Рубрика: Саясат

  • «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?»: референдум сауалы бекітілді

    «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?»: референдум сауалы бекітілді

    АЭС салу бойынша референдумның датасы мен сауалы бекітілді

    Республикалық референдумды ұйымдастыру және оны өткізу Үкімет пен Орталық сайлау комиссиясына жүктелді.

    «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ референдум сауалы болып бекітілді.

    Жалпыұлттық референдум қазанның алғашқы жексенбісінде, яғни 6 қазан күні өтеді.

  • Т. Дүйсенова:  Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарына талап қойылады

    Т. Дүйсенова: Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарына талап қойылады

    Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысына қойылатын бірыңғай талаптар жыл соңына дейін қабылданады. Бұл жөнінде  Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім еттті.

    Вице-премьердің ақпараты бойынша, шетелдік жоғары оқу орындарымен жұмыс инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға бағытталатын болады. Ол үшін жыл соңына дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын, оқыту технологияларын трансферттеу және оларда оқитын студенттердің білім деңгейін, құзыреттері мен дағдыларын бағалау бөлігінде олардың жұмысына Бірыңғай талаптар қабылдауға ниетті.

    Сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының жұмысын қайта қарау жоспарлануда. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2025 жылғы 1 сәуірге дейін білім беру сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады. Негізгі критерийлер ретінде ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері қолданылатын болады. Талдау қорытындысы бойынша ЖОО-лар жоғары, орта және мақсатты лигаларға бөлінеді.

    Айта кетейік, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, ел экономикасын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі зерделенді. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

     

     

  • Субсидиядан арзан несиеге көшу 2028 жылдың соңына дейін жүргізіледі

    Субсидиядан арзан несиеге көшу 2028 жылдың соңына дейін жүргізіледі

    Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Ол үшін нақты іс-шаралар мен мерзімдері бар Жол картасы бекітілді.

    «Жалпы алғанда, тауарлық-спецификалық субсидиялардан (ет, сүт, жабық топырақтағы көкөністерге арналған субсидиялар) жеңілдікті несие беруге толық көшу “Экономиканы ырықтандыру туралы» Жарлықта қарастырылған және 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
  • МИНИСТР: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ 2025 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕСІНЕ  ДЕЙІН ҚАБЫЛДАНАДЫ

    МИНИСТР: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ 2025 ЖЫЛДЫҢ ШІЛДЕСІНЕ ДЕЙІН ҚАБЫЛДАНАДЫ

    Жаңа Салық кодексін 2025 жылдың шілдесіне  дейін қабылданады. Ал 2026 жылдың  1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Бүгін  Үкіметтің отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Байбазаров жаңа салық кодексіне қатысты ұсынысты мәлім етті.

    «Жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылады. Бұл белсенді бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді»,- деді Нұрлан Байбазаров.

    Мемлекет басшысының фискалдық саясат жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша мынадай мәселелер пысықталатын болады:

    —        жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу;

    —        банк секторы акционерлерінің дивидендтеріне әділ қосымша салық салу;

    —        салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру;

    —        кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыру;

    —        салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру, оның жазалау тәсілінен бас тарту;

    —        цифрлық теңгені пайдалана отырып, қосымша құн салығын әкімшілендіру тетігін енгізу.

    «Сонымен қатар, жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталады. Шамамен 5,0 млн теңге мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу көзделген», — деді Премьер-Министрінің орынбасары –Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Байбазаров.

    Естеріңізге сала кетейік, Президент 2 қыркүйекте жолдаған жолдауында жаңа салық кодексіне қатысты бірқатар мәселені көтерген болатын. Салыққа берешегі бар борышкерлердің шотын толықтай бұғаттауға болмайтынын ескерткен еді.

  • 1984 жылғы Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды

    1984 жылғы Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды», -делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.  

    Ербол Мырзабосынов 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

    Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.

    Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институты Дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушысы болып бастады.

    2009-2014 жж. – Семей қаласының мемлекеттік педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы; меңгерушісі.

    2006-2018 жж. – «Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорттағы жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ жаттықтырушы-оқытушысы.

    2018-2020 жж. «Қызылжар Арландары» спорт клубының директоры болып жұмыс істеді.

    2020-2021 жж. – «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры.

    2021 жылғы наурыз айынан бастап  2023 жылдың ақпан айына  дейін Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болды.

    2023 жылы 27 ақпанында ҚР мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Cпорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 

     

  • ҚАЗҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

    ҚАЗҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

    Журналист-педагог Қанат Әуесбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО баспасөз қызметі мәлім етті. 

    Қанат Әуесбайұлы 1982 жылы 14 қаңтарда қазіргі Тараз қаласында туған.

    2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған.

    БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар: «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сияқты республикалық арналарда тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші, шеф-редактор, Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, Elorda Aqparat медиа-холдингінің директор орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астанадағы филиалының төрағасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры болып қызмет етті.

    2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich). 

    Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. «Turan-Astana» университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алды.

    Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

    Ұлыбританияда басылып шыққан қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы.

  • Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласында оңды-солды жазалаудан бас тартуға шақырды.

    «Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселе екенін жеткіізді.

    «Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек»,- деп толықтырды Президент халыққа жолдауында.

    Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

    «Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек», — деді Мемлекет басшысы.

  • Жайлы мектеп: 2025 жылы  217 мектеп пайдалануға беріледі

    Жайлы мектеп: 2025 жылы 217 мектеп пайдалануға беріледі

    «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл жоспар 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыуы тиіс. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауынада айтты.

    «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек екенін жеткізді.

    «Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады», — деп толықтырды Мемлекет басшысы.

  • ПРЕЗИДЕНТ: бұрынғы жүйеден, саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды

    ПРЕЗИДЕНТ: бұрынғы жүйеден, саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды

    «Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін»,- деді Президент Қасым-ЖомартТоқаев халыққа жолдауында.

    Мемлекет басшысы заң барлығына ортақ екенін еске салды.

    «Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті», -деді Мемлекет басшысы.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев: әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс

    Қасым-Жомарт Тоқаев: әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс

    Қасым-Жомарт Тоқаев  әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс екенін қадап айтты. Яғни, әр ата-ана баласын отан алдындағы міндетін атқаруға кеткенде алаңсыз отыруы керек деді.

    «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет»,- деді Президент.

    Мемлекет басшысы әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсыратын жеткізді.

    «Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.