Рубрика: Қоғам

  • Экстремистік әрекеттері үшін күдікті 5 адам ұсталды

    Экстремистік әрекеттері үшін күдікті 5 адам ұсталды

    Күдіктілердің бірі бұған дейін шет мемлекеттің аумағында соғыс әрекеттеріне қатысып, ол үшін Қазақстанда сотталған болатын. Бұл туралы ҚР ҰҚК мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Астана, Шымкент қалаларында, Атырау, Жамбыл облыстарында ҰҚК прокуратураның үйлестіруімен және полиция көмегімен діни радикалдардың әрекеттерінің жолын кесу бойынша іс-шара өткізді.

    «Жедел қызметкерлер террористік әрекеттерге қатысуға, терроризмді насихаттауға, экстремистік әрекеттерді ұйымдастыруға және осы мақсатта адамдарды тартуға күдікті ретінде Қазақстанның 4 азаматын мен 1 шетелдікті ұстады және қамауға алды», — делінген хабарламада.

    ҰҚК ақпаратынша, олардың тұрғылықты жерлерінен көптеген діни-экстремистік әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер алынды.

    «Айта кету керек, күдіктілердің бірі бұған дейін шет мемлекеттің аумағында соғыс әрекеттеріне қатысып, ол үшін Қазақстанда сотталған болатын. Тағы екеуіне қатысты «ауыр» есірткіні үнемі қолданғаны туралы ақпарат тексерілуде», — деп жазды ведомство.

    Қылмыстық кодекстің 256, 257, 259 және 405-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

  • Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биыл жазда 70 адам суға кетті – ТЖМ

    Биылғы шомылу маусымы басталғалы балалардың суға кету фактісі жиілеген. Мұны ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтты. 

    Сөзінше, биыл жаз басталғалы 70 адам суға кеткен. Оның ішінде 30 бала бар. Өткен жылы 83 адам суға батып кеткен. Бала өлімі бойынша көрсеткіш былтырғыдан асып түсті.

    «Дегенмен жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 3 пайызға, 2022 жылы 42 пайызға, 2023 жылы 4 пайызға, биыл 15 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр (2 240 ересек, 701 бала)», — дейді ол.