісі рөлді басқара алмай, ағашқа соғылды. Жол апаты салдарынан 40 жастағы жолаушы әйел сол жерде көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді»,- деп хабарлады полициядан.

    Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қауіпсіздігі талаптарын бұзбауға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

     

  • Қазгидромет: тұман түсіп, көктайғақ болады

    Қазгидромет: тұман түсіп, көктайғақ болады

    Бүгін Астанада түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болады. Жетісу облысының шығысында, таулы аудандарында тұман түседі.

    Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, күндіз облыстың орталығында көктайғақ болуы мүмкін. Түнде және таңертең облыстың орталығында, батысында, оңтүстігінде тұман түседі.

    Жезқазғанда түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз көктайғақ. Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында, солтүстігінде көктайғақ болады. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Қостанайда түнде және таңертең тұман түседі.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр жауады. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, орталығында көктайғақ болады.

    Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман түседі. Шымкентте түнде және таңертең тұман түседі. Түркістанда түнде және таңертең тұман түседі.

    Күндіз Атырау облысының солтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстігінде, шығысында тұман түседі. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

    Атырауда кей уақытта тұман түседі. Түнде және таңертең Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман түсіп, көктайғақ болады.

    Өскеменде түнде және таңертең тұман түседі. Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады.

    Ақмола облысының солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Көкшетауда түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.

    Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Солтүстік Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде көктайғақ болып, тұман түседі.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында көктайғақ болады. 30-31 қазанда түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығыс желіне ауысады, облыстың таулы аудандарында жылдамдығы 15-20 м/с-ке жетеді.

    Таразда 30-31 қазанда түнде және таңертең тұман түседі.

  • Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне айтты. Кремль Путиннің Қазақстанға сапарын қараша айының соңына қарай жоспарлауы мүмкін.

    «Сапарға шынымен де дайындық қызу жүріп жатыр. Болатын күнді уақтылы хабарлаймыз», – деді Дмитрий Песков.

    Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен соңғы рет Қазанда өткен БРИКС саммитінде кездескен. Ол кездесуге Тоқаев құрышпен қапталған ресейлік Aurus Senat көлігін мініп барды.