Француз соты Павел Дуровқа қатысты тергеуге ресми түрде кірісті. Дегенмен, «Телеграмның» негізін қалаушы, 39 жастағы миллиардер 5 миллион доллар кепіл ақша төлеп, босатылды. Бірақ аптасына екі рет полицияға көрініп, ел аумағынан кетпеуі шарт. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Дуровтың кінәлі екенін немесе сотталатынын білдірмейді. Тек оны тергеуге жеткілікті негіз бар екенін ғана аңғартады. Айта кетсек, Дуров сенбі күні Париж әуежайында тұтқындалды. Ол «Телеграм» платформасында есірткі саудалау, алаяқтық сияқты түрлі қылмыстар үшін ұсталып отыр.
Рубрика: Қоғам
-

Президент тапсырмасы әдірем қалды деуге болады: тасқыннан зардап шеккендер палаткада түнеп жүр
Тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктер палатакада түнеп жатыр Себебі, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы тоқтап қалыпты. Бұл жөнінде журналист Диас Нұрақын өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
«Тағы да өшіріп тастамай тұрғанда оқып алыңыздар. Көктемгі тасқыннан баспанасыз қалған ақтөбеліктер киіз үйде қыстап шығуы мүмкін. Өйткені Ойыл ауданы, Берсиев ауылындағы тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап қалған. Баспана саламыз деп желпініп келген мердігер бар жұмысты тастап кетіп қалыпты. Төрт айдан бері тұрғын үйлердің тек төрт қабырғасы ғана қаланған. Төбесін жабу, инженерлік желілерін жүргізу, ішкі әрлеуге әлі біраз уақыт керек», — деп жазды Диас Нұрақын.
Журналист Президент тапсырмасының орындалмай қалғанына ашынады.
«Демек, барлық құрылыс жұмыстарын 1-қазанға дейін аяқтап, халықты жаңа баспанамен қамтамасыз ету керек — деген Президент тапсырмасы әдірем қалды деуге болады. Өйткені төрт ай бойы істелмеген жұмыс енді бір айда бітеді дегенге сену қиын», — делінген жазбасында.
Сондай-ақ, автор тасқын судан зардап шеккендер амалдап өмір сүріп жатқанын жазған.Сөзінше, ала жаздай масаға таланып, күннің шыжыған ыстығында палатка мен киіз үйді паналап жатыр. Ашынған журналист халықтың алдағы жағдайын тозаққа теңеді.
«Тұрғын үйлердің тоқсан пайызы қирап қалған ауылда қонақүй, жатақхана деген атымен жоқ. Сондықтан баспанасыз қалған жұрт жаз бойы масаға таланып, шыжыған ыстықта палатка мен киіз үйді паналап еді. Енді күн суытқалы қорқыныштары үдей түсті. Өйткені Ақтөбенің ыстығына шыдауға болады. Ал азынаған желмен қосылған суықта палаткада бала-шағаңмен жату нағыз тозақ!», — деп түйіндеді журналист.
-

Jumystap.kz платформасы іске қосылды
Астанада Jumystap.kz платформасы іске қосылды. Қызмет тегін. Яғни, жұмыс берушілер өз жарнамаларын тегін жариялай алады. Пайдаланушылар да платформаны тегін қолданады. Мақсат кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешу.
«Цифрлық мамандықтар бойынша тапсырыстар мен жұмыстарды іздеу географиясы ешнәрсемен шектелмейді, жоба түлектері тапсырыстарды тек Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан мен ТМД аумағында қабылдай алады. Өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының түлектері көлемді жұмыстарды бірлесіп орындау үшін топтарға біріге алады. Платформаны жұмыс берушілер де, жұмыс іздеушілер де комиссиялар мен делдалдарсыз әрі ақысыз пайдалана алады. Whatsapp мессенджері арқылы жұмыс берушілер/тапсырыс берушілер мен өтініш берушілер/тапсырыс берушілер арасында тікелей байланыс қамтамасыз етілген», — делінген Астана әкімдігінің ресми сайтындағы хабарламада.
-

Алматыда 13 адам қаза тапқан хостел ісіне қатысты тергеу аяқталды
Алматыда 13 адам қаза тапқан хостел ісіне қатысты тергеу аяқталды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, іс осы аптада сотқа жіберіледі. Қазір танысу кезеңінде. Еске салайық, былтыр 30 қарашада Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адам қаза тапқан еді. Оның 4-еуі шетел азаматы. Ғимараттан 59 адам эвакуацияланған.
-

Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі
Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі.
Бұл туралы 2027 жылға дейінгі республикалық бюджетті жоспарлау туралы құжатта жазылған. Тиісті заң жобасы 31 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды.
Қолдау тапса, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге көтеріледі. Ал ол түрлі әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу үшін қажет.
Осылайша, базалық зейнетақы 28 мыңнан 32 мыңға, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 мыңнан 62 мың теңгеге өседі. Ал ең төменгі жалақы көлемі өзгеріссіз қалады. Ол қазір 85 мың теңге.
-

Астанада әйелді автобус қағып, мерт қылды
Астанада әйелді автобус қағып, мерт қылды
Астанада автобус жүргізушісі әйелді қағып кетті. Жәбірленуші оқиға орнында мерт болды.
Алдын-ала болжам бойынша, автобус жүргізушісі Сығанақ көшесімен келе жатып, Тұран даңғылына оңға бұрылған. Ол жерде жаяу жүргіншілер өткелінде өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Қатты соққы алған адам оқиға орнында көз жұмды.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалар тағайындалды. -

Шымкент қаласы экс-әкімінің ағасын телефонмен ұрып, тістегені үшін бұрынғы әйелі 74 мың теңге айыппұл төлейді
Шымкент қаласы экс-әкімінің ағасын телефонмен ұрып, тістегені үшін бұрынғы әйелі айыппұл төлейді
Сот денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Даудың басында Шымкент қаласы экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов пен бұрынғы әйелі Дана Атешова.
«А. оны мәжбүрлеп шығару процесі барысында үй иесіне қарсылық көрсетіп, М.-ны үйге кіргізбей, жәбірленушіні қасақана ұялы телефонымен соғып, оны тістеп алған. Салдарынан М.-ге дене жарақаты келтірілген», — делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор 30 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұраған. Ал, қорғаушы тарап оқиға мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.
«Жасалған теріс қылықтың мән-жайларын және оның ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ сотталушының жеке кәсіпкер болып табылатынын, оның асырауында 3 жас баласының бар екенін және жазаның өзге түрін тағайындау оның балаларының өмірі мен тәрбиесі жағдайларына әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, сот сотталушы А.-ға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады», — деп толықтырды аталған ведомствоныың баспасөз қызметінен.
Яғни, сотталушы 73 840 теңге айыппл төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салсақ, елорда тұрғыны Дана Атешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірге үйіне келіп, балаларды бір-бірлеп үйден мәжбүрлеп шығарғанын, өзін соққыға жыққанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
Кейінірек Марат Әйтенов ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды.
Содан кейін Марат Әйтеновтың бұрынғы әйеліне сот шешімі шықты.
Айта кетейік, Марат Әйтенов — Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың туған бауыры. Мұрат Әйтенов 2020-2023 жылдары Шымкентті басқарған.
Былтыр қыркүйекте Президент Жарлығымен қызметінен босатылды. -

Оқушылар онлайн оқиды деген ақпарат жалған
WhatsApp және кей ақпарат көздерінде оқушылардың онлайн оқитындығына қатысты жалған ақпарат тарауда. Бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті растады. Яғни, хабарламада 15 қыркүйектен бастап оқушылардың онлайн форматта оқитындығы жазылған. Сондай-ақ, WhatsApp желісі арқылы тараған аудио хабарламада белгісіз вирустың тарап жатқандығы айтылған. Мамандардың айтуынша, қыркүйектің 15-нен бастап тұмауға қарсы екпе егу жоспарланып отыр. Бұл – бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жыл сайынғы қаулысына сай жүзеге асырылатын шара. Бетперде тағу режимі тек медициналық қызметкерлерге қатысты енгізіледі. Сондықтан, сала мамандары нақты дерек көздеріне сенуге шақырады. Ол үшін жауапты мекемелердің әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Бұл жерде нақты, ресми ақпараттар жарияланып тұрады.
-

«AMANAT» партиясының жетекшісі 7 жасар баланы зорлаған
Жетісу облысында AMANAT партиясының жетекшісінің бірі педофилге күдікті ретінде ұсталды.
Ақсу ауданының ПБ мәліметінше, 7 жасар баланы зорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазір шенеунік қамауда отыр, қажетті сараптамалар тағайындалды.
-

«Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»: Еркін Тәтішев Президентке үндеу жолдады
Қазақстандық кәсіпкер Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде түрмеден босатылу мүмкіндігіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол бауыры Ержан Тәтішевті өлтіру үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекеті жайлы айтып, Мемлекет басшысына «Әділетті Қазақстанды» құру жолында көмектесуге дайын екенін жеткізді.
«Қанды оқиға 2004 жылы желтоқсанда орын алды. Менің бауырым «Казкоммерцбанк», «Банк Тұран әлемнің» негізін қалаушы, бизнестің түрлі салаларын дамытуға үлес қосқан кәсіпкер еді. Қылмыс Мұратхан Тоқмәдидің қолымен жасалса да, артында тұрғандар көп еді. Тапсырыс беруші – Мұхтар Әблязов, олардың құйтырқы әрекетін жасырушы – ҰҚК-нің сол кездегі басшысы генерал Дүтбаев. Олардың көздегені «Банк Тұран әлемге» иелік ету болатын. Мақсаттарына жетіп, банктің миллиард доллары қолды болды, қазақстандық банк жүйесі түбегейлі жойылды», — деді Еркін Тәтішев үндеуде.
Кәсіпкер 14 жыл бойы әділеттілік үшін күрескендерін де алға тартты.
«Біз отбасымызбен 14 жыл бойы әділет үшін күрестік. Бұл жолда бізге АҚШ-тың Луи Фри бастаған Федералды тергеу бюросы көмектесті. Олар қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі зерттеді, қазақстандық органдар да топтың іс-әрекетін тексеріп, бірқатар шешімдерге тоқталды. 2017 жылы ҰҚК мен басқа органдардың 10-нан астам маманы, генерал Дүтбаев сотталып, 3 жылдан соң ҰҚК-нің экс-басшысы мерзімінен бұрын босап шықты. Мұхтар Әблязовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бірақ, ол әлі қашып жүр. Оған АҚШ пен Еуропа соттары да үкім кескен», — деді кәсіпкер.
Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдиге кесілген үкіммен келіспейтінін де атап өтті. Сөзінше, қылмыскерге 10,5 жыл беру тым аздық етеді.
«Құрметті Президент мырза! Менің бауырымды өлтіріп кеткеннен кейін елде коррупция белең алды. Жұрт бәсекелестерінен оңай құтылудың жолын тапты, банк жүйесі құлдырады. Қазақстан экономикасы бұдан да жақсы болуы мүмкін болғанын сіз басқалардан гөрі жақсы білесіз. Сіз Конституция мен заңның кепілісіз. Сондықтан аталған істі өзіңіз зерттеп шығуыңызды, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Біз сізге «Әділетті Қазақстанды» құруға көмектесеміз. Себебі, өзіміз бірнеше жылдан бері сол жамандықтың құрбаны болып келеміз», — деп түйіндеді Еркін Тәтішев.
Сондай-ақ ол қазақстандықтарды кез келген қылмысқа көз жұма қарамауға, күресуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, банкирді өлтірген Мұратхан Тоқмәди шартты түрде босауы мүмкін екені жайлы ақпарат 26 шілдеде тараған болатын. Бұл мәселе Ержан Тәтішевтің туысқандарының шағымынан соң кейінге қалдырылды. Іс Алматы облыстық сотының аппеляциялық алқасында қайта қаралуда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
